Баланы қырқынан не үшін шығарған?

Баланы қырқынан шығару бала өміріндегі ең маңызды шақтың бірі. Себебі ата-бабамыз жаңа туған нәрестені қырық күнге дейін сыртқа шығармай, сырт көзге көрсетпей ұстаған. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Бұл дәстүр қайдан шықты деген сұраққа Этнограф Болат Бопайұлы жауап берді. Оның айтуынша, жаңа туған сәбиді 40 күн толғанда ауыл аналары жиналып, бір ақсарбас еркек тоқтыны тойға арнап шалып, мол дастархан жаяды. – Ұл баланы 40 не 41 күнге, ал қыз баланы 37 не 39 күн толғанда “қырқынан шығару” ырымын өткізеді. Қыз бала ұл балаға қарағанда тез ширайды. Ұл бала баяу ширайды. Қыз бала 9 жасында, ұл бала 12 жасында балиғатқа толатыны содан”, – дейді этнограф. Жалпы, қазақ халқы тілге бай ғой. Әр сөзін талдап, оған жіті мән берген. Қазақ үшін сөздің ғана емес, әр санның өзіндік қасиеті, тәрбиелік мәні мен орны бар. Расында, бір санынан бастап, әр санның қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелігін саралаған. Осы орайда жазушы Зейнеп Ахметова 40 са­нына қатысты өз тқжырымдарын көрсеткен. – Баланы не үшін қырқынан шығарады? Себебі 40 күн ана үшін де, бала үшін де қатерлі кезең. Мәселен, қырқынан шықпаған баланың терісін ұстап көрсең, еті бөлек, терісі бөлек жүреді. 40 күнде ғана баланың еті мен сүйегі бірігеді. Адам қайтыс болғанда да қырқын береді ғой. Өйткені 40 күнде ет пен сүйек ажырайды, соған біз құдайы берміз. Ал мына жерде ананы 40 күн бойы қалжалап, күтеді. Ананың дені сау болмаса, баланың да жағдайы жақсы болмайды. Сон­дықтан 40 күн – ана мен бала үшін күтім мезгілі. Тіпті дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі 6 аптаны жас босанған ана мен балаға қауіпті дейді. Алты апта – 42 күн. Ал әжелеріміз сол қырық күннің қатерлі екенін қалай білген? Жас босанған анаға ауыр жұмыс істетпейді. Бір сөзбен айтқанда, кір жуғызбайды, салқын су ішкізбейді, қой сойып, сорпа беріп, қалжалап баптайды. Бұл уақыт баланың өмірге бейімделетін кезеңі. Қырқынан шықпаған баланың көзі тұманданып тұрады. Ал қалай қырқынан шы­ғады солай жарыққа қарайды. Дыбысқа елеңдейді. Бұл медициналық жағынан да дәлелденген дүние. Баланы қырқынан шығарғанда тырнақ пен шашты ер адамға алғызу керек. Бұл – ырым. Ал сәбидің ит­көйлегін бала көтермеген әйелге ырым етіп берген дұрыс,- деп жазады Зейнеп Ахметова. Расында, сәбиді қырық күн бойы тұзды, сабынды суға алма-кезек шомылдырып отырады. Үлкендердің айтуынша, тұзды суға шомылып өскен баланың денесі шымыр келе­ді. Сондай-ақ түрлі аурудан қорғайды. Өскенде жарасы тез жазылатын болады. Ал сабынды су денесіндегі микробты тазартады. Ал баланы қырқынан шығару дәстүрі – ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет.   Сондықтан сәбиді қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан жоқ. Сонмен баланы қырқынан қалай шы­ғарады? Негізі ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), ал қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. «Қыздың қырық шырағы бар» деген сөз осыдан қалса керек. Жалпы ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Ер мен әйел адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздері­не тән ерекшеліктері бар. Қыз баланың болмы­сы нәзік, ал ұлдар төзімді, қайсар келеді. Сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныштың өз орны бар. Қарап отырсақ, бала мазасызданып жыласа, дұрыс ұйықтамаса  үлкендер жағы «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, Құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталады.

Қырқынан шығару рәсімін тек қана әйел­дер атқарады. Баланы шомылдыратын ыдыс­тың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс тиын сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – тазалықтың белгісі. Сондықтан күміс салынған су ең таза су. Сондай-ақ оған жын-шайтан жоламайды екен. Сәбиді шомылдырып болған соң, сүт тырнағы мен қарын шашын алады. Одан кейін қарын шашын ақ шүберекке түйіп, бесіктің басына қадап қояды. Ал «сүт тырнағын» адам баспайтын жерге немесе «ұрпағы көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көміп тастайды. Осылайша қырқынан шыққан сәбиді бетінен сүйіп, адам қатарына қосады. Бір айта кетерлігі, баланы қырқынан шықпай, бетінен сүйгізбейді. Тек иіскеуге ғана рұқсат етеді. Балжан Әбдіраш

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Баланы қырқынан не үшін шығарған? | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 15 часов

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 874Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля