Мақалалар

Өзге дін өкілімен қатынас қандай болуы керек?

Егер ислам сеніміне назар аударатын болсақ, оның ауқымы барлық адамзатты қамтитындығын байқауға болады. Сонымен бірге ислам ақидасынан түсінетініміз, жер бетінде ислам дінінен өзге басқа сенімді ұстанып, басқа шариғатты қолданып, басқа саясаттағы бағыттардың бар екендігін аңғартады.

Ислам діні сенімінің басқасынан басты айырмашылығы – ақидалық негізде. Адамзаттың әрқайсы әртүрлі дінді ұстануы тек Алла Тағаланың қалауымен және Оның даналығымен орын алды. Егер олай болмағанда, Алла егер қаласа, барлығын бір дінде, бір бағытты ұстанушылардан қылатын еді. Алайда, Алла Тағала адам баласына ақыл-сана беріп, ақ пен қараны ажыратып, діни және діни емес тұрғыда қалаған бағыт-бағдарын таңдауына мүмкіндік берді.

Осыған байланысты Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Мұхаммед) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Олар үнемі қайшылықта тұруда. Бірақ Раббыңның мәрхамет еткені басқа. Оларды сол үшін жаратты»[1], – дейді.

Тәпсіршілердің айтуынша, жоғарыдағы «Оларды сол үшін жаратты» деген аятта Алла Тағаланың адамзатты әртүрлі дінді ұстанатын етіп осы дүниеге жаратқаны туралы айтылады. Қандай да бір дін өкілі болмасын, өзінікін ақиқат санап, қалғандарын адасуда деп есептейтіні белгілі. Ислам дінінің өзге дін өкіліне қатысты ұстанымы – діни төзімділік. Яғни, бір адамның басқа бір дінді ұстануы, ол тек қана Алла Тағаланың қалауымен болды. Өйткені, «(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа еді, әрине жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді»[2].

Осыған орай, жер бетінде тура жолда жүргендер бар, адасушылар бар, ізгі адамдар бар, күнәһарлар, екіжүзділер мен дінге сенбейтін кәпірлер бар. Бірақ есеп алушы адам емес, есеп беруші Алла Тағала, әр адам өзі үшін Алланың алдында ақыретте жауап береді.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Расында сондай иман келтіргендер, Яһудилер, Христиандар және Сабилар болып, кім Аллаға, ақырет күніне сенсе, Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды»[3]. Тағы басқа бір аятта: «Алла, қиямет күні, араларыңдағы қайшылыққа түскен нәрселер жайында үкім береді»[4], – делінген.

Сондай-ақ мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас барысындағы ұстанымы қандай болу керектігін айқындайтын келесі бір аятта көңіл бөліп қарасақ: «(Мұхаммед Ғ.С.) міне сол үшін ақиқатқа шақыр да бұйрылғаныңдай мықты тұр. Олардың ойларына ілеспе және оларға: «Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік қылуға бұйырылдым. Алла, біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың. Біздің ісіміз бізге, сендердің істерің сендерге тән. Сендер мен біздің арамызда тартыс жоқ. Алла арамызды қосады. Және қайтар орын сол жақ» де»[5], – деп келтірілген.

Ақиқатында Алла Тағала адам баласын құрметті етіп жаратты[6]. Сондықтан ислам діні әр адам баласына дініне, нәсіліне, терісінің түсіне, ұлт-ұлысына қарамастан қашан да құрметпен қарайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) алдында қандай адам тұрмасын, адамгершілік тұрғысынан бәріне құрметпен қарап, ислам дінінің жарқын тұсын көрсете отырып, адамзатқа үлгі бола білген. Соның нәтижесінде өзге дін өкілдері, тіпті дінсіздердің өзі пайғамбарымыздан (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) үлгі алып, Ислам дінін қабылдаған еді.

Бірде Алла Елшісі (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) яһуди дінін ұстанып қайтыс болған адамның жерлеу рәсімі өтіп жатқанда тоқтап, бір орында тұра қалады. Сонда сахабалар Пайғамбарымыздың бұл ісіне таңырқап: «Ол мұсылман емес, яһуди ғой», – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) сахабалардың сұрағына: «Яһуди тірі жан иесі (адам баласы) емес пе?», –  деп жауап береді[7].

Сонымен қатар, Ислам діні яһудилер мен христиандарға қатысты «Әһлі кітап», яғни кітап иелерінен деп қарайды. Олардың қыздарына үйленуге рұқсат береді. Тіпті олардың тамақтарын да (Ислам діні бойынша анық арам етілген тамақтардан басқа) жеуге болады. Бұл туралы Құран Кәрімде Алла Тағала: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің (христиан, яһуди) тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілгендерден (христиан, яһуди) де абыройлы әйелдермен мәһерлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді»[8], –  деген.

Қазіргі таңда мұсылмандар саны басым саналатын көптеген мемлекетте өзге дін өкілдері еш қысымдық, зорлық-зомбылық көрместен осы уақытқа дейін тату өмір сүріп жатқандығына куәміз. Осының өзі Ислам дінінің, соның ішінде мұсылмандардың толеранттылығы мен діни төзімділігінің жоғары үлгісін көрсететіндігін аңғартады. Лайым солай болғай.

Берікбол ЖАНАҚ

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля