СҮННЕТКЕ САЙ ТІЛДЕСУДІҢ 11 ЕРЕЖЕСІ

Ақпарат ағыны толассыз аққан бүгінгі заманда адамдардың қарым-қатынасы көп жағдайда қарапайым смартфондар арқылы жүзеге асырылады.   Күні бойғы қарбалас жұмыстан кейін үйге шаршап келген біз үнсіз ғана кешкі асымызды ішеміз де, көгілдір экранның алдына жантая кетеміз. Жанұя мүшелерімен күні бойы whatsapp желісі арқылы байланыста болған біздің бір-бірімізге айтар өзге әңгімеміз де қалмаған сыңайлы. Бәріміздің дерлік күнделікті өміріміз қазір осылай өтуде. Бірақ оны өзіміз де сезбейміз. Әрине, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заманауи технологиялардың өзіндік артықшылықтары да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Десе де, ЕҢ СҮЙКІМДІ СМАЙЛИКТІҢ ӨЗІ СІЗДІҢ ЖЫЛЫ ЖЫМИЫСЫҢЫЗДЫҢ ОРНЫН АУЫСТЫРА АЛМАЙДЫ. Адаммен бетпе-бет жүздесіп, емін-жарқын тілдесу арқылы адам әр түрлі эмоцияға беріледі, сол арқылы адам ішкі күйзелістен арылады. Күніұзақ жалғасқан қарбалас жұмыс кезінде бойына жиналған әр түрлі жағымсыз нәрселерді адам жанұясымен, жақындарымен жылы сөйлесе отырып, шығара алады. Алайда тілдесудің де әр түрлі әдістері, ескерілуі тиіс талаптары бар. Соның ішінде біз пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай келетін 11 ережені атап келтірдік. Кәделеріңізге жарар деген үміттеміз. Күлімсіреу Хадисте келгендей, сіздің жылы жымиысыңыздың өзі садақа болып саналады.  Пікірлесіңмен әңгімені әдемі, жылы етіп бастаудың бірден-бір жолы да – жылы жүзіңіздегі күлкіңіз.  Себебі күлкі күлгенге де, оны қабыл алған адамға да (яғни пікірлесіңіздің бойында да) жақсы әсер қалдырады. Дауысты бәсеңдетіп сөйлеу Дауыс көтеріп сөйлеу адамдардың арасын алыстатады және тіл тауып сөйлесулеріне кедергісін тигізуі мүмкін. Құранның «Лұқман» сүресінің 19-аятында Алла Тағала: «Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» — дейді. Сөздің басы сәлем болсын Сөздің басын міндетті түрде Алланың есендігін жолдап, «Әссәләмуғалейкум!» деп амандасудан бастаңыз. Мұны бізге Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзі өсиет еткен болатын: «Сендер Аллаға иман келтірмейінше, жәннатқа кірмейсіңдер. Ал бір-бірлеріңді (бауыр деп) жақсы көрмейінше, иман келтірген болмайсыңдар. Ендеше (мен) сендерге араларыңдағы (бауырластықты нығайтып), сүйіспеншіліктеріңді арттыратын амалды көрсетейін бе? Араларыңда сәлемді жайыңдар!» Қол алысу «Екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасқан кезде, екеуінің күнәлары олар қоштаспай тұрып-ақ кешіріліп қояды». Хал-жағдайын сұрастыру Кездескен адамыңыздың хал-жағдайын сұрап, амандығын біліп, оған бауыр екендігіңізді білдіріңіз. Бұның өзі адамға қамқорлығыңызды, жанашырлығыңызды сездіріп, араларыңызды жақындастыра түседі. Сол кезде өзара сенімге кіріп, еш бүкпесіз әңгімелесе алатын боласыздар. Адамдардың әр түрлі екенін ұмытпаңыз Адамдардың мінездері әр түрлі. Мұны естен шығармай, сол мінезіне қарай иіліп, ебін табуға тырысыңыз. Сөйлесу кезінде адамның жасын, қоғамдағы орнын, қызметінің әртүрлілігін  де ескеріңіз, тіпті ер не әйел екендігіне де мән беріңіз. Ескерту жасарда, мынаны естен шығармаңыз: Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды барлық жаман нәрселерден, жағымсыз әдеттер мен қылықтардан барынша тыйып отырған. Бірақ ескерту жасаудың өзінде жұмсақтық танытып, түйреу сөздерімен адамды мезі етпеуге тырысқан. Тоғыз пәле – тілден Адам ауыздан шыққан әрбір сөзін мұқият аңдамаса, күнәға батуы мүмкін. Мысалы, өтірік айту, ғайбаттау, өсек тасу, адамды жөнсіз айыптау, т.б. Мұндай іс-әрекеттер  адамды берекеттен мақұрым етеді. «Расында (Алланың) құлы бір сөз айтып, оған мән бермеуі мүмкін, (бірақ) сол (сөзі) үшін арақашықтығы шығыс (пен батыстың) арасындай болған (Тозақтың) отына түседі». Сөздеріңіз ұғынуға жеңіл, қарапайым болсын Тілдесу кезінде сөздің қысқалығы мен анық болуына мән беріңіз. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) да жанындағылар жеңіл түсінетіндей қарапайым сөйлейтін болған. Ешкіммен керісіп, дауласпаңыз Жұмсақ мінезді, жайлы адаммен тіл тауып сөйлесу оңай. Алайда адамдар әр түрлі. Кейде өзінің түсініксіз іс-әрекетімен төзімімізді тауысып, ығырымызды шығаратын адамдар да кездеседі.  Бірақ мұсылман мұндай жағдайда да мейлінше ұстамдылық танытуы керек. Ешкімнен жанжалдаспаңыз. Алла Тағалаға Құранда «Әнфал» сүресінің 46-аятында осылай дейді: «Аллаға әрі Елшісіне бойұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында, Алла сабырлылармен бірге». Жанжалға түскен жағдайда да, даналықпен әрекет етіңіз. Алла Құранда «Фуссиләт» сүресінің 34-аятында адамға осылай деп ескерту жасайды: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді». Ұрыстың арты ушығып кетпесін десеңіз, дауласуды доғарып, жай ғана күлімсіреп, жағдайды реттеңіз. Әйтпесе, бойыңызды ашу билеп, мәселені қиындатып жіберуіңіз мүмкін. Сөзіңізді тілекпен түйіндеңіз Әңгімеңіз аяқталғанда пікірлес адамыңызға амандық тілеп, қол алысып  қоштасыңыз. Жимиып, Алланың есендігін жолдаңыз. Сөздеріміз де сүннетке сай болсын! Әмин!

Источник: https://nurgasyr.kz/p/snnetke-saj-tildesudi-11-erezhesi

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 872Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля