Дінаралық диалог – бейбітшілік кепілі
Ислам діні үшін, дінаралық диалогтың маңызы ерекше. Исламға қатысты кез келген мәселені қозғағанда ең әуелгі кезекте «насс» деп аталатын ислам дінінің берік негіздері Құран мен сүннетке қарайтынымыз белгілі. Қасиетті Құранға қарағанымызда, мына аятқа көзіміз түседі. Бұл «Али Имран» сүресінің 64 аяты хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) және мұсылмандарға жол көрсетіп, кітап иелерін ортақ түсінікке илігуге шақыруда: (Уа, Мұхаммед! Оларға): «Уа, кітәп иелері! (иудей, христиан және өзгелері) Қане бізге де, сендерге де ортақ болған арамыздағы мына сөзге келейік: Алладан басқа ешкімге табынбайық және оған ешкімді һәм еш нәрсені серік етіп қоспайық. Сондай-ақ Алланы ұмытып, бір-бірімізді тәңір тұтпайық», – деп айт. Егер олар (бұл үндеуге құлақ аспай) сырт айналып кете барса, онда: «Ендеше куә болыңдар! Шүбәсіз, біз (Аллаға қалтқысыз мойынсұнған) мұсылманбыз», – деп айтыңдар. Бұл жерде түрлі ұлттар мен ұлыстарды, діндер мен қасиетті кітаптарды бір негізге біріктіріп, ортақ ұғымға шақырғанын, ислам дінінің барлық адамзат баласына тура жол көрсеткенін көреміз. Осы тұрғыдан келгенде, дінаралық диалог үрдісінен қалыс қалу мұсылман үшін мүмкін емес, оған үлес қосу тіпті міндетті жағдай екенін аңғарамыз. Қаласаңыз, тағы бір аятқа назар аударайық. Адамдардың ұлт пен ұлыстарға бөлініп, әртүрлі жаратылуы да бекер емес. Бұл жағдай олардың өзара мәдениет, білім, тәжірибе алмасуы үшін көзделген. Алла Тағала Құранда бұл туралы былай дейді: «Уа адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» (Хужурат сүресі, 13-аят). Міне, көрдіңіз бе, ислам діні иман мен құтқарылуды тек өзіне телитін эгоист дін емес, ол өзгелердің де сенімге ие екеніне кең көзқараспен қарайды. Осы себепті өзіне дейінгі иудейлер мен христиандар сеніміне дін ретінде қарап, оларды «кітап иелері» ретінде қабылдаған. Алла Тағала: «(Құранға және Алла елшісіне) иман келтіргендер, иәһудилер, христиандар және сәбиилер осылардың арасынан кімде-кім Аллаға және ақырет күніне кәміл иман келтіретін һәм игілікті істер атқаратын болса, Раббыларының дәргейінде дәрежесіне қарай әрқайсысының алар сауабы бар. Олар үшін ешқандайда қорқыныш жоқ, сондай-ақ олар әсте қамықпайды – деген Бақара сүресі, 62 аятынан да осы мәнді аңғаруға болады.
Сабилер деген ұғым бар. Олар да сенім иесі және көне қауым. Құранда иудей, христиандармен қатар аталады. Ғалымдар христиан, иудей және мажусилер арасындағы топ ретінде ешбірі дінге ие емес, не көне дін дәстүрімен жүрушілер деп те қарастырған. Әбу Ханифа жұлдыздарға не періштелерге табынса да аятта аталған қауымның қасиетті кітапқа сенетін, Забурды мойындайтындығын негізге алып, олардың мұсылмандармен үйленуіне рұқсат еткендігі айтылады. Себебі қасиетті кітаптардың біріне сену ислам дәстүрінде тәухидке мойынсұну деген мәнді білдіреді. Сөзімді жалғайын, сол себепті Құран аяттарында өзге дін өкілдерімен ортақ түсінісу және дінде күштеу жоқ екендігі, сенім еркіндігі мәселелері айтылған. Сөз басында Құран мен сүннет туралы айтып өттік. Енді сүннеттегі дінаралық диалогқа деген ұстанымға тоқталайық. Сүннет – ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с) айтқан сөздері, істеген істері мен көзі тірісінде құптаған іс әрекеттер жиынтығы болып табылады. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) өзге дін өкілдерімен жарасымды сыйластығын үзбей, тек диалог емес, бейбітшілікте бауырларша өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсеткен. Бұған әсіресе Мәдина келісімі куә. Хижри екінші жылы иудейлермен жасалған бұл келісім бейбіт қатар өмір сүру ұстанымдарын бекіту тұрғысынан үлкен мәнге ие. 47 баптан тұратын келісімде мұсылман мен иудейлерге қарасты түрлі қауымдардың діни, құқықтық, қоғамдық, тіпті экономикалық тұрғыдан ішкі және сыртқы қатынастарын айқындайтын мәселелер қамтылған. Оның үстіне, бұл келісім іс жүзінде жүзеге асып, адамзатқа бейбіт қатар өмір сүрудің ең тамаша үлгісін паш еткен. Хазірет пайғамбар (с.а.с.) жеке өмірінде де өзге дін өкілдерімен көркем мәміле жасай білген. Бір жолы Әбу Шамс атты иудейден алған екі жүз кило арпа үшін қалқанын кепілдікке қалдырған. Тағы бір жолы сахабаларымен отырғанда, жандарынан бір кісіні жерлеуге апара жатқан көпшілікті көріп орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қайтыс болған кісінің өзге дін өкілі екені айтылғанда, «Кім болса да адам баласы емес пе?» деп ой салған. Ислам үкімдері бойынша мұсылман билеушілер өз қарамағындағы кітап иелеріне наным-сенім еркіндігін беріп, құлшылықтарын жасауына кеңшілікпен қараған. Хазірет пайғамбар мен халифалар кезеңінен бастап барлық әділетті мұсылман билеушілер кітап иелерінің құқын құрметтеп, бұл мәселеге мұқият қарағаны тарихи шындық. Өзге дін өкілдері өздеріне міндетті салықтарын төлеп, мемлекет олардың мал-жан қауіпсіздігін кепілдеген. Себебі «Кім бір зыммиға (өзге дін өкіліне) жәбір көрсетсе, қиямет күні сол адам менің жауым» деген хадисте бұл мәселе қатаң ескертілген. Жорыққа шыққан қолбасшыларға халифалар мен әкімдер мұсылман билігіне қарасты өзге дін өкілдерінің құқықтарын аяқ асты етпеуді, оларға құлшылық жасау еркін беру әрі адами қарым-қатынастан таймау керектігі қатаң ескертетін. Имам Әбу Юсуфтың «Китабул харажы», Әбу Убайд Қасым ибн Сәлләмның «Китабул әмуалы» және басқа да мұсылман заңгерлердің еңбектерінде өзге дін иелерімен құқықтық мәселелер кеңінен қамтылған. Мұсылмандар христиандарға, олардың ғибадатханаларына, шіркеу ішіндегі түрлі мүсінді тастар, мозаикалар, суреттер, арнайы мерекелерде тағатын айқыштар, қабірлері мен жаназаларына да әрдайым құрметпен қарады. Ислам тарихында бұның нақты мысалдары аз емес. Хазіреті Омар (р.а.) тарихта Йерусалим бас патриархы Софрониймен ортақ келісімге келгенде, мұсылман билігі олардың негізгі құқықтарын қорғайтынына уәде берген. Бұл дәстүр кейіннен де сабақтаса жалғасып отырған. Ислам негіздері болып табылатын Құран мен Сүннеттің дінаралық диалогқа о бастан ашық екенін дәлелдеп айтып жатырсыз. Қазір әлемде христиан және ислам әлемінің арасында өркениеттер қақтығысын тудырғысы келетіндердің пиғылдары байқалып қалады. Енді бұл екі әлемдік ірі діннің қақтығысуы нені білдіреді деген мәселеге тоқталайық. 1993 жылы американдық әлеуметтанушы әрі саясаттанушы Самуэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты кітабы шыққанда, бұл болжам ба әлде алда жоспарланған стратегия ма дегендей инттеллектуалды қауымдастық ортасында үлкен пікірталастар өрбіді. Автор әлем өркениеті картинасының өзгерісіне қарап, халықаралық қатынастардағы өзгеріс динамикасын қарастырды. Ол қазіргі өркениетті құрап отырған 9 этно мәдениетті атап, олардың бір-бірімен текетірес жағдайында екенін білдірді. Хантингтон тұжырымы бойынша, қазіргі этномәдениет картасын мыналар құрайды: батыс мәдениеті, латынамерикандық мәдениет, жапон мәдениеті, қытай мәдениеті, үнді мәдениеті, ислам мәдениеті, православ мәдениеті, африка мәдениеті, будда мәдениеті. Хантингтон қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң, гоесаясатта енді бұрынғыдай әлем елдері арасында емес, соғыс не қақтығыс мәдениеттер арасында орын алады деп болжам жасады. Әсіресе, батыс пен ислам мәдениеті үлкен қақтығысқа барады деген ой тастады. Бұл әрине болжам. Егер стратегия болса, ол өте қорқынышты. Себебі, жекелеген кейбір елдердегі ғибадат орындарына жасалған жекелеген террорлық шабуылдардың өзінің салдары орасан. Ал, ол әлемдік деңгейге ұласса не болмақ?! Сондықтан, кез келген өзгеше сенім мен түсінікке, мәдениет пен дәстүрге, дүниетанымға ашықтық және түсіністік аса қажет. Дінаралық диалог арқылы бейбітшілікті күн тәртібінде ұстау бұндай қақтығысқа жол бермейтіні белгілі. Осы орайда, христиан әлемінде Католик шіркеуінің бастамашылдығымен дінаралық диалог жұмыстары жандана бастады. Дегенмен, Католик әлемі дінаралық диалогқа ХХ ғасырда бастама көтергенмен, ислам діні әу бастан дінаралық диалогқа дұрыс қарағанын жоғарыда сөз еттік. Ислам діні өкілдері қай тұстарда Христиан діні өкілдерімен пікір жарастыра алады, арада келіспейтін де мәселелер бар. Жалпы алғанда, ислам діні кітап иелері ретінде христиан сенімін өздеріне жақын тұтады. Алайда, бұл Көне өсиет не Жаңа өсиеттен Құранды көшірді дегенді білдірмейді. Бір Құдайға, қасиетті кітапқа, пайғамбарға мойынсұну тұрғысынан сәмәуи діндер ортақ ерекшелікке ие. Исламның алғашқы тарихынан бері мұсылмандар христиан дін өкілдерімен жақын қарым қатынасты сақтап келеді. Алғашқы уахи түскен уақытта ардақты Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) барып кеңес сұраған адамы христиан сеніміндегі Уарақа ибн Науфал атты көзі ашық жан болатын. Христиан сеніміндегі қызды мұсылман жігітке алуына, кітап иелерінің асынан жеуге болатыны бұл діндердің белгілі бір деңгейде жақындығын аңғартады. Дегенмен, догматтық тұрғыдан әрине келіспеушіліктер жоқ емес. Догматтық деңгейде дінаралық диалог жүрмейді, яғни қалыптасқан сенімін ешкім де өзгертуге құлықты емес. Ендеше, дінаралық диалог жұмысы арқылы дін өкілдерінің ортақ қоғамдық не әлемдік мәселелерге шешім іздеуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінгі күні барлық мәселе өзара жақын келу, сөйлесу, тілдесу, бір-бірін жақыннан тану, пікірлерін ашық айту, көзқарастарын анық білдіру, бірге талқылау арқылы ғана шешілетіні белгілі. Қазақ «Бармасаң-келмесең, жат боларсың» дейді. Біреумен жақын араласқанда ғана барып, оны жақыннан тануға, ол туралы дұрыс пайым тұжырымдауға болады. Ендеше, әрқашан диалогқа ашық болған дұрыс. Абай атамыз да «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген жоқ па?! Жалпы, дінаралық диалогты кейбір кісілер діни көзқарасын алға тартып я болмаса іштей қауіптеніп қолдамайтындары байқалады. Бұл турасында да пікір білдіре кетсек. Жалпы, дінаралық диалог өз сеніміңнен бас тарту я болмаса, прозелитизммен айналысу емес. Яғни дінді насихаттау, дін өкілдерінің өз сеніміне өзгелерді тарту әрекеттеріне жатпайды. Бұндай әрекеттерге диаралық диалог жүргізудің қалыптасқан талаптары жол бермейді. Оны жоғарыда да түсіндіріп кеттік. Исламның тұғыры бейбітшілік болса, сол бейбітшілікке, өзара түсінісуге бастайтын бастамалардың барлығына да ашық бола білген дұрыс. Қазақстанда осындай келісім мәдениеті біршама қалыптасқанын айтуға болады. Осы ретте, Қазақстан жағдайындағы дінаралық диалог жұмысы туралы да айта кетсек. Елімізде әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері арасындағы диалог жұмыстары тұғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 2003 жылы басталған болатын. Содан бері үзілмей жалғасып, дәстүрге айналды. Қазіргі уақытта елімізді басқа мемлекеттер конфессияаралық диалогты белсенді қолдаушы ел ретінде таниды әрі бағалайды. Әлемде не аймақтық бейбітшілікті орнықтыруда дін өкілдері арасындағы диалогты ұстап тұру да өзіндік мәнге ие. Қазақстанда өткізілген халықаралық съездерге талқыланған тақырыптарға қарасаңыз, бұл бас қосудың мәні өз өзінен айқындала түседі. Мәселе, әлемді алаңдатып отырған жаһандық проблемаларға ортақ шешім іздеу. Осы тұрғыда діндердің рухани өнегелілік әлеуетін кәдеге жарату. Кез келген дін қоғамдағы келеңсіздіктерді, қылмыс түрлерін қолдамайды. ҚМДБ имамдары да осы бағытта, ҚР заңдары аясында халыққа рухани ағарту жұмыстарын ұдайы жүргізіп, ел ішінде жақсылық пен ізгілікке, қайырымдылыққа бетбұрыс молаюына жұмыс жасап келеді. Қалай болғанда да елдің тыныштығына әрбіріміз жауаптымыз. Осы жауапкершілікті елге жауапты басшылар да, қатардағы қарапайым адам да өз деңгейінде жақсы сезінуі керек. Алтынбек Ұтысханұлы, Атырау облысының Бас имамы
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Дінаралық диалог – бейбітшілік кепілі | Қазақстандағы Ислам