Діннің басты мұраты – адамзатты бейбітшілікке үндеу

Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру иелігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ислам тәлімінде қызғыштай қорғалатын бес құндылық бар. Олар – дін, адам өмірі, ой-сана, ұрпақ және адам меншігі. Құран мен сүннетте бұл бес ұғым ардақталады және қастерлі саналады. Ешкімнің ешбір жағдайда бұл құндылықтарға қол сұғуына шариғат рұқсат етпейді. Әрине, оның белгілі талаптары мен шарттары да бар. Исламның аталған заңдары заманауи ақпаратта бұрмаланған кейіпте ұсынылуда. Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам», яғни бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады. Ол Алла Тағаланың «Сәлам» деген көркем есімімен сабақтас. Араб тілінен аударғанда «Ислам» сөзі бойсұну, бағыну, мойындау мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы – толық мойынсыну, Аллаға тек оған ғана ғибадат етіп бағыну, бұйрықтарын орындау арқылы бойсұну және көпқұдайшылықтан арылу. Алла тағала Құран кәрімде: «Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол патша; өте пәк, есендік беруші», – делінген. Бүгінгі қоғам санасындағы ислам бейбітшілік ұғымымен еш қабыспайды. Керісінше, кейбіреулер оны адам өмірін шыбын жанындай да қадірлемейтін құбыжық бейнеде көрсетуге тырысып бағуда. Исламды өркениет қалыптастырушы емес жабайылық салтын ұстанатын дін деп түсінуде. Мәселеге бейтарап сыни көзбен және тарихи дерек негізінде қарау қажет. Дінаралық татулық, адам бостандығы мен құқығы мәселесінде ислам дінінің ұстанымын тарих беттерінен қарасақ. ХV ғасырдың екінші жартысы Батыс Рим империясы құлаған шақ. ІІ Мехмет сұлтан Константинополь қаласын азат етті. Сұлтан христиан халқын қудалауға тыйым салды, толықтай қорғау кепілін берді. Грек шіркеуі сұлтан қанатының астына алынды. Шіркеудің жаңа жетекшісіне және шіркеу құзырындағы адамдарға бұрынғы құқықтары сақталатындығын куәландыратын құжат табысталды. Патриарх Геннадий сұлтан Мехмет ІІ қолынан шіркеу жетекшісінің нышаны болған епис­коп асатаяғын алды. Басқыншы деп ойлаған жаңа биліктің жүйесі әділдікке құрылғанына көз жеткізген жергілікті грек халқы Осман әскерін құшақ жая қарсы алды. Мұсылмандарды әуелгі залым императорлық жүйеден құтқарушы деп білді. Өйткені бұрынғы билік халықты жоқшылық күйге түсіріп, құлдық өмірге кіріптар еткен болатын. Византияның Осман сұлтандығы тарапынан алынғанға дейінгі жағдайы жайлы С. Сказкин басшылығымен жарық көрген 2 томдық Орта ғасырлар тарихы кітабында «Заң үстемдік құрмаған кез келген мемлекет жүгенсіз ат іспетті. Император Константин өзі және қарамағындағы шонжарлардың халықты езгіге салуына көз жұмып қарады. Империя сотында әділдік жетімнің күнін кешті. Сот жүйесіндегі қызметкерлер бейкүнә жандардың көз жасы мен қаны арқылы байлық жинаумен әлек болды». Міне, мұның барлығы халықты биліктен де, шіркеуден де жиіркенуге алып келді. Әрине ислам құндылықтарының бұрмалануына «бауырларымыз» да өз үлесін қосуда. Намаз оқымағанды шетінен кәпірге шығарып, ең сорақысы ата-анасын адам құрлы көрмейтіндер жаға ұстатқан кездер болды. Кезінде осындай асыра сілтеушінің бірі М. Ғазалиден: «Намаз оқымайтынның үкімі қандай?» деп сұрағанда ғұлама: «Оны қолынан жетектеп мешітке алып бар», – деп біреудің иманына қатысты үкім шығаруға емес, оған бауырмашылдық көрсетуге асығу керектігін ұқтырған-ды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі тағайындалды 04.04.2023 Құран оқудың сауабы 04.04.2023 Мұхаммед Мутауалли Шағрауиға қатысты да осыған ұқсас оқиға орын алған. Ол тәпсір ғылымында өзіндік орны бар ғұлама. Құранның нәзік сырларын ғалым мамандармен қатар қарапайым мұсылман да емін-еркін түсінетіндей ерекше тәсілмен жеткізетін. Ғұлама мынадай бір естелігімен бөліскен. Бір әсіредіншіл жігіт сұрақпен келеді. Бірақ ол алған жауаптарына қанағаттанбайды. Өйткені ол жауап іздеп келген адам емес, өзінің ой-пікірін қуаттап қолдайтын жанды іздеп келген еді. Жігіт барлығын қырып-жоюға даяр. Тек өзінің айтқаны ғана дұрыс деген ойда. Ғалым: – Жарайды, сенің ойыңша мұсылман елдерінің бірінде түнгі клубты жарып жіберу дұрыс па, әлде қылмыс па? – Иә, жарып жіберу дұрыс. Ондағы адамдарды өлтіру шариғат бойынша рұқсат. – Иә, онда олардың барар жері не? – Тозақ екені мәлім. – Шайтан адамдарды қайда жетелейді, қайда алып кеткісі келеді? – Әрине, тозаққа. – Олай болса, сенің жақтастарың мен шайтанның мақсаты бір. Шайтан да, сен де адамдарды тозаққа кіргізуге асығудасыңдар. Мен саған мынаны айтайын. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) бір яһуди кісінің жаназасын көрген кезде орнынан тұрады. Жанындағылар: «Уа, Алланың Елшісі! Неге орныңыздан тұрдыңыз? Ол мұсылман емес қой» дегендей сыңай танытты. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Ол да адам баласы емес пе?» – деген мағынадағы бір ауыз сөз айтыпты. Пайғамбарымыз бен сендердің араларыңдағы айырмашылықты көрдің бе? Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) әрбір адамның тура жолға түсуі үшін қаншалықты әрекет еткен», – деп жауап берген екен ғалым. Мысырдың ғана емес, Ислам әлемінің ғалымы. Мысырда ғалымдар көп, бірақ Шағрауи біреу. Расында, әулиелердің адамды емес, оның жат мінезін жек көр деген ұлағатты сөзі бар. Осы ұстанымда болсақ, Пайғамбар (с.а.с.) үйреткен жолда болар едік. Мажар мен Осман арасында шайқас болады. Арадағы мәселені бейбіт жолмен шешу үшін католик шіркеуінен епископтың бас кеңесшісі келеді. Кеңесші Мажар қолбасшысынан ойын сұрағанда: «Жеңсем, Рим католик сенімін міндеттеймін» десе, Осман Сұлтаны «Әрбір мешіттің жанынан шіркеу саламын. Әрбір азаматтың қай ғибадатханада құлшылық етуін өз еркіне тапсырамын», дейді. Себебі дін күшпен енгізетін жүйе емес. Дін – санамен, жүрекпен келетін әр адамның шешімі. Несториан патриархы парсы шіркеуінің жетекшілеріне жазған хатында: «Құдай жер бетінің билік тізгінін берген араб халқы сендердің тыныс-тіршіліктеріңнен хабардар. Сендер де күнделікті оларды біліп, танып жүрсіңдер. Олар біздің христиан сенімімізге қарсы күресіп жатқан жоқ. Керісінше, біздің дінімізге құрмет көрсетіп, діндарларымызға лайықты мәміле жасауда. Шіркеулеріміз бен ғибадатханаларымызға қол тигізбеуде», – деген. Ағылшын шығыстанушысы әрі Ислам мәдениетін зерттеуші Томас Уолкер Арнолд жоғарыдағы хат жайлы өзінің ойын: «Бұл хаттың мазмұны жаңа діннің таралуындағы бейбіт және тыныштық табиғатын ашықтан ашық көрсетуде», – деп білдірген. Лаура Веччиа Вальери итальян шығыстанушысы еді. Ислам әлемін зерттеуші алғашқы итальян мамандары легіне жатады. Ол Неаполь университетінің профессоры. Араб және Ислам әлемі тарихы тақырыбында еңбектер жазды. Ислам дінінің таралуы жайлы «Ислам апологиясы» еңбегінде «Бұл дінде қандай жасырын қуат көзі бар? Оның ішіндегі иландыру күші қайдан бастау алады? Адам жанының түкпіріне қалайша еніп, өзіне еліктіре жетелеп кетеді?» – деп таңырқады. Әсілі, тарих барлығын өз орнына қоятыны мәлім. Тарих әр құбылыс пен тұлғаларға әділ бағасын береді. Ислам ешбір дәуірде адамзат қоғамын құлдыратпады. Керісінше, әр уақытта дамуға жетеледі. Сенім бостандығы мәселесінде де таңдау еркін адамға қалдырды. Ал кез келген тұжырым мен пікірталас диалог түрінде жүргізілді. Д. АМАНОВ, Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы, Раушан Нарбек

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Діннің басты мұраты – адамзатты бейбітшілікке үндеу | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

0
Комментарии: 0Публикации: 874Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля