Ишан, ахундардың қоғамдағы орны қандай болды?
Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан ахундар мен ишандарымыз қанша қуғынға ұшырып жатса да, өз күштерімен білім нысандарын көптеп салды. Ресей патшалығының шоқындыру саясатына қарсы шығып, Қазан мен Уфадағы баспалардан діни дастандар мен қиссалар шығарды, елдің рухани деңгейін көтеріп, жерін сақтап қалуға атсалысты. Алайда, олардың бұл әрекеті коммунистерге мүлдем ұнаған жоқ. Жалпы ол уақытта ахундар мен ишандарымыздың қоғамдағы орны қандай болды? Оларға діни атақ не үшін берілді? Осы төңірегінде тарихшылардың, имамның және тұрғындардың пікірін сұрап, зерделеуге тырыстық. Ахун – сан саланы меңгерген тұлға Дастан Құрманбаев, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы: – Тіпті муфтидің өзі пәтуа шығаратын болса, сол жердегі жергілікті ахундардың келісімінсіз оны халыққа жария ете алмайтын болған. Олар соншалықты жоғары білімді кісілер болған. Енді ахундар не оқыған деген кезде зерттеушілер олар діни біліммен қатар, жаратылыстану, математика және басқа да салалар бойынша білікті маман болғанын айтып жатады. Сондықтан бұл кісілер жан-жақты сауатты, сан саланы меңгергендіктен де халықтың көзін ашып, адамдарға ағартушылық жұмыс жүргізіп, былайынша айтқан кезде алдында жүрген жетекші ұстаз болып отырғанының бір себебі де осы деп ойлаймыз. Ишандардың “қанаушы, алаяқ” деген карикатуралары шықты Талғат Жолдасұлы, тарихшы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, PhD доктор:
– 1929-1941 жылдар арасында соғыс басталғанға дейін қатты қысым болады. Әсіресе, 37-38 жылдары. Ең бірінші ишандардың білім ордалары кетеді. Жалғыз ишандар емес, ахундар емес, бүкіл дін басыларға діни білім беруге тыйым салады, бұл бір. Медресе-мешіттер жабылады, өз еркімен жабылды деп мемлекет тәркілейді. Клуб, мектеп қылып ғимараттарды қолданады. Мешіт кетті, медресе кетті, кесенелерді алады. Қасиетті жерлердің бәрін алады. Қадағалау жасайды мемлекет. Имамдар сол кезеңде өздерін мемлекетте дін үшін күрестім деп ойлады, ислам үшін күрестік деп ойлады, ишандар оларға қолбасшылық жасады. Имамдардың рухани басшылары ишандар болды. Сөйтіп ишандарға деген негативті көзқарас тағы қалыптасты. 39-ға дейін Кеңес үкіметі тікелей репрессия жасаған жоқ. Насихат жүргізді. «Безбожник» деген журнал бар, «Ишани-муриди» деген мақала шыққан, мен оқығанмын. Сонда күледі. Ишандардың карикатураларын салады, ишандарды қанаушы, алаяқ, жұмыс істемей ақша табушы паразит дейді. Сөйтіп бірінші насихат жүргізген, екінші лагерге айдау, ату жазасына бұйыру тағы басқа да шаралар қолданған. Ел ішінде біз білмейтін ахун, ишандар көп Асхат Сайлау, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы: – Қазіргі таңда бірнеше дін саласына байланысты ғылыми еңбектер жарық көрді. Олардың 50-ден астамы белгілі болып отыр. Бірақ қағазға түспей қалған, ел арасында, ел ішіндегі деректер, аңыз әпсана боп жеткен ахун-ишандар көп. Мысалы Аралдың өзінде 50-60-қа жуық ахун-ишандар бар. Олар 19-20 ғасырларда өмір сүрген. Ал Жаңақорғанда тіпті бұдан екі есе көп деп айтуға болады. Өйткені жоба бойынша экспедицияға шыққанымызда көптеген біз білмейтін осындай дін қызметкерлерінің есімін кездестірдік. Тарих тереңіндегі жауһарлар Тарих тереңіне зер салар болсақ, 1937-38 жылдары ишан, ахундарымызды «шетелдің жансызы» немесе «совет үкіметінің орнығуына қарсы», «халықты Ауғанстанға, Тәжікстанға көшуге мәжбүр етті» деген сияқты ауыр айыптармен түрмеге жапты, ату жазасына кесті. Ол аздай сотты болған дін адамдарының сайлауда дауыс беру құқығын шектеп, ұрпақтары мектептерден мүлдем аластатылды. 70 жыл бойы ахундар мен ишандар жайлы айтуға тыйым салынып, ұрпақтары шыққан тегін жасыруға мәжбүр болған. Өткенге зер салсақ, небір діни қайраткерлердің қажырлы еңбектеріне қайран қаласың. Мешіт ұстау, шәкірт тәрбиелеу, кітап жазу, ел іргесін бекіту, бірлік-ынтымағын арттыру, халық арасында имандылық, әділдік, тазалық пен пәктік құндылықтарын жан-жақты насихаттаған ишандар мен ахундар жүздеп емес, мыңдап саналатын көрінеді. Белгілі зерттеуші В.В Бартольд өз еңбегінде діни қызмет болып саналатын ишандықтың сипаттамасын беріп, Орта Азия мен Қазақстанда ислам дінінің еніп, қалыптасуының тарихын жазды. Ол алғашқы лекцияларының өзінде түркі дүниесін тану үшін, шығысты білу үшін әрі қарай арабист, иранист, түрколог, тілші, тарихшы болудың өзі аз деген болатын. Яғни бұл тақырыптың тереңіне үңілген сайын оның біз білмейтін сырлары мен жұмбақ деректерінің көп екенін түсінесің. Ал, оны зерттеу, болашақ ұрпаққа дін қызметкерлерінің еңбегін жеткізу сіз бен біздің құзырымызда. Б. СЫЗДЫҚОВА, Облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Ишан, ахундардың қоғамдағы орны қандай болды? | Қазақстандағы Ислам