Қазақстандағы діни білімнің зайырлы қоғамда қалыптасуы
Қазақстан – зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекет. Ел Конституциясына сәйкес, дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамда дін маңызды рухани және мәдени құндылықтардың бірі болып қала береді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда діни еркіндікке кең мүмкіндік беріліп, түрлі конфессиялар мен діни ұйымдардың қызметіне жағдай жасалды. Алайда бұл үдеріс діни білім беру мен зайырлылық қағидаттары арасындағы өзара тепе-теңдікті сақтау қажеттілігін туындатты. Осы мақалада Қазақстандағы діни білім беру жүйесі мен зайырлы қоғам қалыптастырудағы өзекті мәселелер қарастырылады.
Алдымен зайырлы мемлекет ұғымы — діни қағидаттарға емес, құқықтық нормалар мен азаматтық ұстанымдарға негізделетін басқару формасы. Қазақстанда зайырлылық ұстанымы мемлекеттік саясаттың негізі ретінде Конституцияда бекітілген. Бұл мемлекет пен діннің бөлінуі, барлық дін өкілдеріне тең көзқарас пен дінді таңдау еркіндігін білдіреді. Дегенмен, зайырлы қоғамның діннен бөлек дамуы дінсіздендіру емес, керісінше, діни және дүниетанымдық еркіндікті қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Дінсіздендіру саясаты емес, таңдауға мүмкіндік беру.
Осы ретте, Қазақстанда діни білім екі бағытта жүзеге асырылады: ресми діни оқу орындары (медреселер, университет, ислам институттары) арқылы және бейресми діни ортада (мешіттердегі уағыз, интернет-ресурстар және т.б.). Қазіргі таңда республикада бірнеше медресе мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жұмыс істейді. Аталған оқуорындардың арқасында сауатты діни мамандары күн артып көбеюде.
Дегенмен, діни білім беру саласында келесідей проблемалар бар:
- Маман тапшылығы: кәсіби теолог, исламтанушы, дінтанушы мамандардың жетіспеушілігі;
- Бейресми діни ағымдар ықпалы: интернет немесе шетелдік діни орталықтар арқылы таралатын радикалды идеялар;
- Діни сауаттылықтың төмендігі: жастар мен ата-аналардың дін туралы білімінің үстірт болуы радикалдануға себеп болуы мүмкін.
Зайырлы қоғам діни білімге тыйым салмайды, керісінше, оны жүйелеп, азаматтық сана мен діни сауаттылықтың үйлесімді дамуын көздейді. Бұл үшін:
- Орта білім беру жүйесінде дінтану пәнін жетілдіру;
- Діни білім берудің сапасын арттыру және мемлекеттік бақылауды күшейту;
- Зиялы қауым мен дін өкілдерінің бірлесіп ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізуі қажет.
Мұндай шаралар діни радикализмнің алдын алып, жастар арасында сындарлы діни сана қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазақстан – көпэтносты және көпконфессиялы ел ретінде діни толеранттылық пен зайырлылықты ұштастырып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылады. Осы жолда діни білімнің маңызын жоққа шығармай, оны мемлекет пен қоғам мүддесіне сай бағытта дамыту қажет. Зайырлы қоғам мен діни білім беру жүйесінің өзара үйлесімді дамуы — Қазақстанның қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен рухани өркендеуінің кепілі.
Д.Жунусов
«Талдау және мониторинг» бөлімінің маманы
