БҰҰ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі қорытындыларын жоғары бағалады
Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігінде 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің қорытындыларына, сондай-ақ БҰҰ Өркениеттер альянсының 20 жылдығына арналған іс-шара өтті. Жиынға БҰҰ мүше мемлекеттерінің тұрақты өкілдері, БҰҰ Хатшылығының басшылығы, БАҚ өкілдері және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Өркениеттер альянсының 20 жылдық тарихы қазіргі әлемдегі өзара түсіністіктің, сенім мен мәдени құрметтің маңызын айқын көрсететінін атап өтті. Ол Қазақстан осы құндылықтарды толықтай қолдап, діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты ұлттық және халықаралық саясаттың маңызды басымдығы ретінде ілгерілетіп келе жатқанын айтты. Қ.Омаров Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне ерекше назар аударып, оның 2003 жылдан бері әр 3 жыл сайын Астанада өткізіліп, жаһандық деңгейде бірегей диалог алаңына айналғанын атап көрсетті. Ол Съезд қорытындысы бойынша қабылданған «2025 Астана бейбітшілік декларациясының» маңызын атап өтті. Аталған құжат БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде (A/80/425) таратылған. Декларация «Әртүрліліктегі бірлік» қағидаттарына бейілділікті растайды, БҰҰ-ның діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайды және Өркениеттер альянсының бейбітшілік мәдениетін ілгерілетудегі рөлін ерекше атап өтеді. Қазақ дипломаты Съез аясында өткен Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия туралы да айтып өтті. Сессияға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі – БҰҰ-ның исламофобияға қарсы күрес жөніндегі Арнаулы өкілі Мигель Анхель Моратинос және ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев тең төрағалық етті. Бұл сессия 2024 жылы Кашкайш қаласында (Португалия) өткен жаһандық конференцияда басталған талқылаулардың жалғасы болды және діни нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты тетіктерді әзірлеуді мақсат етті.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: БҰҰ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі қорытындыларын жоғары бағалады | Қазақстандағы Ислам
