Қазақстанда 11 жаңа петроглиф табылды
«Петроглиф ізшілері» қорының еріктілері 2025 жылы 27 экспедицияға шығып, Алматы, Жамбыл мен Жетісу облысында петроглифтердің 11 жаңа шоғырын тапты. Сондай-ақ бұрын белгісіз болып келген ерте темір дәуірі мен түркі кезеңіне жататын ондаған қоныс пен қорымды, XVIII–XIX ғасырға тиесілі қазақтың оннан астам рулық зиратын анықтаған. Қор өкілдерінің айтуынша, биыл ғылыми ортаға бұрыннан белгілі жерлердің өзінен біраз жаңа петроглиф табылған. Жалпы алғанда, осы жолы археологиялық ескерткіштер тізіміне енбеген жиырмаға жуық қорым тіркелген. Қорғандардың жалпы саны 300-ден асады. Олардың арасында Аманбөктер шоғырындағы петроглифтер, Баянжүрек маңындағы жаңа топ, сондай-ақ Қызылағаш ауылының маңындағы жазық пен Жетісу облысының Ақтекше ауылы жанындағы Мұқыр шатқалынан табылған жартастағы суреттер де бар. Еріктілердің айтуынша, зерттеуге шалғайдағы ауыл тұрғындары да көп үлес қосқан. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та үнемі көрініп отыратындықтан, қорға ауыл тұрғындарынан осындай орындар туралы біраз хабарлама келіп түсіпті. Бұл тасада қалған қаншама ескерткіштің табылуына мүмкіндік берді. Қордың атқарушы директоры Ольга Гумированың айтуынша, «Петроглиф ізшілері» жобасындағы ең басты ресурс — адам.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қазақстанда 11 жаңа петроглиф табылды | Қазақстандағы Ислам
