Мақалалар

Балалар суицидке не үшін барады?

Бүгінде қоғамды дүр сілкінтіп тұрған әлеуметтік кеселдің қатарында суицидтің, әсіресе балалардың өз-өзіне қол жұмсауы жұртты қатты алаңдатып тұр. Кеше ғана көз алдында алаңсыз күліп-ойнап жүрген жасөспірім баласынан ойда-жоқта айырылып қалған ата-аналардың қайғысы елдік мәселеге айналды.

Депрессия деңгейі оңалмай тұр

Суицидтің кейінгі жылдары елімізде өрши түсуіне түрлі жат идеологиялық экспансияның да әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Ал психологтер бұл қоғамдық қасіреттің белең алуына адам басындағы депрессиялық көңіл күйдің көп әсер ететінін айтып, дабыл қағып жүр. Депрессия деңгейі бойынша Қазақстан бүгінде 180 елдің ішінде 93-орында тұр. Бірақ суицидке қатысты жағдай сол қалпы – жылына 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Бұл – 178 елдің ішіндегі 19-көрсеткіш. Ерлер әйелдерге қарағанда өз өмірін қиюға 4-5 есе жиі баратын болып тұр.

Расында, елімізде кейінгі жылдары суицид жағдайы тым жиілеп кетті. Айталық, күні кеше «Almaty Management University» студентінің мәйіті табылса, оның алдында ғана Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында оқитын сержанттың суицид жасағаны белгілі болды. Сондай-ақ 18 жастағы жігіт Алматыдағы көпқабатты үйден секіріп кетті. Дәл сол қалада 12 жастағы жасөспірім қыздың 13-қабаттан секіріп, өз өмірін қиған оқиғаға да көп уақыт өте қойған жоқ. Ал оның алдында екі оқушы қыз 8-қабаттан бірдей секіріп, жұмбақ жағдайда ажал құшқан еді. Бұл цифрлар расында депрессиялық көңіл күйді анықтап, суицидтің алдын алу мәселесімен жекелеген ведомстволар деңгейінде ғана емес, бұдан былай мемлекетке төнген қауіп тұрғысынан қарап, арнайы тұжырымдама қабылдау арқылы күш біріктіре күресу қажеттігін көрсетіп отыр. Биылғы Аты­рауда өткен Ұлттық құ­рыл­тайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандану үрді­сіне, жаңа техно­логия­лардың дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіп төндіріп келе жатқан жаңа кеселдер пай­да болғанын еске салып, ел болып кү­ре­суімізді, біржола тосқауыл қоюымыз қа­жеттігін талап ететін бес кеселді атап өтті. Солардың бірі – лудоманиядан кейін келетін суицид. «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қа­тер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қыл­­мысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қа­­рызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұр­паққа өте үлкен зиян келтіреді», деген Мем­лекет басшысы қоғамға қауіпті кесел­дермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құ­ралдары, үкіметтік емес ұйымдар, бар­лығы бір кісідей жұмылуы керектігін ес­кертіп, мұны ұлттың болашағына ті­ке­­лей қатысы бар мәселе ретінде атап өтті. Өз-өзіне қол жұмсау әдетте ересектер арасында, әсіресе өмірден әбден қажы­ған, я болмаса қаржылық тығырыққа ті­рел­ген, қорлықтың құрбаны болып, ша­­расыз күйге түскен жандар арасында кез­десіп жататын. Жыл өткен сайын бұл сұмдықты жанына жақын тұтып, жұбаныш көретіндер жасарып келеді. Ең қорқыныштысы, өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің бәрі тегіс қиындық тығырығына тірелгендер емес. Артын қазбаласаң, кейбір қайғылы оқиғаның артында әлеуметтік желінің азғыруы шығады.

Заңның орындалуы сын көтермейді

Осы айдың басында бұл мәселені Парламент депутаттары назарға алып, Мәжілістегі Әлеуметтік-даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова үн қатты. Депутат кейінгі уақытта еліміздегі балалар суициді бүкіл қоғамды дүр сілкінді­ріп, ата-аналар мен педагогтер арасында үлкен алаңдаушылық тудырғанын айтып, Үкімет басшысына сауал жолдады. Сауалға Мәжілістегі барлық партия фрак­цияларының мүшелері қол қой­ған. Онда Парламент осы дертті ауыз­дықтау ба­ғы­тында заңдарды қанша қатаң­дат­қа­нымен, сол нормалардың орын­да­луының төмен екені айтылып отыр. – Бұл қайғылы жайттар, әсіресе әлеу­меттік желілер мен мессенджерлердің баланың психологиялық денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін ескерсек, мәселені шешу кезек күттірмейді. Парламент бүгінгі таңда заңнамалық ша­раларды, мысалы, Қылмыстық кодексте арнайы жаңа құрамда суицид туралы 2-бап қабылдады. Сонымен қатар суицидті насихаттауды болдырмауға «Масс-медиа тура­лы» заңға нақты реттеу тетігі енгізілді. Бұған ­қоса буллингке және кибербуллингке ар­найы әкімші­лік құқықбұзушылық жауап­кер­шілігі енгізілді, білім басқармалары­ның жанынан психологиялық орталық­тар­ды құру, психологиялық қызметті жетілді­руге байланысты нормалар қабылданға­ны­на қарамастан, аталған нормаларды орын­дау деңгейі әлі де әлсіз, – деді Ж.Сүлейменова. Депутат әлеуметтік желілердегі қауіп­ті ойындар, квестер және зорлық-зом­былықты насихаттайтын контент жас­өспірімдердің санасын улап, оларды қауіпті әрекеттерге итермелеп жатқанына қынжылып, осындай контенттердің та­ралуына бақылауды күшейту кезек күт­тірмейтін мәселе екенін атап өтті. – Әлеуметтік желілердегі және мес­сенджерлердегі негативті әсерлерге көз жұму – ұрпақ болашағына немқұрайды­лық танытумен тең. Заңнамалық қабыл­дан­ған шараларды орындауды күш­тік органдар, әсіресе мессенджерлердің жас­өспірімдер контентінде гигиена ша­ра­­ларын қатаңдатуын талап ететін уақыт келді. Президент тапсырмасымен Пар­ла­мент қабылдаған заңнама­лық ше­шім­дерді орындауды мемлекеттік орган­дар қатаң бақылауға алуға тиіс. Әрбір ата-ана балалардың интернеттегі уақытын қатаң бақылап, зиянды контенттерден қорғалғанына көз жеткізуі керек. Әлеуметтік желілерде емес, шынайы өмірде қарым-қатынас пен жетістікке жетуге үйретуі қажет, – деген депутат осыған байланыс­ты Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура және Цифр­лық даму ми­нистр­лігі балаларға қауіпті контентті анық­тап, зерделеуде ведомствоаралық жауап­кер­ші­лікті одан әрі күшейтуі қажеттігін ескертті. Ескертіп қана қоймай, Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының Үкі­мет үйіне бағыттаған бірқатар ұсыны­сын жолдады. Онда қауіпті контентті анықтау және мониторинг жасау бойын­ша автоматтандырылған жүйелерді ен­гізу, ата-аналарды зиянды контенттің қаупі туралы ақпараттандыру үшін сапалы ақпараттық бейнероликтер әзірлеу, цифрлық сауаттылықты дамытуды бар­­лық негізгі пәннің бағдарламасына енгі­зіп, ата-аналарға көмек болатындай, тәр­бие жұмысының маңызды бөлігіне айналдыру шарт екені қамтылған. Бүгінгі балаға жеку де – буллинг Осы мәселе бойынша біз педагогика және психология саласынан PhD, Astana IT университетінің қауым­дастырылған профессоры Әсел Исаха­нованың кеңесіне жүгініп, пікірін білдік. Тәжірибелі психолог кейінгі жыл­дар­дағы балалардың өз-өзіне қол жұм­сауы негізінен ковид пандемиясы кезінде өрши түскенін айтты. – Бұл – әрине, бірнеше рет көтерілген өте өзекті мәселе. Жалпы, суицид көр­сет­кіштері бұған дейін де, коронавирус пан­демиясы алдында алаңдатарлық жағ­дайда еді. Мектептерде мықты, білікті психолог, психиатрлар белсенді жұмыс істеп, бұл кеселдің бетін біршама қайтарған еді. Яғни мұғалімдердің де түрлі тестімен, курс­тармен біліктілігін шыңдап, нәтижесінде, көрсеткіштер төменде­ген. Ал пандемиядан кейін жағдай күрт өзгерді. Өйткені шектеу кезеңінде бүкіл ел барлық қатынасты смартфондардың, компьютердің көмегімен онлайн атқарып, соның ішінде онлайн ойындардың да дәурені жүрді, – дейді психолог. Әсел Әлімаханқызы балаларға көрсе­тілер психологтердің көмегінен бөлек, ең алдымен оларды эмоционалдық тұрақ­ты­лыққа үйрету керектігін алға тартып отыр. – Эмоционалдық тұрақтылық бет­пе-бет қарым-қатынастар арқылы қалып­таса­ды. Яғни бүгінде балалар көбіне онлайн ортада, виртуалды әлемде өмір сүр­гендіктен ол өзін шынайы ортада қалай ұстау керекті­гін, эмоциясын қалай жеткізуге дағдылан­бай, бір жағдай болса, сырын сыртқа айта ­алмай, іштей тынып, ақыры суицидке барады. Ол үшін мектепте, ЖОО-ларда ар­найы орталықтар ашып, жастардың топ болып араласып, көбірек бетпе-бет қарым-қаты­нас орна­туына жағдай жасау керек. Әсіресе 1-2-курс студенттері арасында өз-өзіне ­қол жұмсау оқиғалары жиі орын алады, – деген психолог бүгінгі буынның балаларына ұрсудың өзі қауіпті деген пікірін жеткізді. Иә, расында кеңестік дәуірді көрген ата-аналар санасындағы «Кезінде ата-анамыздан, үлкендерден біздің көрмегеніміз жоқ, қанша таяқ жесек те осы күнде өліп қалмай аман-есен жүрміз ғой» деген көнерген заманның көзқарасы бүгінгі бала тәрбиесіне жүрмейді. – Бұл жағдайда мектеп мұғалімдерін де, ата-аналарды да түзеу керек. Буллинг мәселесін көтергенде ең алдымен осы түйткілге келіп тірелеміз. Өйткені ата-аналардың да, мұғалімдердің ішінде бала­ларға өте қатты қысым көрсететіні белгілі. Олар оны сезбейді, байқамай да қалады. «Неге балаңызға қысым көр­сеттіңіз?» деп сұрасақ, кейбір ата-аналар кезінде өз басынан өткенін айтып, мұны қалыпты жағдай сияқты қабылдайды. Бұл – өте қате әрі қауіпті түсінік. Салыстыруға келмейтін екі бөлек әлем. Себебі қазіргі балалар әлеуметтік ортаға өте жақын. Көп ақпарат алады, көбі өздерінің құқығын біледі. Бүгінгі буынмен негізінен ақылдасу, кеңесу, түсіндіру түрінде сөйлескен жөн. Бұрынғыдай айқайдың астына алып, ұрып-соғудың заманы өткен, – дейді Ә.Исаханова. Психолог буллинг мәселесін заң нормаларымен де, ата-ана, мұғалімдермен де тікелей жұмыс жүргізу арқылы реттеуге болатынын ескерте кетті. Заң демекші, бұл бағыттағы құ­қық­тық-нормативтік актілер биыл біраз кү­шейтілді. Жуырда Бас прокурор Берік Асылов X парақшасында суицидке апаратын 15 мың сайт және сілтемелердің көзі жойылғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ ол апта басында суицидті насихаттайтын ше­телдік сайттар бойынша құқықтық көмек көрсетуге қатысты ақпаратпен бөлісті. «Суицидті насихаттайтын шетелдік сайт­тарға қатысты құқықтық көмек көр­сету бағытында халықаралық тапсыр­малар жіберіледі. Тергеу барысында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгі­зу қажеттілігі туралы мәселені қарас­ты­рамыз», деді Бас прокурор. Ол қажетті тергеу әрекеттерін жүргі­зіп, бірқатар сараптама тағайындалатынын ­да айтты. «ІІМ суицидтің фактілерінде ҚК-нің 313-1-бабы белгілерін тексеру тапсырылды. Тергеу барысын бақылауға алдым. Басқа да әлеуметтік желілерде ҚК-нің 313-1-бабы белгілерінің бар-жоғын тексе­ре­міз. Интернетте өз-өзіне қол жұмсауды наси­хаттағаны үшін прокуратура ҚК-нің 313-1-бабымен 3 қылмыстық іс қозғады. Тергеуді арнайы прокурорларға тапсырдым. Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген контентке қатысты бірнеше Telegram-арнаның қатысушылары мен әкімшілері тексеріледі», деді Бас прокурор. Қалай десек те, қыркүйектен бергі өткен күндер көрген түстей болып көңі­лімізге көп ой салып, күпті етіп қойғаны рас. Бірінен кейін бірі болған балалар суи­циді, әскердегі күнара қыршын кетіп жат­қан жалында­ған жастар ертеңінен үміт күтпей ме деген күмәнді сауал маза­лай бастады.

Жасұлан БАҚЫТБЕК

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Балалар суицидке не үшін барады? | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 985Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля