Халық санағы-2021: Негізгі көрсеткіш пен өзгеріс
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының соңғы қорытындыларын жариялай бастады. «Stat.gov.kz» ресми сайтында жарық көретін тақырыптық жинақтар құнды дереккөз ретінде барлық қажетті мәліметті жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. 9 жинақ жарияланады Алдағы уақытта сайтта түрлі бағыт бойынша 9 жинақ жарияланбақ. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының халқы» (1-2 том), «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық құрам, Діни наным және тілдерді меңгеру», «Қазақстан Республикасындағы білім беру», «Қазақстан Республикасы халқының өмір сүру құралдарының кірістері мен көздері», «Халықтың көші-қоны», «Қазақстан Республикасында халықтың жұмыспен қамтылуы» (1-2 том), «Неке және отбасы», «Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтары», «Қазақстан Республикасындағы халықтың тұрғын үй сипаттамалары» атты жинақтар көпшілікке қолжетімді болады. Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша санақ өткен уақыттағы, яғни аймақтар бөлінгенге дейінгі деректер берілген. Ал жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептеліп, «stat.gov.kz» сайтында жарияланды. 2021 жылы желтоқсанда Ұлттық статистика бюросы алдын ала қорытындыларды, 2022 жылдың шілдесінде қысқаша қорытындыларды ұсынған болатын. Жинақ түріндегі соңғы қорытындылар Үкімет қаулысымен бекітілген Ұлттық санақ жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жариялана бастады. Айта кетейік, санақ деректерін өңдеу сауалдама деректеріндегі кейстерді ашу, қайталауларды, қате деректерді жою, онлайн санақ пен планшет дерекқорларын біріктіру, сондай-ақ 2009 жылғы санақ деректерімен, ағымдағы статистикамен және мемлекеттік органдардың әкімшілік деректерімен салыстыру және талдау бойынша жұмыстың мұқият атқарылуын қажет етті. Халық саны 20 пайызға өсті Сонымен бюро оқырмандар үшін «Қазақстан халқы» жинағының бірінші және екінші томы бойынша талдаушылар атап өткен негізгі қорытындыларды ұсынды. Елімізде халық саны 2009 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады. Ал Ұлттық статистика бюросы сайтындағы дәл қазіргі дерек бойынша, елімізде 19 944 726 адам тұрады. Жыл соңына дейін 20 миллионды еңсереміз деген үміт бар.
Еліміздің үш өңірінде халық саны 2 млн адамнан асты. Олар – Алматы (2 146 576), Түркістан облыстары (2 054 021) және Алматы қаласы (2 030 285). Ал соңғы екі халық санағы арасында ең көп өсім көрсеткен өңірлер: Астана қаласында – 2 есе (613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін), Шымкент қаласы (730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін) және Маңғыстау облысында (485 мыңнан 735 мың адамға дейін) 1,5 есе өсім болған. Урбандалу үдерісі Әлем бойынша жүріп жатқан қалалану, яғни урбандалу үрдісі елімізде де анық байқалады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайызға артып, 56,1%-дан 61,2%-ға жеткен. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8%-ға дейін азайды. Қала халқының саны 2,7 млн-нан аса адамға артты. 2009 жылдан бері қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында байқалды. Қазіргі күні еліміздегі ең урбандалған аймақ – Қарағанды облысы, онда халықтың 80%-ы қала тұрғындары (1 млн-нан аса адам). Республикалық маңызы бар қалаларға келсек, санақ қорытындысы бойынша Астана халқы 1,23 млн адамды құрады, елордалықтар қатары екі санақ арасында, яғни 12 жыл ішінде 2 есеге өскенін жоғарыда атап өттік. Алматыда халық саны 2,03 млн адамды құрап, 580,6 мың адамға өсім көрсетті. Шымкент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынды құрап, 381,6 мың адамға көбейді. Айта кетейік, екі санақ аралығындағы кезеңде аталған қалалардың әрқайсысында қосымша бір-бір ауданнан құрылды. Елімізде халқының саны 50 мыңнан 99,9 мың адамға дейінгі қалалар саны 8-ден 14-ке дейін көбейді. Гендерлік құрам өзгеріссіз Елімізде әйелдер саны ерлер санынан бұрынғыдай басым. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) көп. Пайызбен айтсақ, ерлердің үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдер – 51,4% (9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйелдер саны 1,5 млн-ға артты, яғни 1000 әйелге 946 ер адамнан келеді. Демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қарағанда көп, содан кейін ғана олардың саны азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Тек екі өңірде ғана көрсеткіш керісінше: Қызылорда және Түркістан облыстарында 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді. Алдыңғы санаққа қарағанда 15-19 жас және 20-24 жас аралығындағы әйелдер мен ерлердің саны азайғанына назар аударуға болады. 2009 жылы 20-24 жас аралығындағы топты 80-жылдардың екінші жартысында туған буын құраған еді. Ол кезеңде елімізде туу көрсеткіші жоғары болды. Ал 2021 жылы бұл жас тобын 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында дүниеге келген буын құрады. Бұл кезеңде туу көрсеткіші төмен еді. Сол сияқты 15-19 жас санаты бойынша 2002-2006 жылдары туған ұрпақ 90-жылдардың бірінші жартысындағы ұрпаққа қарағанда аз. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда 55-59, 60-64 және 65-69 жастағы ер адамдар саны сәйкесінше 50,2%, 117% және 69,5%-ға өсті. Осы жастағы әйелдер саны да 2009 жылға қарағанда сәйкесінше 38%, 105,9% және 58,3%-ға көбейген. Аталған жас топтарындағы халықтың өсуі орташа өмір сүру ұзақтығының артуымен, өмір сүру жағдайларының жақсаруымен байланысты. Біз – жас ұлтпыз Соңғы екі санақ арасында жастар санатындағылар үлесі азайып, үлкен адамдар қатары артқанымен, ел халқының орташа жасы 32-ні құрады. 2009 жылы 31 жас болатын. Яғни біз әлі де жас ұлтпыз. Мұның бір себебі – соңғы екі санақ арасында 15 жасқа дейінгі балалар саны айтарлықтай өскен. 2009 жылы олардың үлесі сол кездегі жалпы халық санының 24,1%-ын (3,9 млн адам) құраса, соңғы санақ қорытындысы бойынша 29,4% (5,6 млн адам) болды. Бұл – елімізде туу көрсеткішінің жоғары болуы арқасында жеткен өзгеріс. 65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі де өсті. 2009-бен салыстырғанда 2021 жылы олардың үлесі 7,1%-дан 8,2%-ға дейін артты (1,6 млн адам). Сонымен қатар санақ қорытындысы бойынша елімізде 101 жастан асқан 200-ден астам қарт адам тұрған. Өңірлер арасында балалар саны бойынша Түркістан облысы, 90 жастан асқан қариялар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Ел халқының ұлттық құрамына келсек, осы жылдың басындағы мәлімет бойынша қазақтар жалпы тұрғындардың 70,7 пайызын (13 965 956 адам), орыстар 15,2 пайызын (3 000 611 адам) құрады. Алғашқы үштікті өзбектер түйіндеп тұр. Олардың саны – 643 363 адам немесе жалпы халықтың 3,3 пайызы. Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Халық санағы-2021: Негізгі көрсеткіш пен өзгеріс | Қазақстандағы Ислам