Мақалалар

Елімізде теологиялық білім алудың артықшылықтары

Қоғамның қай саласында болмасын, сұраныс ұсынысты тудырады. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары халықтың дінге деген сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыратын оқу орындарының болмауы салдарынан көптеген жастарымыз діни ілім аламын деп шетел асып кетті. Мұның соңы елімізде деструктивті діни ағымдардың пайда болуына әкеп соқты. Мамандар діни білімнің негізін өз елімізде қалаған тиімді екендігін дәлелдеген. Себебі мектепті енді тәмамдаған жас түлек өмірдің ақ пен қарасын ажырата алмай жатып, деструктивті ағымдардың жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін. Анығын айтқанда басқа елдің көзқарасы осындай қадамдарға баруға әсер етеді. Сондықтан діни білім міндетті түрде өз елінің мәдениетімен, дүниетанымымен, салт-дәстүрімен бірге берілуі керек. Кейін білімін әрі қарай жетілдіру, тәжірибе алмасу үшін ғана шетелге баруға болады. Маңғыстау облысы Дін істер басқармасы Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығының теолог маманы Берік Омаров қазір елімізде жастардың діни білім алуға деген сұранысын толыққанды қанағаттандыра алатын оқу орындарымыз бар екенін айтады. Атап айтқанда, «Нұр Мүбарак» университеті мен медреселер заманауи форматта жұмыс жасауда. – Шындығында, «Нұр-Мүбарак» университетінде оқитын студенттің Египеттің дәл өзінде білім алып жүрген студенттен еш айырмашылығы жоқ. Сол елде жасалған барлық жағдай өз елімізде де жасалған. Яғни, білім стандартына сай арнайы оқу ғимараты, спорт залы, жатаханасы мен кітапханасы секілді барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Қазіргі кезде мемлекет жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Соны тек дер кезінде дұрыс бағытта пайдалана білу маңызды, – дейді маман. ҚМДБ діни білім және кадр дайындау бөлімінің мамандары шетелдегі ресми теологиялық оқу орындарының артықшылықтарын да жоққа шығармағанымен,  өз еліміздегі оқу ордалары олардан еш кем түспейтінін алға тартады. – Қазақстанда теологиялық білім беретін мамандар жеткілікті.  Олардың саны да, сапасы да артып келеді. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде ұлағатты ұстаздар сабақ беруде. Профессорлық дәрежесін алған ғалымдар, сондай-ақ докторлар, магистрлер жеткілікті. Ал теология саласының жағдайына тоқталатын болсақ, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «исламтану» мамандығы бойынша 3 жыл білім беретін медреселер ашты. Қазіргі таңда мамандарымыз сұранысқа ие деп ауыз толтырып айта аламыз. Жыл сайын түлектеріміздің де саны артуда. Шетеледегі діни білім беретін ұйымдармен тәжірибе алмасамыз, яғни тығыз жұмыс жасаймыз, – дейді Діни білім және кадр дайындау бөлімінің абсшысы Смайыл Сейтбеков. ҚМДБ-ға тікелей бағыныштағы 9 медресе бағдарламалары білім стандарттарына сай жасалған. Оларды бітірушілер мемлекеттік үлгідегі «исламтанушы» деген диплом алып шығады. Яғни мешіт, медреселерде қызмет жасауға мүмкіндігі болады.

Белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышханның айтуынша, мектеп бітірген түлек діни білімін шетелде ашқан болса, ол сол жердің мәдениетін, дүниетанымын, көзқарасын өзіңе сіңіріп келеді. Ал қазақ қоғамында қалыптасқан ата дініміздің ерекшеліктерін біле бермейді. – Яғни «төзімділік», «құдайтаным» мәселесінде салқынқандылық деген нәрсе бар. «Ширк», «бидғат», «куфр» сияқты терминдермен қаруланып келеді. Содан кейін елге оралған кезде көптеген қайшылықтарға және жергілікті теологтармен арада келіспеушіліктерге тап болуы мүмкін. Радикализм мен экстремизмнің қаупіне ұрынады. Сондықтан теологиялық білімді елде алу өте маңызды. Шетелде білім беретін теология факультетінде радикалдық бағыттағы адаммен арнайы жұмыс жасау оқытылмайды, Ол жерде тек ғылым ретінде ақпарат, мәлімет беріледі, ал оны сіз мына жақта әртүрлі саяси бағыттағы жұмыста қолдана алмайсыз. Себебі салыстырмалы теология жоқ. Әһли-хадис пен әһли-рай хадистердің аражігін білмеу, содан кейін сахабилік-уахабилік идеологияның қазіргі матуридтік-ашғарилік идеологиямен байланысын, айырмашылығын ажырату қиындыққа соқтырады, – деді дінтанушы. Осы ретте ескеретін маңызды мәселе бар. Дін саласында қызмет ету – табыс табатын жол емес. Ол – халықтың діни сауатын ашуға үлес қосамын, ұстаз боламын деген қызығушылықпен, ақ ниетпен, ынтамен, ықыласпен келетіндер үшін. Діни оқуды аяқтағаннан кейін мешіт, медреселерден басқа дін басқармаларында, тіл үйрету орталықтарында, қажылық тур фирмаларында қызмет істеуге болады. Жылдан-жылға дін саласында жұмыс жасайтын азаматтарға көп көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан діни білім алған азаматтар кейін далада қалмайды және өз елінің болашағы үшін еңбек ететін болады. Дін мәселесі әрқашан өзекті болып қала береді. Ұлттың ұлт болып сақталуы үшін оның діні мықты болуы керек. Өзінің ұлтын сақтау арқылы оның тілі мен тарихы сақталады. Қазақ халқының ата-бабаларымыздан қаншама жылдар бойы ұстанып келе жатқан ислам діні, соның ішінде ханафи мәзһабымен жүру, оны өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізу алдымызда тұрған міндет. Дін мамандары, дін саласындағы қызметкерлер бұл іске әрдайымүлкен жауапкершілікпен қараулары керек. Қазіргі күні біздің жұртшылық шетелде діни білім алудың қаупін түсініп келеді. Оған жуырда Kazislam.kz порталының әлеуметтік желілерде жүргізген сауалнамасы да дәлел бола алады. ВК әлеуметтік желісінде оқырмандарға «Діни білімді шетелде алған дұрыс деп ойлайсыз ба?» деген сауалға 100-ге жуыөқ адам жауап беріп, олардың 42,4 пайызы «Өз елімізде алу керек» деген нұсқаны таңдаған. 34,2 пайызы «Алғашқы діни сауатты елімізде ашып, кейін шетелге барса болады» деген жауапты таңдады. Яғни басым көпшілігі діни білімді елімізде алуды қолдап отыр. Еске салсақ, қазіргі таңда елімізде діни білім аламын деген жастар  үшін 6 негізгі жоғары оқу орны бар. Олар: «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. Олар «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтары бойынша оқытады. Одан өзге «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі,  «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледждері жұмыс істейді. Азат ТАСБОЛАТ, Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы» директоры

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Елімізде теологиялық білім алудың артықшылықтары | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 7 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля