Толеранттылық – заман талабы
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап өз мемлекеттік позициясын айқындап алды және бұл кезеңде толеранттылық мәселесі де тысқары қалған жоқ. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі экономикалық дағдарыс жылдары да халқымыз өзіне тән толеранттылық сипатын сақтап қалды. Алайда жаһандану үдерісіндегі адамзаттың қол жеткізген жетістіктеріне, сондай-ақ адами құндылықтарға баса назар аударылып отырғанына қарамастан, қауіп-қатер де белең алып отырғаны жасырын емес.
Нақтылап айтар болсақ, өркениетке қадам басқан бүгінгі әлемнің түкпір-түкпірінде дау-дамай, жанжал және соғыс ошақтары баршылық. Мемлекетаралық, дінаралық дүрдараздықтар, экстремистік, лаңкестік топтар тарапынан болып жатқан қысым, адам құқығын таптау секілді келеңсіздіктер тыйылар емес. Бұл арада әлемдегі экономикалық, әлеуметтік-экологиялық мәселелердің де біздің болашағымызға, тіпті, бүкіл адамзат өркениетіне қауіп төндіріп тұрғанын айтпай өтуге болмайды. Ол өз кезегінде адами және рухани құндылықтарға да кері әсерін тигізбей қоймайды.
Толеранттылық (латын тілінде – шыдамдылық, төзімділік қабілеті, көнбістік) – басқа дүниетанымға, өмір салт-дәстүріне, мінез-құлық пен әдет-ғұрыпқа төзімділіктің социологиялық термині. Толеранттылық немқұрайдылықпен бірдей емес. Бұл сонымен қатар басқа дүниетанымды немесе өмір салтын қабылдау дегенді білдірмейді, ол басқаларға өз дүниетанымына сәйкес өмір сүруге құқық беруінен тұрады.
Осынау сын-қатерлерге лайықты жауап қайтару үшін адамзат толеранттылыққа, төзімділікке, тағаттылыққа, өзара келісімге басымдық беріп, адамгершілікке жүгінуі тиіс. Толеранттылық қай кезеңде болсын ізгілікті іс ретінде саналған. Ол – рухани бірлікке апарар жол. Тиісінше түрлі адамдар өмір сүретін ортада өзара сыйластық пен құрметтің ортаймауына ұйытқы болады. Толеранттылық бар жерде адамдардың құқығы мен бостандығы сақталады. Негізінен әр адамның татулықты қалауы қоғамның тұтастығын қамтамасыз етудің бір тетігі.
Тарихтан баршамыз қазақтың басынан қаншама зұлмат заман өткенін білеміз. Кеңестендіру жылдарында ұжымдастыру, тәркілеу, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға көптеп қоныстануы және оларға қазақ ұлтының қолында барымен әрі бір үзім нанымен де бөліскенін білеміз. Сол кезеңдегі қазақтың қонақжайлығын, қадірін біліп және бүгінде Қазақстан көптеген ұлттар өкілдерінің ортақ үйі, қасиетті отаны болып отыр. Діні, мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі әртүрлі ұлттардың елімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны абыройымызды арттыра түсуде. Бұл мәселеде Қазақстанды әлем үлгі тұтады. Ұлы Даламызда бұрыннан қалыптасқан толеранттылық, төзімділік үрдістері бүгінгі Қазақстан қоғамындағы азаматтық татулық пен келісімнің, ұлтаралық, дінаралық теңдіктің бастауында тұр. Толеранттылық пен дін еркіндігі еліміздегі дінаралық келісімнің орнауын қамтамасыз етуде.
Дәстүрлі ислам дінімізді отандас өзге дін өкілдерімен әділ, әрі жақсылықта өмір сүруді және зұлымдық жасамауды ескерткен. Сүйікті Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім де кім бір зиммиға (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін»,-деген болатын.
Жаңа ғасырдағы толеранттылық – бұл адамзат қоғамындағы қозғаушы күш, қоғамдағы үйлесімді қарым-қатынастың бірегей шарты болмақ. Міне, осы қағидат тұрғысында қоғамды толеранттылыққа тәрбиелеудің барлық мүмкін құралдары педагогикалық заңдылықтарға негізделіп іске қосылуы тиіс. Тек тың идеялар батыл іске асырылса ғана жемісті нәтижеге жеткізетіні белгілі дүние. Бұл өз кезегінде Қазақстанның қай салада болсын дамуына тікелей әсерін тигізеді. Бұл бағытта әрбір істі өзара келісіммен, бірлікпен шешкен жөн.
Қазіргі таңда уақыт біздің ғана емес, бүкіл әлемнің алдына толеранттылықтың, төзімділіктің мән-маңызын түсінудің қажеттігін алға тартуда. Толеранттылық болмай, әлем қауіп-қатерден арылмайды.
Өтегенов Жәнібек Жидебайұлы
Қызылорда облысының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының»
Арал ауданы бойынша бөлімше меңгерушісі