Зайырлы мемлекет — қоғам дамуының кепілі
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 27 тамызында «Зайырлы мемлекет қоғам дамуының кепілі» тақырыбында Махамбет аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлерімен кездесу өтті.
Жиынға облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының мамандары және ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі С.Шотпақов қатынасты.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі С.Шотпақов: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз». Бұл — Елбасының зайырлылық пен дінсіздік ұғымын шатыстырып, адасқан қандастарымызға қарата айтқан кесімді сөзі. Алайда әлемді дүрліктіріп, алты құрлық тыныштығын бұзған, қоғам арасындағы қорқыныш пен үрейді үдеткен радикалды топтар мұны түсіне бермейді. Тіптен түсінгісі де келмейді. Себебі олар надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етеді. Олар өзгелерді әділетсіз, әрі қатыгез деп айыптаудан танбайды. Елдегі конституциялық құрылымды мойындамайды. Бір сөзбен айтқанда, экстремизмнің қай түрі болмасын, тұтас әлемге, мемлекеттің қауіпсіздігіне, азаматтардың құқығына және бас бостандығына қауіп төндіреді» -деп өз ойын жеткізді.
Жиын барысында қатысушыларға зайырлы мемлекетімізге зиян келтіретін дәстүрлі емес діни ағымдар жөнінде ақпарат беріліп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.