ҒибратМақалалар

Адал табыс табудың маңыздылығы

Ислам діні негізінен, мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге де жіті көңіл бөлуі тиіс.

Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз көптеген хадистерінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған. 

Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»-деген. («Бақара» сүресі, 2/168).

Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының қызығына арнаған ғой.

Ол туралы тіпті Құран Кәрімде: «Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық» (Исра 17:70), деп айтылған. Ал енді Алла Тағала құрметті орынға қойған адам баласына бұл дүниенің нығметтерін пайдаланудың жалғыз жолы дұға жасауы мен еңбек етуі. Яғни, егін еккен адам ғана оны орып, ырыздығын көреді. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі дұғаның бір түрі.

Ақиқатын айтар болсақ, бұл өмірдегі ғылыми жетістіктер мен өркениеттің көш басында Алла Тағаланың пайғамбарлары тұрды. Хазірет Адам (ғ.с.) егінші болды. Нұһ (ғ.с.) пайғамбар кеме жасауды үйретсе, хазірет Идрис (ғ.с.) тігінші, хазірет Мұса (ғ.с.) шопан, Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар темір кәсібінің, ал Иса (ғ.с.) пайғамбар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды. Дәуіт (ғ.с.) патша бола тұра, өз кәсібінен басқа нәрседен тамақ жемеді, өз еңбегінен басқа нәрсені пайдаланбады. Ол ұста болып, ұсталығымен күн көрді, Зәкәрия ағаш шебері болды.

Ал ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдәйім Алла Тағаладан өзін жалқаулықтан борыштанудан, күпірліктен, біреуге қаратқан кедейліктен, сараңдықтан сақтауға жалбарынды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді»-деген.

Ал басқа бір хадисте: «Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер, Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», – деп адал кәсіпкерлікті, диқаншылық пен төр түлік малмен айналысып еңбек етуге шақырған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сахабаларына да адал кәсіп етудің маңыздылығын үнемі айтып, түсіндіріп отырған. Сол заманнан бізге жеткен ғибраты мол бір оқиға мынандай:

…Бір күні Мешітке үсті басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи ғаріп келеді. Мұны сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып айтады. Ол әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар әлгі ғаріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласыз ба?», – деп сұрайды.

Ғаріп «Иә», -деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкеліп, базарға барып тұр», – дейді.

Әлгі бәдәуи Пайғамбарымыздың айтқан талабын орындап, табыс табады. Сөйтіп, жалқаулықтан, кедейліктен құтылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының қатарына қосылады. Расында да, адамды аздыратын, жұмыссыздыққа апаратын қылықтың ең бастысы – жалқаулық. Ал ол адамды ар-намысын жоғалтатын да жағдайға итермелейді. Олай болса, кедейлік қасіретінен құтылуымыз үшін бізге қажетті дұға – адал кәсіп ету.

Мұсылман адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын, бала-шағасын басқалардан кем етпеуге тырысады. Өйткені өзінен кейінгі ұрпағын жеткілікті нәпақамен қамтамасыз ету – оның міндеті. Адал еңбекпен нәпақа табу – әрбір мұсылман үшін міндетті іс. Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген.(Байқақи).

Жалпы, кез-келген жанның өзгеге жасаған жақсылығының ахиретте мол жемісі болатындығы сөзсіз. Сондықтан біреуге жасаған жақсылықты ешқашан міндет санауға болмайды. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде, қасиетті Құранда: «Жақсы көрген дүниелеріңнен (яғни, бір бөлігін болса да) Аллаһ жолында жұмсамайынша ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар. Қайыр-садақа ретінде не нәрсе берсеңдер де,  Алла Тағала оның бәрін біледі» («Әли Имран»  сүресі, 92-аят) делінген.

Дүниелік һәм ақиреттік мақсаттарға да жетудің бірден бір жолы –  адал еңбек ету. Еңбек етпей, маңдайдан терді төкпей екі дүниенің оң нәтижесіне жету мүмкін емес. Қоғамның қай саласында болмасын, өзінің ісін, тапсырылған міндетін абыроймен орындап жүрген жан Жаратушының алдында да абыройлы. Өйткені жан-жағындағы адамдарға, қоғамға пайдасы көбірек тиген жан адамдардың ең қайырлысы болып саналады. Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді: «Адамдардың ең қайырлылары – басқа адамдарға көбірек пайда тигізгендері» – деген.

Қорыта келе мақаламызды Лұқпан хакім өз баласына мынандай өсиет қалдырған: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:

– Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді.

– Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.

– Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады».

Алмат ҚАРТАБАЕВ,   

     «Мақат аудандық» мешітінің наиб имамы 

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 982Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля