Мақалалар

Жаман әдеттен қалай арылуға болады?

Аса Мейірімді, Ерекше Қамқор Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтаулар мен мадақ бір Аллаға ғана тән! Адамзаттың ардақтысы – Алла Елшісіне (с.ғ.с) сансыз салауаттар болсын!

         Адамзат баласы Алла Тағала жаратқан ең саналы жаратылыс иесі. Асылында, адам өмірге келген уақытта барлық күнә атаулыдан пәк, адал болып дүние есігін ашады екен. Кәдімгі көліктің жолы секілді, адамның болашақта ақты иә қараны таңдау еркі өзіне беріледі. Ендеше, әркез Алланың назарында болу үшін, мұсылман баласы не істеуі керек? Осы сұраққа жауап іздеу жолында мына бір мысалды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

         Бірде ақылы жұрттан асқан Платон көшеде жүріп бұзақылық жасап тұрған бір баланы ұстап алып ұрсыпты. «Мені болар-болмас нәрсе үшін сонша жазғырғаныңыз қалай?» – деп томсырайған баланың иығына қолын қойып тұрып данышпан: «Жаман дағдыға ешқашан елеусіз қарауға болмайды», – деп ескерткен екен.

Атағы күллі әлемге мәшһүр болған Платон ерекше ескерту жасаған жаман әдет қайдан шығады? Айталық, сырт көзге ұнамсыз, моральдық этика нормаларына сай келмейтін, адамның жеке басына кері әсерін тигізетін, жиі қайталанатын, соңы көп жағдайда зор өкінішке ұласатын аса жағымсыз қылықтар адам бойынан қалай дамиды? Темекі, араққа құштарлық, есірткіге тәуелділік, жезөкшелік, кісі өлтіру сияқты жаман дүниелер қайдан шығып жатыр?

         Психолог мамандардың сараптамасы, күнделікті тәжірибе — жаман әдеттің қоршаған әлеуметтік ортадан, дос-жарандардан, бейәдеп бейнефильмдерден бойға сіңетінін көрсетіп отыр. Сахих хадистердің бірінде «Әр сәби өмірге күнәдан таза болмыспен келеді» деген жолдар бар. Яғни, адамның сәби шақтағы пәк болмысы есейе бастаған шағында жақсы-жаман орталарға тап болуына байланысты өзгереді екен. Әсіресе, жасөспірімдік әрі жастық шақта еліктеушілік қасиеті басым тұрады. Бұл уақытта «Бір рет сынап көргенде тұрған не бар?», «Мен одан қалаған уақытымда бас тарта алам» деген жеңсік ой көп адамның алдануына әкеліп соғады. Шын мәнінде «Бір еткеніңді екі етерсің. Екі еткеніңді үш етерсің. Үш еткеніңді әдет етпей не етерсің?!» дегендей, екі-үш рет қайталанған істің әдетке айналғанын адам сезбей қалады.

Осы жерде мына бір ғибратты әңгіменің мазмұны адамға ой саларлық. Бірде жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты суыршы», – депті. Ол қиналмай-ақ суырып алыпты. Енді одан жуанын суыруын тапсырыпты. Ол досын көмекке шақырыпты. Ал одан да жуан ағашты көрсеткен екен, көп адам жиналып ырғаса да, оны орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? – депті, – жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Кейіннен достарыңды көмекке шақырасың. Ал, нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен.

Алысқа бармай ақ, намазды жаңадан бастап жүрген бауырларымыз кездестіріп жүрген мына мәселеге назар аударайық. Кейде намаз оқу үстінде жағымсыз ойлар бізге кедергі келтіруі мүмкін. Сондай сәттерде не істеуге болады?

   Бұл сұраққа дін өкілдері былай деп  жауап береді: «Намаз оқып жатқан кезде жаман ойлар келсе, «Ағузу биллаhи минаш-шайтанир-ражим»-ді айтып, сол иығыңыздан үш рет түкіріп, намазыңызды жалғастырыңыз».

      Бір күні Абу Ас: «Уа, Алла Елшісі! Шайтан маған намаз бен Құран оқыған сәтімде кедергі келтіреді, мені ылғи шатастырады» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол Хинзаб атты шайтан. Оның жаныңда екенін сезінсең, Алладан одан өзіңді қорғауын сұра да, сол иығыңа үш рет түкір» депті.

  Психолог ғалымдар болса, жаман ойлардан арылу үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға кеңес береді. Үнемі жағымсыз ойларда жүру —   жүйке жүйесінің  ауытқуына әкеп соғып, түрлі психикалық ауруларға жол ашатынын айтады.

   Байқап отырсақ, жақсылық көрсеңіз де, жамандық көрсеңіз де гәп өзіңізде. Ең бастысы мұсылман баласы жиі дұға етіп, намаздағы ықыласын арттырса, жаман әдеттерін күнделікті жақсы әдеттерге алмастырып, отбасына, ата-анаға құрмет, кішіге ізет көрсету жолында нақты амалдар атқарса, ізгілік нұры жүрекке келеді.

Қорыта келе айтарымыз, мынау. Қасиетті Құран — Кәрімде «Адам баласы осал жаратылды»[1], – делінген. Ендеше, осы сөзді өзіне ескерту ретінде қабылдаған әр адам өзінің осал тұстарын жақсы біліп, кемшілігін толықтыру жолында амал еткені абзал.

Қазақ поэзиясының майталманы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев

Сүрініп кетпе!

Сүрініп кетсең болғаны,

Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.

Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы.

Аңдамай басып,

Сүрініп кетсе болғаны, – деп жырлағанындай, өмірде сүрініп кетудің аяқ асты екенін үнемі қаперде ұстағанымыз абзал. Әр мұсылман күнделікті иманын күшейту жолында амал етіп, құдіреті шексіз Алладан медет, жәрдем тілеп жүруі қажет.

         Асылында, ислам құлшылықпен ғана шектелмейді. Ислам өз алдына үлкен ғылым, өркениет әлемі. Демек, әр мұсылман баласы өзінің уақытын білім алу жолында сарп еткені дұрысырақ болары хақ. Өзіне сын көзбен қарауды күшейтіп, рухани ілімді молайтып, шайтанның азғыруына жол бермеудің амалдарын жасау да маңызды. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» (Абай) демекші, адам еш әрекетсіз бос отырудан аулақ болуы керек.  

 «Қателескендердің ең жақсысы – дереу тәубе еткендер»[2], «Мінез-құлықтарыңызды түзеңіздер»[3] деген хадистерді басшылыққа алу, салиқалы ғұмыр кешу жолында қиғаш тартқан қиялдардың жетегінде кетпеуіңізге септігін тигізеді.

Дереккөз:

[1] «Ниса» сүресі, 28-аят.

[2] Тирмизи, Сыфатүл-қиямет, 49.

[3] Ғазали, Ихияу-улумуддин, 4/74.

Мұрат Мұстафаев

«Иманғали» орталық мешітінің

наиб имамы

0

Автор публикации

не в сети 1 неделя

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 1015Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля