Мақалалар

Көк тудың желбірегені

4 маусым – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік туы туралы» заңы қабылданған күн.

Биыл мемлекетіміз егемендігінің нышандарының бірі – тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік туы туралы» заңының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. 1992 жылдың 04 маусымында бекітілген мемлекеттік ту – еліміздің егемендігінің символы болып табылады және жер бетінде тәуелсіз Қазақстан Республикасының бар екендігін айғақтайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы халықаралық аренада, соның ішінде еліміздің ресми делегацияларының шетелдерге, халықаралық ұйымдарға сапарларында, дүниежүзілік көрмелерде, спорт жарыстарында қазақ халқының әлемдік деңгейде ойып тұрып алар орны бар екендігін паш етеді.

Туымызда барша Қазақстан халқының ежелден келе жатқан арманы, жігері мен қайсарлығы, қонақжайлылығы бейнеленген. Мемлекеттік туымыздың мекемелер мен оқу орындарында, Қазақстан мүше болған халықаралық ұйымдар, шетелдердегі елшіліктер мен тұрақты өкілдіктер ғимаратында желбіреп тұруы, түрлі деңгейдегі мерекелер мен салтанатты шараларда, саяси, мәдени-танымдық істерде, танымал спорт жарыстарында Отанымыздың ары мен халқымыздың намысының жарқын көрінісі елімізге деген сүйіспеншілік сезімінің артуына үлкен септігін тигізеді. Мәселен, халықаралық спорт додаларында топ жарған спортшыларымыздың құрметіне еліміздің туы биікке көтерілген сәтте әрбіріміз шексіз толқып, ешкімнен кем емес екенімізді сезінеміз.

Мемлекет рәміздері әрдайым ұлық саналады. Себебі, ол халықтың даңқы, өткені, бүгіні мен келешегін өзінде бейнелеген. Бейбітшілік пен тыныштығымыздың, еркін және ашық өміріміздің, жарқын болашаққа деген нық сеніміміздің көрінісі болып табылады.                                                                   Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Туымыздың көк түсті болуы ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкі болуы еліміздің тұтастығын меңзейді. Бейнеленген күн еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін, жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін барша әлем халқына ашық екендігін айғақтайды. Қыран (бүркіт) бейнесі – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Ал тудың сабын жағалай салынған өрнектер – Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.

Шынында, рәміздердің өмірімізде алар орны ерекше. Қаншама хас батыр бабаларымыз жау қолынан қаза тапса да, байрағымыздың жерге жығылмауы үшін ақтық демі қалғанша күрескен. Еліміздің туын  көзге сүрту, оның қадіріне жетіп сүю – Отанға деген махаббаттың, ол үшін жанын пида етуге дайын екендігінің бір айғағы.                                                                Қорыта келе, әрбір азамат мемлекеттік рәміздердің киелілігін жадта ұстап, ел мүддесі бәрінен де жоғары тұратынын естен шығармауы қажет. Туымыздың биік болуы – еліміздің беделінің биік екендігін көрсетеді. Сондықтан, ар-намыс пен абыройымыздың нышанын ұлықтап, төбемізден де жоғары ұстайық.

 

Б.Шаймерден

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы маманы  

 

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля