Мақалалар

ИСЛАМҒА ДЕЙІН ТҮРКІЛЕРДІҢ НАНЫМЫ, САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ

   ИСЛАМҒА ДЕЙІН ТҮРКІЛЕРДІҢ НАНЫМЫ, САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ

 

 

 

Түркі халықтарының қысқаша сипаттамасы

Түркілер – Ислам келместен бұрын да дүние жүзіндегі ең көне және тамыры терең халықтардың бірі болған. Олардың аумағы Корей түбегінен бастап Дунай өзендеріне дейін ұлан-ғайыр атырапты иемденген. Еуразия кеңістігі деп аталып жүрген кең дала түркілердің атамекені. Түркі халықтары өз араларында көптеген тайпаларға, ұлыстарға бөлініп өмір сүрген. Яғни, олардың өмір салты пайғамбарымыздың дәуіріндегі арабтарға ұқсас болған. Олар Ислам дәуіріндегі тарихта да маңызды рөл атқарды. Еуразия даласына ислам келместен бұрын түркі халықтардың наным-сенімдері жайлы әркелкі пікір де, дәйек те көп. Түркілердің саны  дәл қазіргі уақытта орта есеппен 300 миллионға жақындайды.
7 тәуелсіз мемлекеті бар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Түркия, Мажарстан. Сонымен қатар халықаралық қауымдастық мойындамаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасымен 8 мемлекет деуге болады. Федералды мемлекеттерде әсіресе Ресей құрамында ірілі-ұсақты түркі республикалары мен халықтар мекендейтін
аумақтар да бар: Якутия, Тыва, Алтай, Татарстан, Башқұртстан, Қабардин-Балқария, Хакасия, Чувашия, Ноғайлар, құмықтар, тофаларлар, т.б. Қытай Халық Республикасы аумағында Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы ауданы, оған қарасты Іле Қазақ және Қырғыз автономияларын да атап өткен жөн. Ауғанстан мен Таяу Шығыста азды-көпті түркілер мен Иранда 30 миллионға жақын әзірбайжандар өмір сүреді. Түркі халықтарының басым бөлігі ислам дінін, ал аз бөлігі христиандықты және әртүрлі наным-сенімдерді ұстанады.

Пайғамбарымыздың дүниеге келмес бұрынғы түркілердің жай-күйі

Адамзат тарихындағы ең ірі империялардың бірі Ғұн империясы тараған соң, шашыраған түркі халықтары бірі қытайға, бірі басқа ірі мемлекеттердің қол астына өтіп, оларға салық төлеп, басыбайлы болуға мәжбүр болды. Ғұндардан тараған теле тайпалары V ғасырдың орталарында Ашина есімді көсемнің жанына топталып, арты үлкен мемлекетке айналады. 500 жылдардың басында түркілер Алтай тауларының етегінде Қытаймен шекаралас маңда өмір сүрген. Теле тайпалары батыстағы көршісі Жужан қағандығына басыбайлы болып, салық төлеп отырған. 545 жылы Бумын бастаған  телелер Қытай патшаларымен бейбіт келісімге отырғаннан соң 552 жылы батыстағы ірі мемлекет Жужан (авар) қағанатын тас-талқан етіп жеңіп, қазіргі Моңғолия мен Қазақ даласын, Орта Азияны қамтыған Көк Түрік қағанатының құрылғандығын жариялайды. Міне осы мемлекеттің атымен мыңжылдықтарға дейін бізді түркі халықтары деп атайды. Түрік – темір , қатты, қайратты деген мағына береді.

Түркі халықтарының діни наным-сенімдері.

Түркі халықтары Ғұн империясының дәуірінде де , кейін ол империя тарап, тайпалар бірі қытайға, бірі басқаның ықпалына кеткенде отарлаған елдерінің дінін қабылдаған кездер болған. Негізгі дәстүрлі діни наным-сенімі – Тәңіршілдік.

Адамзат тарихында мейлі қандай ұлт болмасын Жоғарғы Құдайға сену қарапайым қоғамдарда, тайпаларда жиі кездеседі. Шығыстану, дінтану ғалымдары әсіресе Вена этнографиялық мектебінің негізін қалаушы В.Шмидт осы құбылысқа сүйене отырып, адамзаттың діни тарихында монотеизмнің (бірқұдайлық) бар екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге тырысты. Дегенмен, түркі қоғамы сияқты қоғамдарда басқа нанымдарды кездестіреміз. Тарихи жағдайлар бұл наным-сенімдерді азды-көпті өзгерткендіктен, олардың ешқайсысын «бастапқы» және «таза» күйінде байқау және анықтау мүмкін емес.[1]

Дәстүрлі түркі діні – өз бастауынан бері бір жаратушыға үздіксіз сенгенгендігінің көрінісі. Бұл діни тарихта біз білетін ең көне термин «Тәңір». Қытай жылнамаларында ғұндардың Көк Тәңіріне сенгені айтылады. Б.з.б ғасырлардағы қытай дерегі Ши-киде Ғұн қағаны Мөденің (б.з.б. 209-174) титулдарының арасында Тәңір құты сөзі де кездеседі. Сол заманғы қытай деректерінде түркі халықтары Тәңірді абсолютті күш, құдіретті зат деп сенгенін көрсетеді.

Орыс шығыстанушылары түркі халықтарының діни наным-сенімінде монотеизм жоқ, әрбір жаратылысқа олар тәңір деп сиынған, су тәңірі, көк тәңірі, жер тәңірі т.б сенімдері болған. Демек осы тұрғыда алғанда тәңіршілдік политеистік діни сенім, яғни пайғамбарымыз дүниеге келмес алдынғы арабтар сияқты әр түрлі пұттарға табынғандай әр қандай жаратылысқа тәңір деп сенген деп түсіндіреді.

Алайда, бұл пікірге әлемдік шығыстанушылар мен түрік зерттеушілері үзілді-кесілді қарсы.  Тәңірщілдік терминінің авторы қазақтың зерттеушісі Ш.Уалиханов, артынан бұл терминді халықаралық ғылыми айналымға айналдарған француз шығыстанушысы Жан Поль Ру. [2]

Орыс зерттеушілерінен Көк Тәңірінің монотеистік діни сенім екенін мойындаған адам Л.Гумилев. Ол өз кітаптарында Шыңғысхан дәуіріндегі татар-моңғолдардың, қыпшақтардың Мәңгілік Тәңірге табынуға негізделген монотеистік дінді ұстанғаны жайлы деректер келтірген.[3]

Көктүрктер (алғашқы түркі мелмекеті) түркі қауымдары арасында өздерінің наным-сенімдері, мәдениеті және саясаты туралы құнды мәліметтерді қамтитын жазба деректер қалдырған алғашқы тайпа болды. Білге қаған «Орхон жазбаларында» ескі түрік сенімін бір ғана сөзбен түсіндіреді:

«Үстінде көк аспан мен төменнен жаңбырлы жер пайда болғанда, олардың арасында адам баласы жаратылды».

Тәңіршілдік —  Көктүрік қағандығы дәуірінде монотеистік дін болғаны айқын көреміз. Осы уақытта діни мәдениет гүлденді деп айта аламыз. Көктүрік билеушілерін түркі халқы Тәңірдің таңдаған елшісі ретінде қабылдады. Қайтыс болған хан немесе қаған өлгеннен кейін өзінің тәңірлік тіршілігін жалғастырып, халқына қолдау көрсету үшін жыл сайын қайтыс болған күні құрбандық шалынып отыруы керек деп есептелген.

Көктүріктердің наным-сенімінде аздаған қытай ықпалдары бар. Білге қаған өз жазбаларында ата-бабасының қателіктерін жан-жақты талқылап, халқын қытайлардан келетін қауіптен сақтандырған. Осы себепті түркі ұлысының дістүрлі дініне аса мән берілді.

Осыған қарамастан, 12 жануардан тұратын қытай күнтізбесі және жануарлар атауларымен аспан аспектілерін сипаттайтын кейбір әсерлер сақталды. Мысалы, Көктүрік қағанатының жерлері бөлінген төрт өлкенің атауын Бүркіт облысы, Доңыз облысы, Қабылан облысы және Ит облысы деп атаған.

Көктүрік жазбаларында кездесетін тағы бір сөйлем Тәңіршілдіктегі Қиямет күні туралы түсінік береді:

Жоғарғы аспан опырылмаса, асты жер құламаса, түрік елі, мемлекетіңді, дәулетіңді кім бұзады?

Демек, көктүріктердің «аспанның» күйреуі мен жердің күйреуімен ақырзаман болады деп сенгенін айтуға болады.

Жазбалардың бірінде түркілер арасында буддизмді таратпау туралы ескерту мәтіні бар. Мәтінде Қағанның інісі Тоныкөк буддизм түркілерді енжар, жалқау, қорқақ ​​ететінін және мұның алдын алу керектігін айтады. [4]

Тәңіршілдік нанымы туралы тәуелсіз ғылыми аналитикалық зерттеулер өте аз. Тәңіршілік проблемалары алдағы уақытта үлкен зерттеулерімізде көрініс табады деп ойлаймын.

Ислам жаппай түркі халықтарына тарай бастағанда біз көрген феномен ол Тәңір атауының – Алла тағалаға қарай қолданылуы. Алладан басқа тәңір жоқ, Тәңір жарылқасын, Тәңір қаласа деген сияқты сөз тіркестерін атақты Құран аудармашысы Х.Алтай бабамыз: Тәңір – арабтың Иләһ сөзіне аударма деп келтіреді. Бұл да болса Қарахан дәуіріндегі «лұға» тіл ғалымдарының бастап берген дәстүрі болса керек.

Бүгінгі күнде біз отандық ақпараттық тартыстарда неотәңіршілдік қозғалыстың өршіп тұрғанын айқын байқаймыз. Олардың уәжінше Тәңіршілдік көпқұдайлық нанымға лайық, суддың тәңірі бөлек, жердің тәңірі бөлек, таудың тәңірі бөлек деп түсіндіреді. Бұл пікірдің қате екенін, жансақ екенін жоғарыда келтірдік. Неотәңіршілер ата-бабамыздың ескі тарихтарын пайдалану арқылы өздерін ақтағысы келеді. Ислам қабыл етпеген шаманизм мен тәңіршілдіктің кейбір элементтерін сақтап қалған қазіргі кейбір түркі халықтарының жағдайын , русификацияға ұшырау деңгейін көре отыра біз қазақ сияқты басқа да мұсылман түркі халықтарын ислам өркениеті байытқанын анық айқын айта аламыз.

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры дінтанушы, тарихшы  Абзалұлы Ернар

 

[1]  Prof. Dr. Ünver Günay, Prof. Dr. Harun Güngör . Türklerin Dini Tarihi / Başlangıçlarından Günümüze. 35 S. 2015. Kayseri

[2] Тенгрианство / Кызласов И. Л. // Телевизионная башня — Улан-Батор [Электронный ресурс]. — 2016. — С. 29

[3] Гумилёв Л. Н. Глава VII. Религия тюркютов // Древние тюрки. — М.: Наука, 1967. — 504 с.

[4]    Murat Uraz. Türk Mitolojisi.

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля