Көкпардан жастар арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті
Алматы облысында көкпардан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының 19-шы Чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалдық ойында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының жастар құрамасы алтынды сарапқа салды. Жаңбырлы ауа райына қарамай жарыс тамашалауға келген адамдардың қарасы аз болмады. Әр өңірдің жанкүйерлері жиналып, жас көкпаршыларға қолдау білдірді. Америка Құрама Штаттарынан келген қонақтар да көрермендер қатарынан табылды. Ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталды. Тартысқа толы финалда Жамбыл облысының көкпаршысы Арнұр Асен «алтын салым» салып, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша Жамбыл облысы Қазақстан чемпионы атанса, Шымкент қаласы күміс жүлде иеленді. Ал Алматы облысы қола жүлдеге ие болды. «Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Алғашқы ойында былтыр ел чемпионы атанған Түркістан облысын жеңдік. Финалда қарсылас болған Шымкент қаласының құрама командасы өте керемет дайындалған екен. Тартысқа толы ойын «алтын салымға» ұласты. Бабымызбен бағымыз қатар келіп чемпион атандық. Балалар да намысқа тырысып, аянып қалмады. Арнайы көкпарға дайындалған аттар өз позициясын жақсы орындап шықты», – деді «Әулие ата» командасының жаттықтырушысы Құрманбай Сәрсенбекұлы.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Көкпардан жастар арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті | Қазақстандағы Ислам
