Қасым-Жомарт Тоқаев әскери парадты тамашалады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы То Лам әскери парадты тамашалады. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам салтанатты іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысты. Мемлекет басшысы парадта сөйлеген сөзінде Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлемге үлкен сабақ болғанын атап өтті. – Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Парадқа Қазақстан Қарулы күштері құрамында және басқа да құрылымдарда қызмет ететін 4 мыңнан аса адам қатысты. Сондай-ақ 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшағы көрсетілді.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қасым-Жомарт Тоқаев әскери парадты тамашалады | Қазақстандағы Ислам
