Мақалалар

Діни контент: пайдасы мен зияны

Ақпарат айдыны кеңейген сайын интернет пайдаланушылар саны да күннен-күнге артуда. Бұл дін туралы ақпаратты таратушыларды да айналып өтпеді. Қазіргі таңда діни мәліметтерді табу еш қиындық тудырмайды. Қолыңда құрылғы болса жеткілікті. Бірақ ол ақпарат қаншалықты сенімді көздерден алынды, оның пайдасы мен залалын қаншалықты ажырата алып жатырмыз деген сұрақ туындайды. Бұл әлеуметтік желіні пайдаланатын әр адамға ақпараттың пайдасы мен залалын таразылау жауапкершілігін жүктейді.

Таяқтың екі ұшы болады демекші, ақпарат ағыны арасында деструктивті ағымдардың идеяларын насихаттайтын топтардың да бар екендігін ұмытпау керек. Осы ретте діни иммунитетті қалыптастыру өте маңызды. Көпұлтты және көпконфессиялы еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде діннің алатын орны қашанда ерекше.

Діни контенттің пайдасы неде?

Интернеттегі діни контент қоғамға немесе жекелеген тұлғаларға бағыт-бағдар беріп отыратын керекті дүние. Сондықтан оны қоғамның сұранысына сай дайындай білу және пайдалана білу өте маңызды.

Белгілі дінтанушы ғалым Балғабек Мырзаевтың айтуынша, бүгінгі қоғамда дінді ұстанатын, дінді ұстанбайтын, дінге сенбейтіндер немесе дінге қалай сенетінін білмейтіндер, сондай ақ радикалдар мен фанаттар сияқты әртүрлі топтар бар және олардың діни қажеттіліктері де сан қилы.

– Діни материалдардың қандай аудиторияға бағытталатыны және оны кімдер айтуы орынды болатынына дейін уәкілетті органдар бағыттап отыруы керек. Әлбетте, дін саласындағы мемлекеттік саясатты білу әрбіріміздің міндетіміз, алайда соған бағынғысы келмейтін немесе тыңдағысы келмейтін азаматтар мен ағымдар да бар.

Мысалы, радикалдық бағыттағы адамға дінді ұстанбайтын адамның айтқан сөзінен әсер аз болады. Оған талай мәрте өзім де куә болдым. Ал оның алдына Құран мен Сүннет ілімін жетік меңгерген адам шығып, радикализм мен терроризмнің теріс әрекеттерін аят-хадистермен түсіндіріп берсе, ол райынан қайтуы әбден мүмкін, – деді дінтанушы.

Осы бағытта еліміздің дін саласында қолданылатын заңнамаларын түсіндіру жұмыстарында діни контенттің рөлі айрықша. Түрлі мақала, шағын пост, аудио-бейне жазбалар мен қысқа метражды фильмдер, баннерлер мен жарнамалар арқылы біз өз азаматтарымызды діни тұрғыдан қателесуден сақтандырып отырамыз. Арнайы лекторлар қоғамның түрлі топтарымен тікелей эфир арқылы кездесулер өткізіп, оларға заңның алдындағы жауапкершіліктерін қаперлеріне сала отырып, азаматтарға бағыт-бағдар береді. Яғни осындай жұмыстар азаматтарымыздың радикалдық ағымдарға кетіп қалуының алдын алуға себеп болады. Сонымен қатар діни білімін жетілдіріп отырады.

Өз кезегінде мұндай діни контенттерді дін саласындағы мамандар мен зерттеушілер қоғамның дамуы мен талаптарына сай жаңаша форматта әзірлеуі керек.

Күмәнді діни контенттің залалы

Қазіргі кезде ақпараттың көптігінен әлеуметтік желілерде теріс бағытты ұстанушылардың тұзағына түсіп кетіп жатқандар бар. Сөйтіп ойда жоқ жерден өмірін ойран етіп жатады.

«Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», – демекші, қазіргі таңдағы дінді өз мүддесі мен мақсатына қол жеткізу үшін құрал ретінде пайдаланатын «уағызшылар» көп. Ал жастар діни материалдардың дұрыс-бұрысын ажырата алмай әлеуметтік желілерде сағаттап уақыт өткізуі өз кезегінде адасуға алып келеді. Олар аталған парақшаларға тіркеліп қана қоймай, өз достарына да таратады. Сондықтан жасөспірімдер діннің сыртқы формасына ғана емес, ішкі мәніне, құрылысына сыни көзбен мән беруі керек деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда еліміздің жас азаматтарының басым көпшілігі үшін радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшырау қаупі зор. Жастардың радикалды діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі олардың жеке көзқарасының әлі де толықтай қалыптаспағандығы және жас санаға оңай әсер ете алу жағдайына байланысты.

Радикалды контенттер көбінесе әсерлілікке негізделген. Әлеуметтік желілерде таратылатын контенттертің тым көптігіне байланысты желі қолданушыларын ерекше, сирек кездесетін материалдар қызықтырады. Осы тұста радикалдардың тарапынан шығатын контенттің қаупі жоғары екенін ескеру қажет.

Сондықтан да дінге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда интернет арқылы емес, ақпараттарды Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың мекемелерінен немесе олардың ресми сайттарынан алған дұрыс.

Басқарма тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар

Осы орайда, Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының Дін мәселелер бойынша ақпараттық талдау орталығы ғаламтор кеңістігінде үнемі қадағалау және қарсы насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда:

– Интернет желілерінде діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын жүргізу. Ондағы негізгі мақсат: интернетте және әлеуметтік желілерде радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті, діни қатынастар саласындағы радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және радикалсыздандыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын іске асыру.

– Діни экстремизмнің алдын алу үшін конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және оқыту қызметтерін ұйымдастыру және көрсету. Мақсаты – діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық келісімді насихаттау. Яғни, қоғамда дұрыс бағыттағы діни сананы қалыптастыру, патриоттық сезімдерін нығайту, сондай-ақ бұрмаланған діни көзқарастардың алдын алу.

Оған қоса интернет желісінде қарсы насихат материалдарын жариялауды үздіксіз жүзеге асырып отырады. Мысалы, осы жылдың 1-тоқсанында діни тақырыпта және діни профликтикалық баспа беттерінде 10 мақала, «Казислам» порталында 4 мақала жарияланса, телеарнада 10 материал жарияланды.

Осы уақыт аралығында әлеуметтік желілерде 2190 материал жарық көрді. Дәлірек: фейсбукте – 615 материал; вконтактеде – 135 материал; инстаграмда – 1334 материал; телеграмда – 59 материал; ютуб каналында – 106 бейнеролик жарияланды.

Сондай-ақ басқарма әзірлеген 2 бейнеролик («Онлайн озбырлық», «Қайырсыз білім») жергілікті «Маңғыстау» арнасында көрсетіліп жатыр.

Интернет желісінде қарсынасихаттық жұмыстарды ұйымдастыру, мониторинг жүргізу бойынша осы жылдың басынан бастап «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі деструктивті діни ағымдарды насихаттау мақсатында ақпарат тарататын топтарға тіркелген 1773 аккаунттың әрқайсысына жеке-жеке екі тілде (қазақша, орысша) хабарлама жіберіліп, әлеуметтік желіде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Одан бөлек 2173 аккаунтқа жабық болуына байланысты достық ұсынылды. Жіберілген хабарламалар арқылы 32 азамат кері қоңырау шалып, 92 азамат хат арқылы хабарласты. Оларға кеңестер мен ескертулер айтылып, жасалған жұмыстың нәтижесінде 653 аккаунт теріс бағыттағы топтардан шығып кетті.

Мониторинг жүргізу барысында өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында діни мазмұндағы бейне, аудио және мәтіндік материалдарды ашық түрде сақтап, жариялаған Маңғыстау облысының 9 парақшасы дінтану сараптамасын жүргізуге Дін істері комитетіне жолданды, қорытынды күтілуде.

Сонымен қатар қазан айында «Киберқадағалау» бағдарламасына инстаграм желісіндегі 101 парақша тексеруге жіберілді. Атқарылып жатқан жұмыстар еліміздегі діни контенттердің сапасын жақсартуға бағытталған.

Еске салсақ, социологиялық статистикаларда жастардың 70%-ға жуығы өздерінің алғашқы діни сауаттарын әлеуметтік желі арқылы алатыны анықталған.  Деструктивті діни ағымның жетегіне кететіндердің 88%-на осы әлеуметтік желі тікелей әсер етіп отыр. Яғни, заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілерін пайдалана отырып, ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы қоғам санасына әсер етуде.

Азат ТАСБОЛАТ,

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы» директоры

0

Автор публикации

не в сети 5 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля