Халық санағы-2021: Негізгі көрсеткіш пен өзгеріс

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының соңғы қорытындыларын жариялай бастады. «Stat.gov.kz» ресми сайтында жарық көретін тақырыптық жинақтар құнды дереккөз ретінде барлық қажетті мәліметті жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. 9 жинақ жарияланады Алдағы уақытта сайтта түрлі бағыт бойынша 9 жинақ жарияланбақ. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының халқы» (1-2 том), «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық құрам, Діни наным және тіл­дер­ді меңгеру», «Қазақстан Рес­­пуб­ликасындағы білім бе­ру», «Қазақстан Респуб­ли­касы халқының өмір сүру құ­ралдарының кірістері мен көз­дері», «Халықтың көші-қоны», «Қазақстан Респуб­ли­касында халықтың жұмыс­пен қамтылуы» (1-2 том), «Неке және отбасы», «Қазақ­стан Республикасының үй шаруа­шылықтары», «Қазақстан Республикасындағы халықтың тұрғын үй сипаттамалары» атты жинақтар көпшілікке қолжетімді болады. Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды об­лыс­тары бойынша санақ өт­кен уа­қыттағы, яғни аймақтар бө­лін­генге дейінгі деректер бе­ріл­ген. Ал жаңадан құрылған об­лыс­тардағы халық саны санақ дерек­терін ескере отырып қайта есеп­теліп, «stat.gov.kz» сайтында жарияланды. 2021 жылы желтоқсанда Ұлттық статистика бюросы алдын ала қорытындыларды, 2022 жылдың шілдесінде қысқаша қорытындыларды ұсынған болатын. Жинақ түріндегі соң­ғы қорытындылар Үкімет қау­лысымен бекітілген Ұлттық са­нақ жүргізу жөніндегі іс-ша­ралар жоспарына сәйкес жария­лана бастады. Айта кетейік, са­нақ деректерін өңдеу сауалдама деректеріндегі кейстерді ашу, қайталауларды, қате деректерді жою, онлайн санақ пен планшет дерекқорларын біріктіру, сондай-ақ 2009 жылғы санақ деректерімен, ағымдағы статистикамен және мемлекеттік органдардың әкімшілік дерек­терімен салыстыру және талдау бойынша жұмыстың мұқият атқарылуын қажет етті. Халық саны 20 пайызға өсті Сонымен бюро оқырмандар үшін «Қазақстан халқы» жина­ғының бірінші және екінші томы бойынша талдаушылар атап өткен негізгі қорытындыларды ұсынды. Елімізде халық саны 2009 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қоры­тындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады. Ал Ұлт­тық статистика бюросы сай­тындағы дәл қазіргі дерек бо­йынша, елімізде 19 944 726 адам тұрады. Жыл соңына дейін 20 миллионды еңсереміз деген үміт бар.

Еліміздің үш өңірінде халық саны 2 млн адамнан асты. Олар – Алматы (2 146 576), Түр­кістан облыстары (2 054 021) және Алматы қаласы (2 030 285). Ал соңғы екі халық санағы ара­сында ең көп өсім көрсеткен өңірлер: Астана қаласында – 2 есе (613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін), Шымкент қаласы (730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін) және Маңғыстау облысында (485 мың­нан 735 мың адамға дейін) 1,5 есе өсім болған. Урбандалу үдерісі Әлем бойынша жүріп жатқан қалалану, яғни урбандалу үрдісі елімізде де анық байқалады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайызға артып, 56,1%-дан 61,2%-ға жеткен. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8%-ға дейін азайды. Қала халқының саны 2,7 млн-нан аса адамға артты. 2009 жылдан бері қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңі­рінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маң­ғыстау, Түркістан облыста­рында байқалды. Қазіргі күні еліміздегі ең урбандалған аймақ – Қарағанды облысы, онда ха­лықтың 80%-ы қала тұрғындары (1 млн-нан аса адам). Республикалық маңызы бар қалаларға келсек, санақ қо­ры­­тындысы бойынша Астана хал­қы 1,23 млн адамды құрады, елордалықтар қатары екі санақ арасында, яғни 12 жыл ішінде 2 есеге өскенін жоғарыда атап өттік. Алматыда халық саны 2,03 млн адамды құрап, 580,6 мың адамға өсім көрсетті. Шым­кент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынды құрап, 381,6 мың адамға көбейді. Айта ке­тейік, екі санақ аралығындағы ке­зеңде аталған қалалардың әр­қай­сысында қосымша бір-бір ауданнан құ­рылды. Елімізде халқының саны 50 мыңнан 99,9 мың адамға дейінгі қалалар саны 8-ден 14-ке дейін көбейді. Гендерлік құрам өзгеріссіз Елімізде әйелдер саны ерлер санынан бұрынғыдай басым. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) көп. Пайызбен айтсақ, ерлердің үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдер – 51,4% (9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыс­тырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйел­дер саны 1,5 млн-ға артты, яғни 1000 әйелге 946 ер адамнан келеді. Демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қара­ғанда көп, содан кейін ғана олар­дың саны азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Тек екі өңірде ғана көрсеткіш ке­рісінше: Қызылорда және Түр­кістан облыстарында 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді. Алдыңғы санаққа қарағанда 15-19 жас және 20-24 жас аралы­ғындағы әйелдер мен ерлер­дің саны азайғанына назар ауда­руға болады. 2009 жылы 20-24 жас аралығындағы топты 80-жылдардың екінші жартысында туған буын құраған еді. Ол кезеңде елімізде туу көрсеткіші жоғары болды. Ал 2021 жылы бұл жас тобын 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында дүниеге келген буын құрады. Бұл кезеңде туу көрсеткіші төмен еді. Сол сияқты 15-19 жас санаты бойынша 2002-2006 жылдары туған ұрпақ 90-жылдардың бірінші жар­тысындағы ұрпаққа қарағанда аз. 2009 жылғы санақпен салыс­тырғанда 55-59, 60-64 және 65-69 жастағы ер адамдар саны сәйкесінше 50,2%, 117% және 69,5%-ға өсті. Осы жастағы әйелдер саны да 2009 жылға қара­ғанда сәйкесінше 38%, 105,9% және 58,3%-ға көбейген. Аталған жас топтарындағы ха­лық­тың өсуі орташа өмір сү­ру ұзақ­ты­ғының артуымен, өмір сүру жағ­дайларының жақ­саруымен байланысты. Біз – жас ұлтпыз Соңғы екі санақ арасында жастар санатындағылар үлесі азайып, үлкен адамдар қатары артқанымен, ел халқының орташа жасы 32-ні құрады. 2009 жылы 31 жас болатын. Яғни біз әлі де жас ұлтпыз. Мұның бір себебі – соңғы екі санақ арасында 15 жасқа дейінгі балалар саны айтарлықтай өскен. 2009 жылы олардың үлесі сол кездегі жалпы халық санының 24,1%-ын (3,9 млн адам) құраса, соңғы санақ қорытындысы бо­йын­ша 29,4% (5,6 млн адам) болды. Бұл – елімізде туу көр­сеткішінің жоғары болуы ар­қасында жеткен өзгеріс. 65 жас­­­тан асқан егде жастағы ха­лықтың үлесі де өсті. 2009-бен салыстырғанда 2021 жылы олар­дың үлесі 7,1%-дан 8,2%-ға дейін артты (1,6 млн адам). Сонымен қатар санақ қоры­тын­дысы бойынша елімізде 101 жас­тан асқан 200-ден астам қарт адам тұрған. Өңірлер арасында балалар саны бойынша Түркістан об­лысы, 90 жастан асқан қа­риялар саны бойынша Шығыс Қа­зақ­стан облысы көш бастап тұр. Ел халқының ұлттық құра­мына келсек, осы жылдың ба­сындағы мәлімет бойынша қа­зақтар жалпы тұрғындардың 70,7 пайызын (13 965 956 адам), орыстар 15,2 пайызын (3 000 611 адам) құрады. Алғашқы үштікті өзбектер түйіндеп тұр. Олардың саны – 643 363 адам немесе жалпы халықтың 3,3 пайызы. Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Халық санағы-2021: Негізгі көрсеткіш пен өзгеріс | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 2 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 874Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля