ҒибратМақалалар

Құрбан шалғаннан не пайда?

Құрбан шалу – пенделеріне Алла Тағаланың Өзі рұқсат еткен, Өзі сыйға тартқан екі мерекенің бірі Құрбан айт кезінде жүзеге асатын құлшылық. Ал Құрбан айт – хақ дін Исламның бес тірегінің бірі болған  қажылық құлшылығы күндерімен сәйкес келетін ғажап мереке!

Қасиеттi кiтабымыз Құранда Адам атаның (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) екi ұлы Абыл мен Қабылдың құрбан шалып, Абылдiкiнiң қабыл болғаны баяндалады. Осыдан бастау алған құрбандық шалу бабамыз Ибраһимге (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) жеткенде ғибратты оқиғаға ұласып, ақырғы елшi Мұхаммедке (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!)  келгенде ғибадат болып қалыптасты. Ибраһим пайғамбардың (а.с.) уағында құрбан шалу қажылық шартына кiрсе, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) заманында, дәлiрегi Мәдинаға қоныс аударған соң, һижраның екiншi жылы қажылықтан тыс, жалпы мұсылман атаулының мiндетiне айналды. Осы кезден бастап айт намазын оқу, құрбан шалу нақты бекiдi Бүкіл әлемді жоқтан бар қылған Құдіретті де Мейірімді Иеміз баланы да, малды да пендесіне сынақ қылды.

Құрбан шалу құлшылығының тарихына зер салсақ:  Ибраһим (а.с.) пайғамбар баласы Исмайлды (а.с.) құрбандыққа шалайын деп жатқанын түсінде көріп, бұның тегін еместігіне көзі жеткен соң, Алла Тағаланың бұйрығын бұлжытпай орындауға белін бекем буып, ол шешімін сүйікті ұлына жеткізеді. Сонда Исмайл (а.с.) еш қарсылықсыз: «Алланың әмірін орындаңыз, әкешім!» – дейді. Соңында бұйрығына толық мойынсұнып, іске кіріскен елшісіне Алла Тағала: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адал болдың, міндетіңді орындадың. Сондықтан Исмайылдың орнына құрбандыққа шал» деп қошқар түсіреді…

Қасиетті Құранда баяндалған бұл оқиғадағы ең негізгі ғибрат: махаббат мәселесі. Бұл жерде Пайғамбар жүрегіндегі сүйіспеншілік сезімі сынға түсті. Қартайғанда көрген құлдыраңдаған құлынына бар мейірін төккен, бар махаббатын сол арнаға бұра бастаған Пендесіне Жаратушы Хақ «Кімді артық сүйеді екенсің?» деген сынағын, «Кім артық сүюге лайық?» деген сұрағын жіберді.  Бұл сынаққа ардақты Елші: «Я, Раббым, негізі сүйіспеншілікке тек Сен лайықсың ғой! Өйткені мені де, көзімнің қуанышы болған перзентімді де, тіпті жүректегі сүйіспеншілік сезімін де жаратқан Өзіңсің ғой!..», — деп жауап беріп, бізге өнеге көрсетті. Яғни, сүйіспеншілік әуелі Алла Тағалаға бағытталуы керек… Келесі ғибрат: «Құрбан шал» деген үкімнің мақсаты – пенденің Жаратқан Иесіне толық бойұсынғанын анықтау, тақуалығын тексеру. Әйтпесе Кәмілдік мен Пәктіктің Иесіне мал етінің еш қажеті жоқ! Аллаһ Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес! Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің Жаратушының әмірін «құп алдым, құлдық!» деп орындауымыз, әрекетіміздегі  ықыласымыз бен ниетіміз Аллаһ Тағалаға жетіп, разылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»… («Саффат» сүресі, 107-аят.)

Бұл құлшылықтан алар келесі ғибратымыз: Жаратушы мен пендесі арасындағы және Әке мен Бала арасындағы қарым-қатынастың қандай болуы керектігі. Әрең дегенде, қартайған шағында көрген баласын Жаратушы Иесі үшін құрбан етуге дайын Пайғамбар-пенденің ғажап иманы мен Әкеге бағыну арқылы ұлы Раббысына бой ұсынған Бала-пенденің керемет әдебі!.. Құрбан (араб тілінде) – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Яғни Жаратушы Иеміздің әмірлерін орындау бізді Раббымызға жақындатып, Ақыретте сый-сыяпатына кенелтеді. Құрбан шалушы осы әрекеті арқылы мол сауабқа бөленіп, дәрежесі артады.

Сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар». (Тирмизи жеткізген хадис) Алла Елшісі (с.а.у.) басқа хадистерінде Алла разылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Расулімізге (с.а.у.): – Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды. – Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді. – Одан бізге қандай сауап бар? – Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар. – Қойдың жүнінен ше? – Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады». (Ибн Мажә жеткізген хадис) Адам баласы құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз жақсылықтары мен шексіз нығметтеріне алғыс-шүкірін айтып, күнәларына кешірім тілейді… Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». («Хаж» сүресі, 28-аят.) Иә, бір анық нәрсе: дүние жүзінде жылына миллиондаған мал сойылады, бірақ бұл сойылған малдың еттерінен мұқтаж жандар мақұрым қалуда. Құрбан айтта осы жағдайы нашар адамдардың жүзіне күлкі үйіріліп, көңіліне сәл де болса қуаныш ұялайды. Ал асыл дініміз адамның көңіліне шаттық сыйлау парыз құлшылықтан кейінгі ең жақсы амал екенін дәйектейді… Құрбандық нәпсіні тәрбиелейді. Біз малымызды құрбан ету арқылы – Алла разылығы үшін бар қымбатымызды, тіпті жанымызды да құрбан етуге дайын екенімізді ишаралаймыз. Өйткені «менімізді» құрбан қылмай, Жаратушыға жету жоқ! Бұл жайлы Жүнәид Бағдади деген әулие былай депті: «Нәпсілеріңді құрбандық етіңдер. Біле білсеңдер, нәпсі — біз бен Алланың арасында тұратын қалың перде. Өмір нәпсіні «өлтірумен» басталады»… Ал ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына сөзі құлшылықтың құны мен парқын тіпті айқындай түседі: «Намаз — Алладан қорқатын құлдардың құрбандығы»… Алла Тағала шалған құрбанымызды, ықылас-ниетімізді қабыл алып, осы дүниеде де, Ақыретте де бәріміздің жүзімізді жарқын қылғай! Әмин!

0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля