Абай жерінен 17 сақ қонысы табылды
Абай облысындағы Қаратұмсық қорымынан осыдан 2700-2500 жыл бұрын өмір сүрген сақ тайпасына тиесілі жәдігер табылды. Мұндай бірегей кешен ел аумағында бұрын зерттелген сақ дәуіріне тән қоныстарда алғаш рет кездесіп отыр. Тарихтың кені ашылған кешенде сақтарға қатысты тың ғылыми жаңалық жетерлік, деп хабарлайды Egemen.kz. Shakarim University мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Абай облысы Жаңасемей ауданы Қараөлең ауылына қарасты Қаратұмсық қорымында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қос ғылым ордасы зерттеу жұмыстарын Ғылым және Жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» ғылыми жобасы аясында қолға алған-ды. Қаратұмсық археологиялық кешені – Шығыс Сарыарқа аймағы мен Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан жерде тұңғыш рет кешенді түрде археологиялық зерттеу жүріліп жатыр. Осынау игі істің басы-қасында жүрген археолог Айдын Жүнісханның айтуынша, Абай облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін анықтау, тізімге алу және зерттеу мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алынып отыр. «Екі университеттің Археология институты ғалымдары бірлесіп биыл бұрын-сонды археологиялық тұрғыдан зерттелмеген, тың аймақ Жаңасемей ауданында зерттеу жұмыстарын бастады. Барлау жұмыстары Қараөлең, Ақбұлақ, Абыралы, Көкентау, Жиенәлі, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Достық, Приречный ауылдарының аумағында атқарылды. Географиялық тұрғыдан Дегелең, Абыралы, Жаңғызтау, Көкентау, Доғалаң, Мыржық, Дуана, Арқарлы, Семейтау және тағы басқа ұсақ шоқылы тау жүйелеріндегі ескерткіштер зерттелмек. Барлау жұмыстары барысында барлығы 200 жуық археологиялық ескерткіш анықталды. Ескерткіштердің басым бөлігін қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің жерлеу орындары, тас дәуірінің тұрақтары және сақ заманының қоныстарына тән», дейді археолог ғалым.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Абай жерінен 17 сақ қонысы табылды | Қазақстандағы Ислам
