Мәшһүр Жүсіп ұстаған Құран
Заманында Мәшһүр Жүсіптің өзі қолданған жеке заттары облыс орталығындағы көрмеге әкелінді. Құран кітабы мен кітап қоржыны, тіс тазалағышы және қолжазбаларының көшірмесі көпшілікке ұсынылып, жұртшылық ұлыдан қалған жәдігерді тамашалауға асықты. Көшпелі халқымыз ала қоржынмен ас-суын алып жүрсе, Мәшһүр Жүсіп атамыз сапарлай қалса жанынан тастамайтын қоржыннан қолжазбалары мен кітаптары үзілмеген. Ғұламаның тері сіңген көне қоржынына кезінде талай маржан дүниелердің теңдей салынғаны анық. Ал тіс тазалағышы да қызық жәдігер. Ерекше қатты ағаштан жасалған, ұзын бойына тілігі бар. Баянауыл жерінде тұзды көлдер жеткілікті, сол кездегі адамдар тіс пастасының орнына тұзды көлдердің жағасына жиналатын минералды тозаңды пайдаланған екен.
«Ташкент, Бұхара, Самарқанға барған сапарларында Мәшһүр атамыз тіс тазалауға арналған құралды, қазіргі тіс щеткаларының түп бейнесін көріп сатып алған, өзі де қолданған, жұртқа да ұсынған. Осылайша, ол қазақтарды басқа халықтарда барды үйренуге шақырған. Атамыз ағартушылық қызметпен де айналысқан. Мұраға қалған заттары арқылы қасиет иесінің тылсым сыры мен әулиелігін әйгілеу мақсат етілуде. Жалпы, осы уақытқа дейін біздің қоғам Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын ғалым, оқымысты ретінде ғана танып келген еді» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі, ақынның мемориалдық мұражайының басшысы Әсет Пазылов. Көзі тірісінде Құранның небір түрін ұстаған ғұламаның әйгілі көк Құранын, өкінішке қарай, көрмеден көре алмадық. Мәшһүр Жүсіп өмірінде жалғыз ғана суретке түскенін, оған себепші болған досы Әбдіразақ Аллажарұлы болғанын айтуымыз керек. Сол суретте атамыздың шапанынан Құран кітаптың шеті шығып тұрғанын аңғаруға болады. Керекулік фотограф Дмитрий Багаев суретке түсіріп жатқанда ғұлама «Иелерім шошиды» деп, құранды кеудесіне басып қойған. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, ол Құран кітап та Ескелдідегі мұражайда сақтаулы тұр. Айтып өтейік, бұл күндері Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арналған «Бабалар мұрасы» атты тақырыптық көрме жұмыс істеп тұр.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Мәшһүр Жүсіп ұстаған Құран | Қазақстандағы Ислам