Қазақ тілі – жеті жұрттың тілін меңгерудің бастамасы
Баланы қандай мектепке берген дұрыс: қазақ сыныбына ма, орыс сыныбына ма? Бұл сұрақ соңғы жылдары жас ата-аналар арасында жиі қойылатын болып жүр. Өз жерінде отырса да, ұрпағымды қай тілде оқытамын деп бас қатыратын біз ғана шығармыз. Бірақ қанша байбалам салсақ та, бүгінгі күннің мызғымай тұрған шындығы осы. Соңғы 5 жылдағы статистикаға назар салсақ, 2018 жылы мектеп табалдырығын аттаған 379 мың баланың 247 мыңы, яғни 65,3 пайызы қазақ сыныбына барыпты. Ал өткен 2022 жылы 389 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, оның 65,8 пайызы қазақ сыныбын таңдаған. Осы аралықта елімізде қазақ ұлтының үлесі 67,3 пайыздан 70,18 пайызға көбейіп, өсім 2,9 пайызды құрағанын ескерсек, қазақ мектебіне барған балдырғандардың қатары 5 жылда бар-жоғы 0,5 пайызға ғана артқаны көңілге күмән ұялатады. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін, бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды жүргізіле беретінін айтқан болатын. Иә, елімізде ана тіліміздің дамуы мен құтты тұғырына қонуы үшін көп жағдай жасалып жатыр. Алайда одан тіл ахуалы қаншалықты жақсарды? Әрине, 90-жылдармен салыстырғанда жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды таптық деп бөркімізді аспанға атсақ та, әттеген-ай дейтін тұстарымыз да жоқ емес. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, тіл жанашыры Тұрар Сәттарқызы қазақ ата-аналардың балаларын өзге тілдегі мектепке сүйреуінің бір себебін тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да әлі күнге тілімізді төрге шығара алмай келе жатқанымызбен түсіндіреді. «Бұған ең алдымен өзіміз кінәліміз. Көбі балаларын ана тілінде оқытуға қорқақтайтын себебі, олардың саналарында «қазақ тіліндегі мектептерде білім деңгейі төмен», «қазақша оқыған балалар ұялшақ, жасық болады», «заманынан қалып қояды» деген жаңсақ пікір ұялап қалған. Шын мәнінде мұның барлығы жалған. Ең сорақысы, олар әлі де қазақ тілінің болашағына сенбейді», дейді ол. Иә, шын мәнінде, барлық проблеманың ұшы осы сенбестіктен шығып жатқанға ұқсайды. Біздің қолға қалам алғанымыздың бір себебі де «қазақ тілінде білім алған баланың болашағы бұлыңғыр», «қазақ тілінің келешегі жоқ» деген кеңестік кезден қалыптасқан жалған түсініктің тұманын сейілту еді. Сонымен біз не үшін баламызды қазақша оқытуымыз керек? Оның ұрпағымызға қандай пайдасы бар? Ең алдымен, әрине, ол – біздің мемлекеттік тіліміз және ана тіліміз. Осы елде өмір сүріп жатқан әрбір адам оны білуге міндетті. Бұл – өзгермейтін аксиома. Ұрпағының болашағын ойлаған әрбір ата-ана баласын қазақша мектепке беріп, мемлекеттік тілді біліп өсуіне барынша жағдай жасауы керек. Үнді радикалдары құлшылық орнын заңмен қудалады 07.08.2023 Садио Мане умра жасады 07.08.2023 Белгілі тіл жанашыры Аятжан Ахметжанұлы мынадай қызықты дерек келтіреді. Солтүстік Қазақстан облысында 75 мың оқушы бар. Оның ішінде ауылдардың көбінде балалар қазақ тілінде білім алады. Ал Түркістан облысында 510 мың оқушы бар. Олардың барлығы дерлік қазақша оқиды. Енді осы екі санның ара-салмағын бағамдап көріңіз. Бұдан бөлек, осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылы елімізде балалардың 37 пайызы ғана қазақ тілінде оқыса, биыл түлектердің 70 пайыздан астамы қазақ мектебін бітіріп шықты. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің 75 пайызы қазақ тілінде оқуға ниет білдірген. Біз осының бәріне қарап отырып қазақтілді жас толқынның қарасы қалың екенін және ертеңгі қазақ қоғамы бүгінгіден де қазақтілді ортаға айналатынын бағамдап отырмыз. Сонымен қазақ мектебінде оқудың қандай пайдасы бар және қазақ тілін білу қандай мүмкіндікке жол ашады? Біріншіден, қазақ мектебін бітірген баланың үштілді болып шығуы. Біз күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, орыс мектебін бітірген балалар көбіне бір тілді ғана білетін болса, қазақ мектебін тәмамдаған түлектер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеріп шығады. Мамандардың айтуынша, адам неғұрлым көп тіл білген сайын оның шет тілдерін үйрену қабілеті жоғары болады және ол үшін психологиялық кедергілер анағұрлым аз кездеседі екен. Яғни кемінде екі тіл білген адам үшінші, төртінші тілдерді де оңай үйренеді. Ал бір ғана тілде, мәселен тек қазақша немесе тек орысша сөйлейтіндер үшін өзінің үйреншікті әлемінен шығып, өзге тілдің әлеміне ену, яғни жаңа тілді меңгеру оңай емес. Осы тұрғыдан алғанда қазақ мектебінде оқыған балалардың белгілі бір деңгейде полиглот болып шығуы олардың басқа да шет тілдерін еркін үйренуіне жол ашады. Екіншіден, қазақ тілін білудің тағы бір артықшылығы – оның құрылымы мен грамматикасы жағынан шығысазиялық тілдермен өте ұқсастығы, сәйкесінше сол тілдерді оңай үйрену мүмкіндігі. Бұған дейін көп адам қазақ тіліне тек түркі халықтарының тілімен туыстас, басқа әлеммен мүлдем байланысы жоқ оқшау тіл ретінде қараса, бүгінде мамандар оның байланыс аясы әлдеқайда кең екенін айтып отыр. Кезінде Абай атамыз «Орыстың тілі – дүниенің кілті» деген болса, одан кейінгі заманда әлемнің бәрі Еуропа мен Американың аузына қарады. Ал жаңа ғасырда дүниедегі білім мен ғылымның, заманауи технологиялардың орталығы Азия құрлығына қарай ойысып келе жатыр. Қазіргі қазақ жастарына субмәдениетімен ықпал етіп жатқан Оңтүстік Корея, экономикадағы таңғажайыбымен танылған Жапония және әлем алпауытына айналған Қытай мемлекеттері жақын болашақта дүниенің темірқазығы болады деген болжам бар. Көптеген сарапшы бүгінде ағылшын тілімен қатар қытай тілін де меңгерудің артықшылығын айтып жүр. Ғалым Дүкен Мәсімханұлының айтуынша, орысша сөйлейтін адамдарға қарағанда қазақтілділер үшін қытай тілін үйрену әлдеқайда оңай. «Мен 30 жылдан бері қазақ және орыс топтарындағы студенттерге қытай тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. Сол кезде байқағаным, қазақ тобындағы жастар қытай дыбыстарын тез меңгеріп, акцентсіз сөйлеп кетеді. Ал орыстілді жастар көп қиналады. Өйткені қытай тілінде «ң» дыбысы келетін сөздер өте көп. Ол екі сөздің бірінде кездеседі. Мәселен, «шаң» деген сөз бар, мағынасы «жоғары» дегенді білдіреді. Егер оны «шан» деп айтса, «тау» деген мағынаға өзгеріп кетеді. Орыс тобындағы студенттер осындай ұқсас сөздерді айта алмайды. Сондықтан қазақ тілінде білім алып шыққан жастарымыз шығыс көршіміздің тілін қиналмай еркін меңгереді», – дейді ол. Дәл осындай ойды елордамызда «Lingva Ten» атты тіл орталығын ашып, ана тілін білмейтін қазақтарға қазақ тілін үйретіп жүрген кәріс азаматы Владислав Тен де айтып отыр. «Қазақ, корей, жапон тілдерінің грамматикасы бірдей. Осы үш халықтың адамдары бір-бірінің тілдерін өте тез үйренеді. Мәселен, қазақ тілінің орыс тілінен үлкен бір ерекшелігі – етістіктің есімше түрінің болуы. Айталық, бару деген етістікті алсақ, есімше жалғауымен ол келер шақта «барар», «баратын», осы шақта «бара жатыр», өткен шақта «барған» деп айтылады. Дәл осы сөздердің орыс тілінде баламасы жоқ. Мұны орысшаға аудару үшін шылау сөздерді пайдалануға тура келеді. Мысалы, «Астанада тұратын адам» деген сөйлемді дәлме-дәл орысшаға аудара алмайсың. Ол үшін «который» деген шылауды қолданып, «Человек, который живет в Астане» деп айтуға тура келеді. Ал корей тілінде дәл қазақшадағы секілді есімше жалғаулары бар. Бұл бір кішігірім ұқсастық секілді көрінгенімен, корей тілін үйрену барысында қазақтілді адамдар үшін үлкен көмек болады. Ал орысша сөйлейтіндер өз тілінде кездеспейтін осындай өзгешеліктерді меңгеруде қатты қиналады», дейді ол. Сонымен бірге, Владислав Тен қазақ тілінде сөздерді байланыстыру, сөйлем құрау үшін өте жиі қолданылатын «деп», «деген» сөздерінің тура баламасы корей тілінде де бар екенін айтады. Бұл сөздер орыс тілінде мүлдем қолданылмайды. «Мен өзімнің орталығымда адамдарға ағылшын, қазақ және корей тілдерінен сабақ беремін. Сонда байқағаным, корей тілін қазақтар тез үйренеді де, орыстілді азаматтар оған бірнеше жыл уақытын жоғалтады», дейді. Сонымен қатар ол кейінгі уақыттарда қазақ тілін үйреніп жатқан орыстардың қатары көбейгенін жеткізді. Алтай тілдер тобына жататындықтан, жапон және қазақ тілдерінің грамматикасы да өзара «туыс». Жуырда Жапониядан елімізге келіп, 7 айдың ішінде қазақ тілін үйреніп алған Мисаки Эбина есімді қыздан сұхбат алған болатынбыз. Тілді тез меңгеруінің құпиясын сұрағанда ол: «Адамның шет тілін үйренуі оның бұған дейін қандай тілде сөйлейтініне байланысты. Мысалы, қазақ және жапон тілдері грамматикалық тұрғыда ұқсас. Сондықтан жапон тілінің құрылымын білетін адамға қазақшаны үйрену аса қиын емес. Екеуі де жалғамалы тілдерге жатады. Яғни түбір сөз өзгермейді, оған жалғаулар мен жұрнақтар жалғанып отырады. Сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі де екі тілде бірдей», деп жауап берген болатын. Иә, мұның бәрін біз қазақ мектебінде оқып, қазақ тілін біліп шыққан адамның алдынан ашылатын мол мүмкіндік ретінде айта аламыз. Шығыс Азия тілдерінен бөлек, қазақ және араб тілдерінің сөздік қоры тұрғысынан жақындығын да еске сала кету керек. Бұл екі тіл грамматикалық тұрғыдан ұқсас болмаса да, ислам дінінің келуімен тілімізге көптеген араб және парсы сөздері еніп, ана тіліміздің сөздік қорының жартысына жуығын құрап отырғаны белгілі. Жалпы, қазақтар үшін араб және парсы тілдерін үйрену өте оңай. Өйткені егер сіз қазақша-арабша немесе қазақша-парсыша сөздікті ашып қарайтын болсаңыз, әрбір үшінші сөздің екі тілге де ортақ екенін көресіз. 300 миллионнан астам адам сөйлейтін араб тілі әлемдегі ең ірі 5 тілдің қатарына кіреді. Оны білген адам үшін жаңа бір таныс та бейтаныс әлемнің, ұлан-ғайыр кеңістіктің есігі ашылады. Ол тілде біздің ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпаққа құпиясы ашылмай жатқан талай еңбектері жазылған. Мұндай еңбектердің көбі қазір араб елдерінің мұрағаттарында сақтаулы. Оның бәрін зерттеп, жарыққа шығару, қазақтың тұмса тарихын түгендеу үшін әлі күнге араб тілін білетін зерттеуші ғалымдар тапшы. Сондықтан бұны да қазақ мектебінде білім алған жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік және ұлт алдындағы міндет деп ұғынуға болады. Бұдан бөлек, бүгінде 200 миллиондай адам сөйлейтін түркі тілдерін де назардан тыс қалдырмау керек. Қазақ тілін білетін адам Шыңжаңнан Түркияға дейінгі кеңістікте өмір сүріп жатқан ондаған түркі халқының өкілдерімен еркін сөйлесе береді. Осы айтылған жайттардың бәрін назарға алатын болсақ, қазақ тілі кейбіреулер айтатындай «тек тұрмыста қолданылатын», «артта қалған» тіл емес, әлемдік кеңістікте мүмкіндігі орыс тілінен кем түспейтін күш-қуатқа ие екендігін көреміз. Ал ең бастысы, «ана тілің – арың бұл» деген қағиданы негізге алып, ата-бабамыз мұраға қалдырған құндылығымызды сақтау және оны ұрпаққа аман-есен табыстау арлы адамның ісі екендігін естен шығармағанымыз ләзім. Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ Тегтер: ағылшын тілібасты тақырыпЕскендір Зұлқарнайқазақ мектебіқазақ тіліқытай тілімемлекеттік тілорыс тілі
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қазақ тілі – жеті жұрттың тілін меңгерудің бастамасы | Қазақстандағы Ислам