«Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафоны басталды
Бүгін V дүниежүзілік көшпенділер ойынының аясында өткізілетін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі Лобанова ауылында бастау алды. Марафон Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысынан басталып, Астанада аяқталады. Оған шет мемлекеттерден 10-ға жуық шетелдік команда және 9 отандық команда қатысып жатыр. Олар 500 шақырымды еңсеруі керек. Аталған іс-шара шетелдік қатысушыларға көшпелі өркениеттің заманауи үлгісін көрсетуге және қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған. «Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғырту. Жарысқа қарашай, кабардин, араб, татар, башқұрт, жаңа қырғыз тұқымдары қатысып жатыр. «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесінің аясында ұйымдастырылған маңызды іс-щараның бірі – «Ботай – Ұлы Дала мәдениеті» жылжымалы көрмесі. Марафон қатысушылары, келген қонақтар Ботай мәдениетімен терең танысып, энеолит заманындағы құнды тарихи жәдігерлерді тамашалады. Аталмыш іс-шараның бағдарламасына Ботай көрмесінің енуі кездейсоқ емес. Осыдан 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар сенсациялық жаңалық ашты. Солтүстік Қазақстан жерінде қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген тұжырым жасады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафоны басталды | Қазақстандағы Ислам