Дін жолында адасқан ұрпақ: тұйықтан шығудың жолы қандай?

           Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен кеңесте сөйлеген сөзінде «Халқымыздың дүние танымына салт дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» деген болатын. Шындығында, соңғы 40 жылда біздің елімізде дәстүрлі исламды дәріптеу үлкен дағдарысқа ұшырады. Оған себеп, кеңес өкіметі құлап, коммунистік идеология жоғала бастаған кезде, соның орнын басатын толыққанды идеялардың болмауы. Мұның өзі жұртшылық, әсіресе жастар арасында идеологиялық қуыстың (пустота) пайда болуына әкелді. Ағымдар жайлаған сәт Сол кезде қазақтар көпшілік жағдайда мұсылман дініне қарай бет бұра бастады. Өйткені, мұның да себебі бар. Кезінде патшалық Ресей қазақ жерін отарлау барысында әскери күшпен бірге жергілікті халықты арақ, темекі, шай секілді құрамында еліткіш нәрселер бар тауарларды пайдалануға үйретіп, солармен қызықтырды. Мұның белгілі дәрежеде халықты отарлауға әсері де болды. Енді тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елде отбасын, жұртшылықты бүлдіріп, аздырған сол заттардан, әсіресе, арақ-шараптан құтылудың бірден-бір жолы мұсылмандық немесе имандылық жолға көшу деген пікір пайда болды. Сондықтан, атааналар балаларының мұсылман дінін ұстануына, мешітке баруына қарсы болған жоқ. Тіпті, олар жүздеген жылдар бойы ресейлік отарлаудан құтылатын жол осы деп түсіне бастады. Үлкендер балаларының мешітке барып, намаз оқитындығына, арақ-шарап ішпейтіндігіне қуанатын болды. Өкінішке қарай, қуаныш ұзаққа бармады. Соңғы 30 жылда қазақ жерін мұсылман дінінің неше түрлі ағымдары жайлап алды. Дәстүрлі діннен өзге, қазақтың салт-дәстүрінен мүлде тыс қара жамылып, беттерін тұмшалап алған жастар күннен күнге көбейе түсті. Осылайша, ұлтымыздың дәстүріне, еліміздің ұстанымына балта шапқан сорлы қазаққа айналдық. Әбу Ханифа мәзхабы неге шеттетілді? Бірнеше жүздеген жыл қазақ халқы үшін дәстүрлі дін болған Әбу Ханифа мәзхабы шеттетілді. Өздерін «таза мұсылманбыз» дейтін, шын мәнінде экстремистік сипаттағы діншілдер көбейді. Қарапайым халық бұлардың қайдан, қалай пайда болғандарын аңдамай да қалды. Кейінгі кезде белгілі болып отырғандай, Қазақстанда мұндай ағымдардың таралуына жоғары жақтағы үлкен қызметтегі адамдар мүдделі болғандай. Неге олар солай жасады? Оны анықтау – болашақтың ісі. Бұл жерде әлдекімдер осындай қарекеттер арқылы өздеріне материалдық жағдай жасады ма немесе халықты надандық жолға түсіре отырып, оларды басқару жеңіл болады деп ойлады ма? Қалай болған күнде де ендігі жерде елімізде экстремистік діни идеяларды таратқандардың халық алдында жауап беретін кезі келді. Олар Сирияға барып қаза тапқандар үшін, еліміздің әр жерлерінде мемлекеттік органдарға шабуыл жасап, елге үрей әкелгендері үшін, мектеп оқушыларының формасына байланысты қалыптасқан үлгіге бағынбай іріткі салғандары үшін, «мұсылмандар 4 әйелге дейін құқылы» деп балаларын тірідей жетім қылып, бірінен кейін біріне үйленген «мұсылмансымақтар» және басқа да қоғамның, жеке азаматтардың болашағына қайшы іс-әрекеттері үшін жауап берулері керек. Саланы жаңғырту – маңызды міндет Осындай жағдайда «Жаңа Қазақстанға» көшу барысында дінімізді реформалау қажеттілігі туындап тұр. Ол үшін біріншіден, елімізде Әбу Ханифа мәзхабынан басқа діни ағымдарға жол берілмеуі қажет. Екіншіден, VIII ғасырда қазақ жеріне мұсылман дінін таратқан отарлаушы ел Арабияның діни канондары бүгінде қайта қаралуы тиіс. Ең бастысы, барлық уағыздар араб тілінде емес, тек қазақ тілінде жүргізулері керек. Мысалы, «ол дүниеге жұмаққа бару үшін, бұл дүниеде не істеу керек?» деген және басқа да еш логикасы жоқ көптеген уағыздарға тыйым салынуы тиіс. Сөз жоқ, бұл жерде қайта қарайтын дүниелер көп-ақ. Бірақ, оның бәрі діни реформаның барысында атқарылатын болады. Үшіншіден, Қазақстандағы діни жоғары оқу орындары, арнаулы орта оқу орындарының жұмысы қайта құрылуы қажет. Мүмкіндігінше білімді діни мамандар өзіміздің елімізде даярланғаны жөн. Төртіншіден, реформа барысында орталық, облыстың дін істері басқармаларының қызметі, мешіттердің қызметтері қайта құрылуы тиіс. Мәселен, еліміздегі ислам бағытындағы діни бірлестіктердің тіркеу ережесін өзгертіп, ислам бағытындығы бірлестіктерді қысқарту қажет деп санаймын. Бұл жерде қысқарту дегеніміз, өңірлердегі діни бірлестік ретінде тіркелген мешіттерді тіркеуден шығарып, әр өңірге тек бір ислам бағытындағы діни бірлестікті қалдырып, тіркеуден шығарылған мешіттерді осы бірлестіктің ғибадат үйлері ретінде тіркеу қажет. Себебі, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында діни бірлестіктердің ғибадат үйлерінің санына шектеу қойылмаған. Бұл өзгерістер әлемдік бақылаушылардың көзінде Қазақстанның діни бірлестіктерге толерантты көзқараспен қарайтын мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндік беретініне кепілдік бар. Аталған өзгерістердің нәтижесінде біріншіден, шетелдік мемлекеттер бюрократиялық арандатуларды азайтады. Екіншіден, діни бірлестіктердің әдебиеттеріне сараптама жасайтын дінтанушы-теолог мамандардың жұмыстарын азайтады. Үшіншіден, өңірдегі бас имамдардың беделін арттырады. Төртіншіден, діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуден өткізетін органдардың жұмыстарын жеңілдетеді. Сондайақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамдарының өздігінен мамандарды жұмысқа қабылдап, жұмыстан босатуға немесе ескерту бере алатындай құзыреті болады. ҚМДБ мешіттері қызметі жаңа сапалық және жамағат арасында беделді деңгейге, имамдардың ғибадаттар мен діни рәсімдерді өткізу, мемлекеттік саясаттағы зайырлы принциптер және медиа-кеңістіктегі белсенділігі көтерілетін болады.  Осылайша, елімізде «Жаңа Қазақстан» құрудың маңызды міндеттерінің бірі – дін саласындағы реформа болуы керек. Солай еткенде ғана біздің елімізде ұлттық салтсанамыз сақталып, жаңаша дамиды. Бастауын тас дәуірінен алды Мемлекет басшысы өз сөзінде өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайтындығы туралы айта келе, діннің ғылыми-теориялық негізін зерттеп, дамыту қажеттігіне де мән берді. Шын мәнісінде, дін – философиялық мәні бар үлкен ғылым. Ол сонау тас дәуірінде-ақ қалыптасқан. Діннің адамдардың табиғат алдындағы дәрменсіздігінен пайда болғандығы белгілі. Адамдар күнге, айға, отқа, суға табына отырып, солар ғана адамдарды табиғаттың тылсым күшінен сақтайды деген пікірде болды. Заман дами келе пайда болған классикалық діндер өз діндерінің негізгі заңдарының жиынтығы деп құранды, библияны, тауратты жариялады. Енді діндер өз елдерінің халқын қоластында ұстаудың, отарлаушы елдің отарланушы елді бағындыру жолындағы идеологиялық құралына айналды. Мысалға, ислам дінін алатын болсақ, 751 жылы Талас өзені бойындағы соғыста арабтар қарлық қағанатымен одақтаса отырып, Қытай әскерін ойсырата жеңді. Осыдан кейін қытайлықтар болашақ қазақ жерін тастап шығуға мәжбүр болды. Ал, жеңіске жеткен арабтар өздері жаулап алған жерлерде мұсылман дінін енгізді және уақыт өткен сайын ислам дінінің канондарын жетілдіре түсті. XV ғасырда құрылған қазақ хандығында басты дін ислам діні болды. Жөнсіз уағыз айтпаған Қазақ елі бірнеше жүздеген жылдардан бері мұсылман дінінің Әбу Ханифа деп аталатын мәзхабын ұстанып келеді. Тіпті, кешегі дінді мойындамаған кеңес өкіметі тұсында да халық осы мәзхабтан қол үзген жоқ. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында біздің Атырау өлкесінде көрнекті діни қайраткерлер қызмет етті. Солардың кейбіреулерін атап өтуге де болады: Хиуада діни білім алған Айтмұхамбет (Әйтеке) хазіреттің, Бұқарада оқыған Жиенғали (Жиеншора) ишанның, Стерлитамакта оқыған Арал хазіреттің, Бұқарада білім алған Хасан (Нұрмұхамедов) хазіреттің және басқалардың елді сауаттандыруда еңбектері зор болған. Олар мешіт салдырып, балаларды оқытып, халық алдында да, дін жолында да адал қызмет еткен. Діндарлар қарабастарының қамын ойлап, шариғатты жан-жаққа тартып тәлкекке салмаған, елден пара алмаған. Дүниеге, мал-мүлікке қызығып, әділетсіздікке бармаған. Қара қылды қақ жарып, билік айта отырып, біреудің ала жібін аттамаған. Бар болса жоқ-жетімдерге көмектесіп, олардың алғысын алған. Олар қазіргі молдалардай «о дүниеде анадай боласың, мына дүниеде мынадай боласың» деп мән-мағынасыз уағыз айтпаған. Сондықтан да болашақта осындай діни қайраткерлердің өнегесі, дін жолындағыларға үлгі болуы тиіс. Исламды қайта құру оңайға соқпайды Қорыта айтқанда, болашақта Қазақстанда мұсылман діні арабсыздандырылуы, яғни барлық діни қызмет (соның ішінде уағыздар) қазақ тілінде жүргізілуі қажет. Бұл елімізде қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін де керек. Біздің ойымызша ҚР Ұлттық ғылыми академиясы жанынан немесе Ғылым комитеті жанынан философия, құқық және дін ғылыми-зерттеу институты құрылып, діни реформаға байланысты теориялық және практикалық мәселелер сол жерде нақтыланғаны жөн. Облыс әкімдіктерінде әртүрлі реформалардың, соның ішінде діни реформаның іс жүзіне асырылуына бағыт беріп, қадағалаушы Президенттік аппаратқа есеп беріп отыратын идеологиялық басқармасы құрылғаны жөн. Бұл басқарма «Жаңа Қазақстанның» жаңа идеологиялық концепциясының іске асырылуына жауапты болуы керек. Сонымен бірге, біз айтып отырған діни реформа бір мекеменің ғана емес, бүкіл қазақ елі қатысуымен іске асырылатынын әркім де естен шығармауы тиіс. Қазақ қоғамына сай дәстүрлі исламды дәріптейтін, жүздеген жылдар ұстанып келген Әбу Ханифа мәзхабына, қазақ халқының салт дәстүріне негізделген «Жаңа Қазақстанға» лайық дінімізді қалыптастырып, дамыту бүгінгі заманның басты міндеті болуға тиіс. P.S. ЖОҒАРЫДА АЙТЫЛҒАН ОЙ-ПІКІРЛЕР АРАБ ЕЛІНЕ, МҰСЫЛМАН ДІНІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ ЕМЕС. БҰЛ – «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ» ҚҰРУ БАРЫСЫНДА ӨЗ МӘНІН ЖОЙҒАН, БІР ЗАМАНДАРДА ҚАЗАҚ ЖЕРІН ОТАРЛАУДЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРАЛЫ БОЛҒАН МҰСЫЛМАН ДІНІНІҢ ЕСКІ КАНОНДАРЫНАН АРЫЛУ, ЕЛІМІЗДІ ӘРТҮРЛІ ЭКСТРЕМИСТІК АҒЫМДАРДАН ТАЗАРТУ, ЯҒНИ ҰЛТТЫҚ САЛТ-САНАМЫЗҒА, ДӘСТҮРІМІЗГЕ, ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗҒА САЙ ДІНИ РЕФОРМА ҚАБЫЛДАП, ІСКЕ АСЫРУ.

Аманкелді ШАМҒОНОВ, Қазақстанның үздік өлкетанушысы, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

0

Автор публикации

не в сети 6 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 872Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля