Мақалалар

Қажымұқанның әжесі Айсарының балуандығы мен өнегесі

Жалпы, Қажымұқанның ата-әжелері туралы әңгімелердің негізінен өз аузымен айтуынан 1946  жылы Отырарда араб әрпімен хатқа түскенін айта кету керек. Сондықтан да бұл бағыттағы деректердің қандай да бір қатасы болуы мүмкін емес. Әсіресе, оның әжесі Айсары яки Ақыш жөніндегі таң қаларлық мағлұматтары балуанның қайтіп біз білетін асқаралы тұлға – әлемдік чемпион Қажы балуанға айналуын да жіті тани түсуге зор көмек бере алады. Себебі, алдыңғылардың өнегесі мен үлгісі алтын-күміс, жауһардан да қымбат емес пе? Қажыекеңнің түп нағашысы, яғни Мұңайтпастың нағашысы Сары  Тарақтыдан шыққан атақты батыр Байсеу деген кісі екен. Міне, соның ару қызы Айсарыны Қараөткелге бір барғанда ұшырасып, сүйіспеншілікке ұласып, өз заманында ер даңқы алты Алашқа мәшһүр болған атасы Ернақы батыр алған. Қазақ сахарасында қай заманда, кім болмасын, өзара ұнатысқан жастардың өз ұйғарымымен қосылуы әжептәуір қиын іс. Абырой болғанда, бұл шаңырақ көтерудің басы ащы болса да, әйтеуір соңы тәтті болып аяқталыпты. Онда да сол замандағы дала низамының аясында қыз мәселесінің дау-ошарсыз бітуіне Кенесарының ықпалы болды дейді дерек көздер. Мұның мәнісі Қажы палуанның өзіне тікелей сілтеме берген «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 96 тарамы бойынша былай көрінеді: «Алып  анадан,  ат  биеден»  дегендей,  Айсары  аса  ірі,  балуан,  батыр  қыз  болыпты.  Ернақы  жігіт  кезінде  Кенесарыға  ілесіп,  серілеу  болып  өседі  де,  Байсеудің  ауылына  барғыштап  жүреді. Сөйтіп, жүріп Айсарыға ғашық болып қалады. Айсары да  сері  қыз  екен.  Екеуі  бір  түнде  екі  жорға  мініп,  Мырзатайдың аулына келіп түседі. Аяғы «қырық жетінің» қалың малын төлеп бітіседі. Ол  кезде  қыздың  өз  бетінше  қашқаны – атаға  үлкен  таңба  саналған.  Әйтсе де, Байсеу Кенесарының адамы болғандықтан көп қарыспайды». Бұл жерде «төре әулетімен байланыс қайдан шығады?» дегенде, шежіре бойынша Қобыланды батырдың он бірінші ұрпағы саналатын балуанның төртінші атасы Сәді батыр – Абылай ханның үзеңгілесі. Сол батырдан айтып отырған Ернақы туған. Сондықтан бұл қолдау мен демеушілік заңды құбылыс. Жамбыл облысында жыл басынан бері 210 қару тәркіленді 23.05.2023 «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жаңа ғимараты ашылды 23.05.2023 Енді құдалық мәселесіне келсек, Айсарының әкесі Байсеу сол кезде қартайып, кәрі  тораңғылдай  бүгіле  бастаған  кезі  екен.  Оның  әйелі  де Қажымұқанның жеткізуінше, алпамсадай  бір  дәу  болса  керек.  Екі  құлағы  тебінгідей,  бойы  екі  метрге жақын, арық, сары кемпір болыпты. Мұрны кере қарыс, жағы  ұзын,  жалпақ,  тізесі  отырғанда  иығына  жетіп  отыратын болса керек. Дау жайласқан соң той болады.  Сонда күлкі әңгіме үстінде Мырзатай баласына: – Балам, Байсеудің қызына не деп қызықтың, шешесінің екі тізесі  ауының  екі  қақпасындай  болып,  арасынан  керуен өтеді деуші еді?! – деп күледі. Сонда Ернақы: – Ей, ата-ай, оның інін не қыласың? Ішіндегі түлкісін алдым ғой! – деген екен. Сол Айсары кейін ат басындай алтынды кесек-кесегімен туа берген. Мұңайтпаспен қатар Таңатар, Марқа батыр деген алыптар содан туған. Айтып айтпай не керек, Айсары араб батыры Ғалимен күресетін Дариға қыздай күші тасыған палуан-батыр әйел болған-ақ. Тіптен, оның ерекше қуатты жан екендігі рулы елге алғашқы күндерінен әйгіленген. Мысалы, атан түйе құдыққа құлап, ауылдың жиырма-отыз адамы, жігіт-желеңі жабылып құдықтан ала алмағанда, жаңа келіншек боп түскен Айсары басындағы сәукелесін жерге қойып, түйені бір өзі сүйреп шығарады. Осының өзі ол адамның қандайлығынан хабар берсе керек. Тағы бір айта кетерлік жайт, жаугершілік заманда Таңатар, Ернақы, Марқа  алыс  жерден  жылқы  қуып келеді екен. Сонда Айсары да бірге баратын болған деседі. «Бір жолы Ернақы мал қуған Айсарымен жеке шығады. Қалың жылқыны айдап қашады. Таң ата артынан елу-алпыс жараулы жігіт жетеді.  Бірақ, ер мен әйел соның бәрінде аттан құлатып, ұрып жығып кетеді. Айсарының өзі  жиырма  жігітті  түсіріп  кеткен. Айсары жылқыда жүрген асау айғырларға шауып бара жатып құрық салып, тоқтатып қала береді екен» деп хабарлайды бұл турасында «Бабалар сөзі». Елді ер, ерді ел сақтаған заман. Өз кезегінде бұқараны әлі де хан тұқымдары жұмылдырып отырған шақ. Сөйтіп Айсарымен жау қайырып жүріп Ернақы – Кенесарының қырық батырының біріне айналады.  Кенекең өзінің  батырларына  «Бас батыр»,  «Бала  батыр»  деп  атақ  береді  екен.  Бас  батырлар  қатарында  Бөгенбай,  Қабанбай,  Иман,  Жәнібек және осы  Ернақы  сияқты  алыптар  болған.  Былайша айтқанда, Ернақы  өзінің барлық өмірін Кенесары мен Науан қасында өткізген десек те артық емес. Бұл сөздің де шындығы бар. 1846-1847  жылғы  қырғыз  бен  қазақтар  арасында  болған  соғыста  Ернақы  Науан,  Иман,  Ағыбайлармен  бірге  соғысқан. Шайқастарда аса үлкен қайрат көрсетеді. Ернақы қайтпай ұрысады екен. Сол үшін Кенесары оны артықша қадірлепті. Ернақы  есерсоқтау,  «ұр да жық» батыр  болады.  «Қан  жұтсаң,  жүрегің  айнымайды»  деп,  қан  ұрттап  алған  күндері  де  болса  керек.  Ернақы  жеті жүз кісімен  Алатаудан  асып,  Тоқпақ  түбіндегі  Майтөбе  деген  жерге  шабуыл жасағанда, қолға түсіп мерт болады. Бұл 1847 жылы болған. Сонымен  Ернақы  өзінің  ерлігін  Кенесары  қозғалысымен  бастап, сонымен бітірген. Ернақы 1795 жылы туып, 1847 жылы 52 жасында өлген болады (Балуан тас). Қажымұқан Айсарының тоқтасқан  кезіндегі бір әңгімесін айтады: – Бұл Ернақының қырғыз жерінде мерт болып, Айсарының жесір қатын, жетім бала болып Арқаға азып-тозып барған кезі болса керек. Қараөткелде Қажыбай дейтін бай ноғай: – Пар ат тарта алмаған ағаш отынды тартатын ат бар ма? – деп  сұрайды.  Отыны  жолда  қалып  бара  жатса  керек.  Сонда Айсары: – Бізде  төрт  аяқты  мал  жоқ,  екі  аяқты  бар, – деп  баймен  үш  сомға  шарттасып,  қарға  батқан  арбаны  отынымен  байдың  қорасына тартып барады. Әулеттік естеліктеріне сүйеніп, Қ.Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт музейінің экскурсия жетекшісі, палуанның шөпшегі Меруерт Ескермес «Елiмде болса – менiкi, менде болса – елiмдiкi!» атты «Оңтүстік Қазақстан» газетіне берген сұхбатында да «Сондай қиын уақытта жалшылықпен күнелткен Айсары Қараөткелден Арқаға арып-ашып бара жатып қос атты арбалы кісіге жолығады. Отын тиелген арбаны орнынан қозғалта алмай әбігерленген әлгі кісі қамығып: «Осы арбаны тарта алатын ат болғанда…» деп күйінеді. Сонда: «Байеке, қолымда төрт аяқты малым болмаса да, соның қызметін атқара алатын күш-қуатым бар» деп, Айсары баймен он сомға шарттасыпты. Осылайша, әйелдің отынды үйіне жеткізіп бергеніне аң-таң болған бай оған он сомның орнына қырық сом, киім-кешек пен азық-түлік беріпті» деп Қажекеңнің сөзін қайтара шегелей түседі. Тіпті, Меруерт Ескермес «Сол кезде Айсарымен белдескен талай палуандар «жаздым, жаңылдым» деп зорға қашып құтылатын көрінеді» деп те арғы әжелерінің балуандық қырына ерекше тоқталып өтеді. Расымен де, Қажымұқанның дерегімен 1946 жылғы араб әрпімен хатқа түскен жазбаларда да мұның дәлелі бар. Сондағы дерекке қарағанда, Айсары ерегіскен кезінде балуанға да түскен. Қараөткелге Өзбекстаннан Қара балуан дейтін  балуан  барады.  Бір пұт өрік, бір пұт мейіз, бір пұт жаңғақ тігіп: – Мені жыққан кісіге осыны беремін! – деп бүкіл Қараөткел еліне жар салады. Қара балуан жүрген жерінің бәрін де қиратып, жыға береді. Ең ақырғысы Қараөткелдің құрттай қайнаған жәрменкесінен де ешкім табылмайды. Сонда намысы қызған Айсары ғана шыққан деседі. Біраз жұлқыласқаннан кейін Айсары Қара балуанды үйіріп-үйіріп жіберіп тік көтеріп алады: – Бәйгемді бересің бе, жоқ, қабырғаңды күйретейін бе? – дейді. Қаруы екі қолында болса керек. Қара балуан Айсарының бәйгесін беріп құтылады. Бұл 1860-1870 жылдар шамасы болса керек. Тұжыра айтар болсақ, Айсарының Қажымұқанның Қажымұқан болып қалыптасуында рөлі зор. Өйткені, балуанның өз  нағашысы – қыпшақ, ал анасы оның ішінде бұлтың Лөк дейтін батырдың Қабира есімді қызы.  Мұңайтпаспен отасқан одан «Қажымұқан», «Әлі»  дейтін  екі  ұл  туған.  Әлі  ертеректе  өліп  кетеді.  Қабира  Қажымұқан екі жасқа келгенде 1873 жылы шамасында өлген. Яғни, ол Мұңайтпаспен екі-үш-ақ жыл отасқан. Содан соң Қажымұқан әжесі Айсарының  қолында  қалып, әжесінің тәлімімен өскен.  Азамат болып қалыптасуына барынша қам қылған. Бұл енді ресми кітаптарда жүрген дерек. Осы жерде мына бір детальды да көрсетіп кетпей болмайды. Мұнда жоғарыдағы мәліметтермен айырма болатын аздаған тұстар баршылық. Меруерт Ескерместің баяндауынша, Қажымұқанның анасы Кабира әжесі Айсары секілді палуан болмағанмен, ол да ірі денелі, бойшаң және етжеңді әйел болған. Қажымұқаннан бұрын егіз ұл тапқанмен, олар ертеректе жаман аурудан шетінепті. Осыдан кейін әжесі Айсары әулие аралап, Алладан Мұңайтпасының соңынан еретін ұл перзент сұрайды. Көп ұзамай келінінің бойына бала бітіп, Кабира қасқырдың етіне жерік болады. Айсары әже: «Жүрек жұтқан батыр, әлде алып күштің иесі палуан дүниеге келетін сияқты, келінжанның жерік асын тауып әкел» деп ұлын жұмсапты. Айы-күні жетіп, дүниеге алпамсадай ұл келеді. Нәресте үш-төрт айлық сәбидей ірі, оң жақ жауырынының астындағы түкті қалмен туылады. Әжесі мұны Баба Түкті Шашты Әзиздің белгісіне балайды. Өкініштісі, Кабира бала үстінде көз жұмып, сәби әжесі Айсарының бауырында өседі. Бағып-қағуы дұрыс болып, бала Мұқан сегіз жасында-ақ ауылдың он бес-он сегіз жасар жігіттерін шетінен қирата жығып, Қараөткелдің байларына жалданып жүк тиейді. Мұның да соңы баршаға белгілі – палуан қазақ атын бұрынғының күрескерлерінше уалаят деңгейінде қалдырмай, бүтін глобусқа кеңінен таратты. Әрине, бұл жерде балуанның палуан әжесінің де қамқор алақаны көрініс беріп тұр. Қажымұқанның өзі естеліктерінде негізінен анасын емес, әжесін көп айтатыны содан болса керек. Ауыл арасындағы той-думандарда күреске түскенде жауырыны жер иіскемегені үшін ел арасында «Жуанаяқ» атанған Мұңайтпастай әкенің алдында құлдыраңдай жүгіріп, өзен-құдықтан су тасып, үлкендердің өнегелі әңгімесін тыңдап, құрық ұстап өскен ер мінез Толағайдың құлшынысы да басқа болмақ. Әке ақылы – ақ пен қараны ажыратуға, ел мен жерді сүюге, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетуге, маңдай тері сіңген еңбектің дәмі тіл үйіретінін ұқтыруға үлкен көмекші. Ал Айсарыдай әжесінің ұршық иіріп, құрт жайып, күбі пісіп, май алған кәрі балуан бармақ-саусағы маңдайын сипағанынан асқан мейірім бар ма? Әженің ақ жаулығына барлық кішіпейілділік пен мейірім ерлік рухымен қатар сіңіп, немересіне елжіреген сәт тамырын бойлап, балаға берілген сыңайлы. Әже тербеткен бесік пен әже айтқан әлди-әнде де кие бар. Бағуыңа қарай мал өседі, тәрбиеңе қарай бала өседі. Сондықтан да Қажымұқан қалайша мұндай биіктерді бағындырды деудің өзі артық. Айсары жүз үш жасқа келіп, 1900 жылы Қараөткел дуаны, Есіл бойындағы Сарытерек болысында дүниеден өткен. Мәдениеттанушы-философ Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қажымұқанның әжесі Айсарының балуандығы мен өнегесі | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля