Жаңа оқу жылын жағымды жаңалықтармен бастады
“Нұр-Мүбарак” университеті жаңа оқу жылын жағымды жаңалықтармен бастады. Биыл дін мамандықтарына мемлекет тарапынан бөлінген 301 гранттың 80 пайызы Нұр-Мүбарак университетінің еншісіне бұйырған. Нәтижесінде биыл 856 студент, магистрант, докторанттар қабылданып, білім алушылар саны 2252-ге жеткен. Бұл жайлы университет проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев хабарлады. Осыған орай, оқытушы-профессорлық құрам да жаңадан 39 ұстазбен толыққан. Жаңа оқу жылының басталуына орай университет ұжымының басын қосқан алқалы жиында ректор, профессор Мұхаммед аш-Шаххат құттықтау сөз сөйлеп, сапалы білім, білікті маман даярлау аманатын абыроймен атқаруға сенім білдірді. «Ұстаздық ету – ең үлкен мәртебе. Бірақ әрбір оқытушы сол мәртебеге сай болуы шарт. Әр дәрісті қызықты әрі ұтымды өткізіп отырудың жоспары болуы қажет. Біз үшін ең бірінші кезекте – шәкірттердің мүддесі маңызды, сосын ұстаз, содан кейін әкімшілік қызметкерлер. Білімді де білікті маман, еңселі азаматтар дайындау үшін қызмет етуіміз керек»,-деді ректор өз сөзінде. Сондай-ақ Академиялық мәселелер департаментінің директоры Мұратхан Махмет білім беру бағдарламасына қатысты талап, ережелерді пысықтап өтті. Ал білім сапасын үнемі назарда ұстаушы Сапа-менеджмент жүйесі бөлімінің меңгерушісі PhD доктор, қ.профессор Шамшат Әділбаева университеттің өткен оқу жылы ҚР ҒБМ тарапынан профилактикалық тексеруден сәтті өтуімен қатар, биыл да отандық «ТОП-20» университтеттер қатарында екенін тілге тиек етті.Білім сапасын назарда ұстау үшін студенттер арасында жүргізілетін жасырын сауалнамалармен қатар, бақылау шаралары күшейтілетінін ескертті. Ал ОПҚ-ның пәнді оқу-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету, SYLLABUS жүйесін ортаға салған университеттің академиялық комитет хатшысы пед.ғ.к. Маржан Жолмағанбетова әр оқытушының оқу жоспарларына қойылар талаптарға тоқталды. Яғни ОПҚ-ға жаңа оқу жылына қатысты барлық түйткілдер түсіндірілді. Студенттердің жатақханамен қамтылуы да 100 пайыз шешімін таптты. Онлайн платформада өтініш берген 1150 студент толықтай жатақханамен қамтамасыз етілді. Тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің директоры Бауыржан Шайжан 750 студент университет жатақханасына, ал қалған құрамы жалдамалы ғимараттарға орналастырылғанын хабарлады. Осылайша Нұр-Мүбарак университеті жаңа оқу жылын сақадай сай бастамақ.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Жаңа оқу жылын жағымды жаңалықтармен бастады | Қазақстандағы Ислам