Еліміздегі діни сауат ашу курстарының маңыздылығы
Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. «Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері біз асыл дінімізді тереңірек танып білуге мүмкіндік алдық.
Тарихқа көз жүгіртсек, байырғы замандардан-ақ қазақтың небір ғұламалары әуелі сауатын медреселерде ашқан. Ұлы Абайдың да медреседен тәлім алғаны белгілі. Міне, осындай діни оқу ордасының берген білімінің тиянақтылығы, құнарлылығы арқасында ол адамдар қазақтың ірі-ірі тұлғаларына айналды.
Сол дара жолдың ізімен, қазір еліміздегі көптеген облыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған. Ислами білім берудің бастауыш деңгейі – діни сауат ашу курстары жетілдіру мақсатындағы бірқатар өзгерістерді қажет етеді. Өйткені діни сауат ашу курстары көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі түрде және кең көлемде жетілдіруге мүмкіндік беретін басты тетік болып табылады.
Жастардың діни сауаттылығын арттыру үшін маңызды қадамдар жасалуы керек. Және ислам дінін бір жақты қарамай, ілімге қаншалықты көңіл бөлумен қатар, сауатты болуға қаншалықты ынталандырады деген мәселені қарастыру да аса маңызды. Өйткені, жастардың арасында діни сауатсыздықтың салдарынан өзге ағымға кетіп жатқандары немесе исламдағы айтылған хадис мәтіндерінің мағынасын тікелей түсіну арқылы, сауатсыздыққа жол ашып жатқанын қазіргі қоғамымызда көрініс тауып отырған жағдайлар куә бола алады.
Жастардың діни сауаттылығын арттырудың негізгі мақсаты жастардың қиын сәттерде дербес, жан-жақты салмақталған шешім қабылдауына қажетті сыни тұрғыда ойлау машығын қалыптастыру болуы тиіс. Осы білімдерді қолдана отырып, әлемдік дәстүрлі діндер мен радикалды діни ұйымдарды ажырата алады. Алға қойылған мақсат жастар мен жасөспірімдердің діни сауаттылығын дамытуға: арбау әрекеттеріне қарсы тұру мен залалсыздандырудың жеке мінез-құлықтық алгоритмін қалыптастыруға, адамгершілік және этикалық құндылықтары бар, отаншылдық пен толеранттылықты қалыптастыратын әлемдік және дәстүрлі діндердің, деструктивті діндердің негіздерімен танысуға ықпал етеді.
Бәрімізге белгілі қазіргі келіп жатқан ислам ағымдары және басқа да дін ағымдары бар. Олардың көздеген мақсаттары өсіп, өніп келе жатқан еліміздің тыныштығын бұзу, арамызға іріткі салу. Мұндай ағымдарға қара домалақ қазақтарымыздың кіріп кетіп жатқаны да қаншама. Бұл ағымдардың жетегінде жүруіне екі негізгі себепті атап айтсақ болады.
Біріншіден, сауаттылық мәселесі. Яғни діни сауаттылықтың өте төмен болуы. Екіншіден, әлеуметтік жағдай. Материалдық жағынан дұрыс қамтылмаған кедей, мемлекеттен үмітін үзген отбасыларды материалдық жағынан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады. Әрине, елдегі барлық адамды материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ елді діни сауатты етуге болады. Қазіргі діни рәсімдер жасалатын орындарға баратын болсақ, ол жердегілердің басым көпшілігі жастар. Дінге деген жастардың қызығушылығы күннен күнге артып келе жатыр. Енді сол жастарымызға дұрыс бағыттағы діни білім және тәрбие беретін ата-аналардың діни сауатылығының жоқтығы ащы да болса өмір шындығы. Сондықтан жастарымыздың діни сауатын ашу қазіргі кездің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Мұндай білім жүйесінің мақсаты – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн.
Б.Кашкинбаев
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы