Жастармен өткен семинар
Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығы ұйымдастырған кезекті семинар ағымдағы жылдың 28 тамызында Индер аудандық жастар ресурстық орталығында өтті.
«Жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту және мемлекеттің зайырлылық тірегін нығайту» тақырыбын қамтыған семинар жұмысын Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев ашып, шараның маңыздылығы, мақсаты мен міндетіне тоқталды. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының діни сауаттылығы, жастарды өзге ағымның жетегінде кетуден сақтау туралы ой өрбітті.
Семинар барысында «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Е.Қамзағалиев елдің тұтастығын, бірлігін сақтап қалу үшін жастарды ата-бабамыз ұстанған Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүруге шақырды. Ал, теолог маман Е.Сағынов зайырлы мемлекеттегі діни ахуал туралы өз ойын білдіріп, дәстүрлі емес діни ағымдардың сипаттары мен негізгі белгілерін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің бас маманы Н.Айдарханова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мурзин, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры С.Көшековтың тақырып аясындағы баяндамалары тыңдалды.
Шара соңында қатысушыларға ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.