Дін — ізгіліктің бастауы
Құрманғазы ауданында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 23 қазанында аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық мұрағат бөлімі қызметкерлерімен кездесу өтті.
Кездесуге облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының бөлім басшысы Е.Боранғалиев, Қ.Досқалиев, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологы Е.Бегалиев қатысып, мекеме қызметкерлерімен пікір алмасты.
Теолог маман Е.Бегалиев қазіргі таңда дін ұстанғысы келген адам неден сақ болу керектігі мен діни ақпараттарды қайдан алу керектігі жөнінде сөз қозғады.
Мамандар өз сөзінде: «Қазіргі күнде мемлекетімізде қалыптасқан діни тұрақтылықтың өзгеруіне ықпал етуі ықтимал радикалды діни ұйымдар көрініс тауып отыр. Сондықтан қоғамда отансүйгіштік пен тарихи сананы сіңірудің және ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізге деген мақтаныш сезімін дамытудың маңызы зор. Бұл жұмыстар, әрине жастардан бастау алады»,-деп, деструктивті діни ағымдар жөнінде түсінік берді.
Кездесу соңында ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.