Елдік құндылықтар: дін, діл, дәстүр
Мемлекет басшысы 3 қаңтарда газетімізге берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс», деді. Халықты біріктіретін, ынтымаққа ұйытатын елдік құндылықтардың бірі – сенім, яғни дін десек, қателеспейміз. Өкінішке қарай, кейінгі кезеңде түрлі күштер дінді қоғамды біріктіру жолына емес, жік салу мақсатына пайдаланды. Оның салдарын біз әлі күнге көріп те келеміз. Осы орайда елдің жанын ауыртқан, зиялыларға қам жегізген діни ала-құлалықтан қалай арыламыз? Елдік құндылықтар – дін мен діл, дәстүр мен білік үйлесімін лайықты кәдеге жаратып, халықтың ынтымағын арттыру үшін не істеу керек? Газет редакциясы ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстел осы тақырыпқа арналды. Жиынға «Отандастар» қорының президенті, Төтенше және өкілетті елші Абзал Сапарбекұлы, абайтанушы, ІТ саласы маманы Сұлтан Ыбыраев, ҚМДБ Діни уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD, күрделі уақытта Атырауда өкіл имам болған Батыржан Мансұров, дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тиышхан, дін саласындағы мемлекеттік саясат сарапшысы Ержан Байбол қатысты. Шараны «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Дәстүрді дәріптеу маңызды
– Бұл жиында көтергелі отырған тақырыбымыз қоғамның бүгінгі тіршілігі үшін де, елдің ертеңі үшін де аса маңызды. Дін мен діл, дәстүр мен білік – қай заманда болсын маңызы мен мәнін жоғалтпайтын елдік құндылықтар. Таяуда газетімізге берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев озық ойлы, сапалы ұлт туралы келелі ой-пікір айтты. Ұлттық құндылықтарды дамыту, елдің рухани бірлігі мен берекесі маңызды екенін атап көрсетті. Бүгінгі қоғамда дінді құндылық және өмір салты ретінде ұстануда қордаланған мәселе көп. Сіздер мұны жақсы білесіздер, тіпті осы жұмыстың қайнауында жүрсіздер. Біліктеріңізді жұмсап, оңтайлы шешуге атсалысып та келе жатырсыздар. «Жалпы, елдегі дін саласына келеңсіздіктер қашан келді?» деген сұраққа жауап беру үшін тарихымызға барлау керек. Кез келген нәрсе себепсіз болмайды. Бірақ біз, Президент айтқандай, озық ойлы ұлт ретінде алға қарауымыз қажет. Бұл – бұрын қателікке ұрынған бауырларымызды шетке теппей, олқылықтарымызды түзеуге әрекет жасап болашаққа дұрыс қадам басуды талап ететін жол іздеу деген сөз. Ұлт басылымдары осы проблемаларды шешу мақсатында дәйекті ой-пікір айтып, қоғамды саламаттандыруға үлес қосып жүр. Бүгінгі мақсатымыз да – «Egemen Qazaqstan» газеті мен интернет-сайты арқылы жүз мыңдаған оқырманға сіздердің сөздеріңізді, ойларыңызды жеткізу.
Бірінші кезекте ұлттық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыруда дін мен қоғамның үйлесімі туралы пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар. Дін мен қоғам қалай ортақ тоқтамға келуі керек және бүгінгі проблемалар неден туындап жатыр? Қазір халқымызға теріс діни ағымдар тарапынан қандай қауіп бар? Бүгінде әлеуметтік желілерде елбұзар қилы ой-пікір айтылып қалады. Бұл арнайы арандатушы топтардың әрекеті ме, әлде ашық қоғамда болуға тиіс заңдылық па? Мұның елдің бірлігіне қатері қандай? Шыны керек, бүгінгі жұрт дінге секеммен қарайды. Дін саласы әлі де жүйеленіп, бір арнаға түсе қойған жоқ деп ойлайды. Біз қоғамның айнасы болғандықтан, қарапайым халықтың бұл секемі мен күдігіне мамандарды тартып, жауап бергеніміз жөн. Қоғамды біріктіруші, бейбітшілікті уағыздаушы діни құндылықтар соңғы уақытта көбіне негативті сипатта да айтылып жатқанын байқаймыз. Мұның қаншалықты зардабы бар? Дін халықты біріктіруші емес, адамдарды бір-бірінен алшақтататын күшке айналып кетпей ме? Осы сұрақтарға жауап ретінде алғашқы сөзді мүфтият өкілі, дін қайраткері Батыржан мырзаға берсек.
Батыржан МАНСҰРОВ: – Бүгін ғасырдан астам тарихы бар газет төрінде қоғамдағы өзекті де жауапты мәселе туралы кеңесіп отырмыз. Дін, діл, дәстүр – халқымыздың жаны мен жүрегі. Біріншіден, Мемлекет басшысының жыл басындағы сүбелі сұхбаты елге пайдасы тиген, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берген мәні терең әңгіме болғанын атап өткім келеді. Дін саласының мамандары да оны оқып, елдік ұсыныс-ойларды түртіп алып, әртүрлі деңгейдегі жиындарымызда насихаттап жатырмыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алғаш құрылған сәттен бастап қоғаммен етене жұмыс істеуді мақсат тұтты. Ата-бабамыздан бізге мұра асыл дінімізді қалай өркендетеміз, қалай халыққа жүйесімен жеткіземіз деген мақсатта маңызды жобаларды іске асырып келеміз. Мүфтият 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп белгіледі. Өйткені дін мен дәстүр – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен ажырату дұрыс емес. Осы жыл аясындағы іс-шаралардың алғашқысы таяуда киелі Түркістан шаһарында ұйымдастырылды. Конференциямызға елімізге танымал зиялы қауым өкілдері мен дін саласының білікті мамандары қатысып, «Ислам және дәстүр құндылығы жылының» шымылдығын ашып берді. Дін мәселесіндегі келеңсіздіктерге келсек, өкінішке қарай, қоғамды алаңдатарлық сын-қатер баршылық. Айталық, 90-жылдары ата-баба сенімімен қуана қауышқан халқымыз дін десе, емешегі езіліп тұратын. Намаз оқимын деген адамға дереу жайнамазын ұсынып, тіпті таза сүлгісін беріп, құрмет көрсететін. Ал бүгінде намазханнан «Қай бағытты ұстанасың?» деп секемденіп сұрайтын халге жеттік. Оның басты себебінің бірі – тәуелсіздік жылдары жұрттың әл-ауқатын көтереміз деп, рухани саланың саламаттылығын қолдан шығарып алдық. Тиісті бақылаудың жоқтығынан «діни білім аламыз» деген жастар Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия, т.б. мұсылман елдерінің қилы бағыттағы діни оқу орындарына талғаусыз түсіп, көптеп білім алып жатты. Өкінішке қарай, дін үйренемін деп шекара асқан сол жастарымыз бойындағы дәстүр құндылығын жоғалтып алды. Елге қайтқан соң, өздері оқыған жердің дінін ғана емес, жат мәдениетін де насихаттай бастады. Яғни әрқайсысы түрлі мектептің өкілі болып оралды. Олар діннен сауатты болғанымен, дәстүрімізден бейхабар еді. Содан жат мәдениет пен салт-дәстүрді бізге тықпалауға көшті. Ал елдегі қарапайым жұртшылық шетелде оқыған деп солардың аузына қарап, уағызын бойларына дарытты. Салдарынан қоғамда діни дүрдараздық туындады. Сондықтан бұл проблеманың алдын алудың және қалыптасқан ахуалды түзетудің бірегей жолы – дәстүрді көбірек дәріптеу. Мен PhD докторантураны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, хадистер мен қазақ мақал-мәтелдерінің байланысын зерттедім. Егер ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мақалдарымыздың түбіне үңілсек, пайғамбар хадистерімен үндесіп жатқанын көреміз. Қазақтың тыйымдары мен ырымдары, салт-дәстүр құндылықтары – бәрі де дінмен сәтімен ұштасады. Біз халыққа дінімізді насихаттауда дәстүрді де қоса айтып, дін саламаттылығын, діл дұрыстығын орнықтыра аламыз. Бір ғана мысал айтайын. Бала күнімізден дастарқан үстінде нанның қиқымын жинап жеп қоюшы едік. «Нанды жерге тастауға болмайды, обал болады» деген сеніммен өстік. Бұл – ата-бабадан жалғасқан дәстүрдің бір көрінісі. Енді астарына үңілсек, дәл осы мәселе хадисте де айтылғанын көреміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нанға құрмет көрсетіңіз. Өйткені ол Алла Тағала тарапынан аспанның берекеті болып бізге келген. Ал кімде-кім жерге түскен қиқымды алып жейтін болса, оның күнәсі кешіріледі» дейді. Қазақ осындай хадистерге сүйене отырып «нанды баспа», «обал болады» деп ұрпағын тәрбиеледі. Дінсіз қоғам болмайды Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: – Бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымыз «жат ағым», «деструктивті діни топтар» жайында дабыл қаққан қоғам сынынан туындап жатқаны аян. Тарихымызға қарасақ, ел алдында жүрген зиялы қауым өкілдері қашан да рухани салада ненің керек, ненің жат екенін айқындап берді. Солардың парасаты мен санасынын өткен дүние халықтың жүрегіне жетті. Осы орайда, Абзал Сапарбекұлы, келесі сұрақты өзіңізге қойғым келіп отыр. Бірқатар мемлекеттік қызметте істедіңіз, еліміздің Түркиядағы елшілігін басқардыңыз. Бізбен діні бір, тілі мен дәстүрі ұқсас, тарихы ортақ бауырлас Түрік елінің дін саласындағы жетістіктері қандай? Олардың осы саладағы оң тәжірибесі біз үшін өте маңызды.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Елдік құндылықтар: дін, діл, дәстүр | Қазақстандағы Ислам