Әлеуметтік желілер арқылы радикализациялану. Қарсы күрес шаралары
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілер адамдардың өмірінде үлкен рөл атқарып отыр. Facebook, Instagram, TikTok, YouTube секілді платформалар жастардың негізгі ақпарат алу және қарым-қатынас жасау кеңістігіне айналды. Бұл жағдай қоғамға оң әсерімен қатар, белгілі бір қауіп-қатерлерді де алып келеді. Соның бірі – әлеуметтік желілер арқылы радикалдық идеялардың таралуы. Радикализация – адамның көзқарасының біржақты қатайып, экстремистік немесе зорлық-зомбылыққа бейім идеологияны қабылдау процесі.
Әлеуметтік желілер арқылы радикализациялану жолдары:
- Идеологиялық насихат – экстремистік топтар діни, саяси немесе ұлтшылдық бағыттағы идеяларды тартымды бейнежазбалар, мақалалар, суреттер арқылы таратады;
- Жалған ақпарат пен манипуляция – қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктерді асыра көрсету, конспирологиялық теориялар тарату арқылы жастардың санасына әсер етеді;
- Жастарды тарту әдістері – онлайн-ойындар, чаттар мен жеке хаттар арқылы достық қарым-қатынас орнатып, сенімге кіреді;
- Құндылықтар дағдарысын пайдалану – жеке тұлғаның өмірдегі орнын таба алмауы, жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік сезімі радикал идеяларға бейімділікті арттырады;
Қарсы күрес шаралары:
- Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары:
- Жастарға экстремизм мен терроризмнің зияны туралы түсіндіру;
- Интернетте позитивті, ғылыми негізделген және тартымды контент тарату;
- Деструктивті идеяларға қарсы балама пікір алаңдарын құру;
- Медиа сауаттылықты арттыру:
- Жастарға жалған ақпаратты тану, дереккөздерді салыстыру дағдыларын үйрету;
- Әлеуметтік желідегі ықтимал қауіпті топтар мен материалдарды ажыратуды үйрету.
- Заңнамалық және техникалық шаралар:
- Экстремистік материалдарды уақытылы бұғаттау;
- Радикалды топтардың аккаунттарын жабу;
- Киберқауіпсіздікті күшейту;
- Әлеуметтік қолдау:
- Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру (спорт, өнер, еріктілік қозғалыстар);
- Қиын жағдайдағы жастарға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету;
- Жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздік мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды дамыту;
- Халықаралық ынтымақтастық:
- Терроризмге қарсы күрес саласында тәжірибе алмасу;
- Шетелдік әлеуметтік желілермен бірлесе отырып радикалды контентті шектеу;
Әлеуметтік желілер радикалды идеялардың таралуына қолайлы орта болғанымен, оны тиімді пайдалану арқылы қоғамға зор пайда әкелуге болады. Ең бастысы – жастарға дұрыс ақпарат жеткізу, сыни ойлау қабілетін дамыту және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көңіл бөлу.
Қорыта келе, радикализацияға қарсы күрес – тек мемлекет пен құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қылышбаев Диас
«Шапағат» деструктивтік діни
ағымдардан жапа шеккендерге
көмек орталығы» қоғамдық қорының
теолог маманы
