Ақындарға қиянат жасамайық…
Осыдан бірнеше ай бұрын “Алғаш барғанда” атты өлеңді Мұқағали шығарыпты” дегенді естіп жағамды ұстадым. Сол секілді “Сүюді бақыт дейтіннің бәрі” атты өлеңді де ақиық ақын Мұхаң (Мұқағали) шығарыпты дегенді естіп, тіптен естен тандым. Біз лирика оқысақ Мұқағалиды, философия оқысақ Қадыр Мырза Әліні бірден еске түсіретін болыппыз. Бірақ, лирика жанрында Мұхаңнан да, философияда Қадырдан да басқа ақындар қалам тербейтінін елемей жатамыз. Әрине, біз “мына ақын ана ақыннан мықты” деп салыстырудан аулақпыз. Себебі, әр ақынның өз стилі және өз оқырманы бар. Тіпті кейде Мұқағалидай ақиық ақын, Қадырдай терең ойлы философ болмаса да, бір ақындардың таңдай қақтырар туындылары “дүниеге келіп” жатады. Соларды оқып, кейбір оқырмандар “Мұқағалидан да мықты екен”, “Қадырдан да шебер екен” деп жатады. Бірақ, бұл қалыпты жағдай. Осындай салыстырулар бұрыннан бар екені рас. Мысалы, Бен Джонс деген ағылшын драматургін сол кездегі Шекспирден де мықты дегендер болды. Сол секілді Владимир Бенедиковтің өлеңдері Пушкин жырларынан көш ілгері дегендер де шықты. Бірақ уақыт деген сыншы бәрін өз орындарына жайғастырды. Сол себепті, Мұхаңның стильне ұқсаған өлең көрсек, “соны шығарған өзі екен” деп айтудан бұрын ойланып алайық. Зерттейік. Мысалы, бір әйел (атын ұмытып тұрмын) “Апиыншы” деген әңгімесін жазар алдында Шудың қарасора өсетін аймағын жалғыз өзі аралапты. Ал бір жазушы жынды адам туралы жазу үшін психикалық ауытқушылығы бар адамдар жататын ауруханаға жатып шығыпты. Ал біз “бұл өлең Мұқағалидыкі” демес бұрын оны дұрыстап зерттеп, ізденіп көрдік пе? Сонымен… “Алғаш барғанда” атты өлеңде “Сен шықтың арғылау бөлмеден, Бұл жолы киіммен емес” деген жолдар бар. Бірақ бұның авторы Мұқағали емес. Бұл Аслан Қажен деген журналист жігіттің өлеңі. “Шабытта” оқыған. Қазіргі таңда спорт журналисі. Сол секілді “Сүюді бақыт дейтіннің бәрі” атты өлеңнің “Адасып барып, таласып талып, Сүрініп, сосын ес кірді, Адамның нағыз бақытты шағы, Сүймеген кезі ешкімді” деген жолдарын бәріміз жарыса жаттап жүрміз. Бірақ бұл да Мұқағалидың емес, ақын Асылзат Арыстанбектің туындысы. Қиянат емес пе? Егер осы ақындар (Аслан мен Асылзат) үстіңізден арыз жазып, дәлел келтіріп, өз өлеңдері екенін тілге тиек етсе, сіз не істер едіңіз? Ал Мұқағали тіріліп кеп, өз атына телінген өлеңдерін “сортировать” етіп берсе, ұяттан кірерге тесік таппас едік. Мысалы, Бекежанның ұрпақтары “Төлегенді өлтірген біздің атамыз емес” деп газетке көлдей мақала жазды. Ақтотының немере-шөбересі “әжеміздің Ақан серіге ғашық болғаны да, алып қашқаны да өтірік” деп дәлелді мақала шығарды. Сол себепті, кейде анайы не ұятсыз өлеңдерді Мұхаңа телімей, ақынды “ұятсыз” қып көрсетуге асықпайық. Сол секілді, Қадырдың:
“Түрлі адамдар түрліше күн көреді, Біреулер су, біреулер у береді. Сен өмірге келіп те үлгермейсің, Біреу сені жамандап үлгереді”, – деген өлеңінің стиліне қарап: “Өмір саған у берер, су да берер, Айырады барыңнан қу бәлелер. Сүйгеніңді алуға тырыспасаң Алғаныңды сүюге тура келер”,- деген өлең жолдарын ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛІ шығарыпты деп жүр. Бұл да өрескел қателік. Соңғы шумақтың авторы Таңжарық Ержан деген жігіт. Бұларды бір бұрышқа ығыстырып қояйық. Тіпті “кісі айтпаған сөз бар ма?” деп Абай Хәкім айтпақшы, Абайдың өлеңдеріне түк қатысы жоқ шумақтарды “Абай айтыпты” дегендері тіптен ерсі. Абайдың өлеңдері санаулы. Бәрі кітапта тұр. Сөйте тұра өз сөзін жұртқа өткізу үшін Абайдың атын жамылу неткен ұят, жек көрінішті тірлік. “Абайдың айтпағанын айтты” деп жала жабу өз алдына, тіпті Абайдың өлеңдерін түзету үшін де дәлелді зерттеу жүргізу керек. Керек десеңіз, Абай тілінің текстологиясын өмір-бақи зерттеп өткен Қайым Мұхамедхановтың өзінің көп түзетулері дәлелсіз гипотеза болғандықтан қабылданбаған ғой. Ал әдебиеттің иісі мұрнына да бармайтын жандардың тірлігіне не деуге болады? Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ, Халықаралық журналистер одағының мүшесі, жас әдебиет сыншысы